Киберқылмыспен күрес, онлайн-алаяқтық санын азайту, сонымен қоса интернеттегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін елімізде «Киберқалқан» бағдарламасы қолға алынғаны белгілі. Осы жүйе негізінде атқарылған іс-шаралар өз нәтижесін беруде. Десек те, алаяқтар әлі де айылын жияр емес. Кибершабуыл тоқтаусыз жүріп жатыр.
Осыған орай Іле ауданы Өтеген батыр ауылында киберқауіпсіздіктің алдын алу үшін «Заң мен тәртіп» тақырыбында облыстық семинар өтті. Жиынға Алматы облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел өкілі Меруерт Еркінқызы мен облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аса жедел өкілі Керім Әлібек, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен белсенді азаматтар қатысты. Маңызды шараны облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ерболат Тұрымбетов ашып, жүргізіп отырды.
Меруерт Еркінқызының сөзінше, алаяқтар саны артуының бірнеше себебі бар. Соның бірі ретінде сарапшы азаматтардың жеке деректері қолды болуынан киберқылмыс артқанын атап өтті. «Биыл наурыз айының бас кезінде танымал сервистің екі миллион пайдаланушысының жеке деректері желіге тарап кетті. Интернеттегі алаяқтар сол арқылы қылмыс жасауды үдетті. Бұл тек бір ғана мысал», – деді ол.
Азаматтардың жеке деректерінің тарап кетуі тек Қазақстанда ғана емес, әлемде үлкен проблемаға айналып отыр. Маманның пікірінше, біздің киберқауіпсіздік саласында екі үлкен мәселе бар. «Олар – кадр жетіспеушілігі және кибергигиена шараларының сақталмауы. Қазіргі таңда осы олқылықтың орнын толтыру үшін Үкімет бірқатар шараны қолға алды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы шеңберінде жоғары санатты IT-маманын даярлауды тапсырды. Осы мақсатта өткен жылы елімізде алты IT-мектеп ашылды. Ал биыл облыстар пен кейбір қалаларда бес мектеп ашу жоспарланған. Сонымен қоса қазір ақпараттық қауіпсіздік кафедрасына жыл сайын гранттар саны да көбейіп жатыр. Білікті мамандар санының артуы киберқауіпсіздік саласының дамуына сөзсіз ықпал етеді», – деді Меруерт Еркінқызы.
Жиында облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аса жедел өкілі Керім Әлібек кибергигиена мәдениетін дамыту мектептен басталуы керек екенін атап өтті. «Мектепте кибергигиена туралы сынып сағатын ұйымдастыруға болады. Екіншіден, киберқауіпсіздіктің негіздері мен киберқауіпсіздік туралы бастауыш сыныптарға арналған курстарды дайындау қажет», – деді сарапшы.
Мамандардың пікірінше, интернеттегі алаяқтықтың алдын алу үшін халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру керек. Пандемия тұсында барлық сала онлайнға көшкендіктен, елдегі интернеттің сапасы да, қолданушылар саны да өскен. Мәселен, 2023-2024 жылы бұл көрсеткіш 81 пайыз болса, биыл 92 пайызға жеткен. Бұл онлайн- алаяқтықтың көбеюіне әкеліп соғуда. Сондықтан мамандар бағдарламалар мен операциялық жүйелерді жаңартып отыруға, банк картасының деректерін, шот нөмірін және қауіпсіздік кодын бөгде адамдарға айтпауға, заңды болып көрінетін, бірақ зиянды болуы мүмкін банк сайттарындағы күмәнді сілтемеге өтпеуге және ол жерге өзінің жеке деректерін енгізбеуге кеңес береді.
«Банк картасының пин-кодын, телефон нөміріне келетін СМС-кодты ешкімге айтпау керек. Егер сізге банктен немесе полициядан деп хабарласып, жеке деректеріңіз бен банктегі шотыңызды сұраса, тұтқаны қоя салу керек. Сіздің банк картаңызға таныс емес кісіден қаражат аударылған болса, ақшаны кері қайтармаңыз. Ол үшін банкке барып, ақшаны кері аудару туралы мәлімдеме жазыңыз. Өйткені осы тәсіл арқылы қылмыскерлер ақшаның ізін жасыратынын есте ұстаған жөн. Жалпы азаматтар біз көрсеткен алдын алу шараларын үнемі есте ұстаса, интернеттегі алаяқтық құрбандары азаяр еді, – деді Керім Әлібек.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы




