Қазақ елінің тәуелсіздігіне жол ашқан Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданғанына биыл – 35 жыл. Ал бұл елеулі күннің ұлттық мереке мәртебесін алып, қайта тойлана бастағанына үш жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Ұлы Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық баса» отырып, ешқандай дүрбелеңсіз тәуелсіздікке қол жеткіздік», – деген еді.
Декларация ережелері республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелерге байланысты бірқатар шешімдерді дербес қабылдауына құзырет берді. «Декларацияда мемлекеттік биліктің үш тармаққа, яғни, заң, сот және орындаушы болып бөлінетіні жария етілді. Сонымен бірге, Қазақ КСР аумағында Ата Заң мен ел заңдарының үстемдік құратыны, ел аумағындағы ұлттық байлық республиканың дербес меншігі, халықаралық қатынастарда Қазақ КСР-і жеке субъект болатыны және ішкі саясатты өз мүддесіне сай анықтайтыны, егемендіктің басты белгілері – мемлекеттің Елтаңбасы, Туы және Әнұраны болатыны мәлімделді. Арада бір жылдан аса уақыт өткен соң Егемендік туралы декларацияны негізге ала отыра, 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданды. Сөйтіп, Егемендік декларациясы ел Тәуелсіздігіне негіз қалаған және жол ашқан тарихи маңызды құжат болып саналады», – дейді ҚР ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев.
Тәуелсіздік декларациясының қабылдануы елімізде ішкі әскер мен мемлекеттік қауіпсіздік органдарын құруға негіз қалады. Осылайша, 1992 жылғы 7 мамырда Президенттің Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылды. Содан бері қарулы күштеріміз Отан тыныштығын күзетумен қатар сан мәрте БҰҰ-ның Бітімгершілік миссиясына қатысты. Осы жылдары қазақ жауынгерлерінің халықаралық деңгейдегі шиеленістерді, дау-жанжалдарды, қарулы қақтығыстарды шешуде, жауласушы тараптарды мәмілеге шақырып, араағайындық міндеттерді атқаруы әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды.
Тәуелсіздік декларациясы негізінде 1993 жылы егеменді Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданды. Ол заң үстемдігін, билікті бөлу қағидатын және бастысы адамның құқығы мен бостандығын ең жоғары құндылық ретінде бекітіп берді. 1995 жылғы 30 тамызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция еліміздің тұрақтылығы мен заманауи келбетін айқындады. 1995 жылғы Конституция мемлекеттік басқару жүйесі, меншік, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктеріне қатысты міндеттерді жаңаша тұрғыда шешті. Жоғары өкілді орган – екі палаталы Парламенттің құрылуына құқықтық негіз жасады. Сол жылы Конституцияның қабылдануымен жаңа жүйе арқылы Парламенттік сайлау өтті. Осылай азат елдің заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғарғы өкілді органы жасақталды.
Республикамыз Тәуелсіздік алғаннан кейін Мемлекет басшылығы алдында, сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын толыққанды дипломатиялық қызмет құрудың күрделі міндеті тұрды. 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның 168-ші мүшесі болып қабылданды. Республикамыз үшін бұл тарихи күн саналады. Әлем мемлекеттері қазақ елін ресми түрде таныды. Қазіргі таңда Қазақстан жетекші халықаралық ұйымдардың мүшесі. Тәуелсіздік алған жылдары әлемнің 180 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты, беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық етті. Астанамыз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Дүниежүзілік көшпенділер ойыны сынды халықаралық сипатқа ие ауқымды шаралар өтетін ордалы орталыққа айналды. Сонымен қатар әлемдегі мықты мемлекеттер АҚШ, көршілес Қытай, Ресей, Еуроодақ елдерімен сауда-экономикалық тұрғыда тиімді қарым-қатынас орнатты. Тәуелсіздік алған 35 жылға жуық уақытта Қазақстан 460 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартты. Инвестиция көлемі бойынша көшбасшылардың қатарында Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Қытай және Ресей сияқты елдер бар. Ал өткен жылы еліміздің жалпы ішкі өнім көлемі 265 миллиард долларға жетті. Қазіргі жоспар бойынша 2029 жылға дейін кемінде 150 млрд АҚШ доллары тікелей шетелдік инвестиция тарту көзделген. Халықаралық валюта қоры 2025-2026 жылдарға арналған болжамында «Қазақстан экономикасы жақсы өсім көрсетеді» деп белгіледі.
Тәуелсіздік декларациясы елдегі ұлттық бірегейлікті сақтауға да тиімді негіз қалады. Декларацияның нәтижесінде Қазақстан халықаралық аренада өз орнын табу мүмкіндігіне ие болды. Құнды құжат еліміздің болашақ дамуының негізі болып, ұлттық бірегейлікті және тәуелсіздікті қамтамасыз ету мен нығайтуға зор мүмкіндік берді.
Ерзат АСЫЛ




