Қонаев қаласында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытай Халық Республикасы Іле-Қазақ автономиялық округінен келген делегацияны қабылдады. Делегация құрамында Іле-Қазақ автономиялық округінің партком хатшысы Сюли Ян, Іле-Қазақ автономиялық округі партия комитеті хатшысының орынбасары, Қорғас экономикалық даму ауданы басқармасы комитетінің басшысы, Қорғас қалалық комитетінің хатшысы Цзяньминь Хао, Іле-Қазақ автономиялық округі парткомының бас хатшысы Хуэй Сунь, Қорғас экономикалық даму басқармасы бастығының орынбасары, қалалық партия комитетінің тұрақты мүшесі, Қорғас қаласы әкімінің орынбасары Чжиянь Лю, Қорғас экономикалық даму порт басқармасы партия тобының хатшысы, Қорғас қаласының сыртқы істер басқармасының бастығы Назен Жамалбек, Қорғас коммерция басқармасының партиялық тобының мүшесі Хапин Ван бар.
Кездесуде сөз алған Марат Елеусізұлы екі аймақтың ынтымақтастығына тоқталып, қонақтарға облыс туралы кең көлемде мағлұмат беріп, өңірдегі бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жобалар төңірегінде сөз қозғады. Сонымен бірге Кеген ауданындағы Қарқара шекаралық өткелі талапқа сай жабдықталса, осы арқылы Қырғызстанға қатынауға да мүмкіндік бар екенін айта келе, Қытай жағының талаптарына сай келетін теміржолды Алматыға дейін тарту жоспарда бар екенін жеткізді.
Басқосу барысында шекаралық өңірлердің сауда-экономикалық ынтымақтастығы, сауданы кедендік ресімдеу, тауар импорты мен экспорты, трансшекаралық туризм, ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы мәселелер талқыланды.
Меймандар да облыс басшылығына жылы қарсы алғаны үшін алғысын білдіріп, бірқатар ұсыныстарын айтты, өз өңірлері туралы ақпарат берді. Қонақтардың айтуынша, Іле-Қазақ автономиялық округі – Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы автономиялық аймақ. Округ Моңғол Алтайында және Тянь-Шанның шығыс сілемдерінде орналасқан. Жер қойнауында алтын, күміс, темір, мыс, көмір, уран және басқа пайдалы қазбалар бар. Мұнайдың едәуір қоры ашылған. Климаты континентальды. Іле-Қазақ автономиялық округі Тянь-Шань тауларын екі бөлікке бөледі. Тянь-Шанның солтүстігінде, Жоңғарияда Алтай және Чугучак округтері, автономиялық округ Үкіметіне тікелей есеп беретін Куйтун қалалық округі орналасқан. Тянь-Шанның оңтүстігінде Іле өзен бассейнінде автономиялық округтің қалған бөлігі орналасқан. Іле-Қазақ автономиялық округінің құрамында басқа округтердің болуына байланысты ол субпровинциалдық маңызы бар автономиялық округ саналады. Екі округтен басқа оның құрамына 3 қалалық округ, 7 округ және 1 автономиялық округ кіреді.
Кездесу соңында Алматы облысы мен Іле-Қазақ автономиялық округі арасындағы ынтымақтастық туралы және өткізу пункттері арасындағы ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойылды.
Айжарық Көптілеуов