Облыстық білім басқармасы мен облыстық әдістемелік орталықтың ұйымдастыруымен Кеген ауданы Бөлексаз ауылдық Мәдениет үйінде «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша «Ұлттық құндылықтың қайнар көзі – ұрпақтар сабақтастығында» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.
Аталған жиынға Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, Қырғыз елінен келген ағарту саласының өкілдері – Қиялбек Ақматов, Жеңішбек Әбдіназаров, Нұрбек Жоошбаев, Астана қаласы әдістемелік орталық қызметкері Нұржамал Кәрімбердіқызы, облыстық әдістемелік орталық директорының орынбасары Гүлина Оразәліқызы, «Өлке тынысы» ЖШС директоры, ақын Кәдірбек Құныпияұлы, Кеген аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратжан Қожанұлы, тағы басқа білікті ұстаздар белсене қатысты. Олар күн тәртібіндегі мәселені талқылаумен бірге, пайымды пікірлерін ортаға салды.
Семинардың басты кейіпкері – жерлесіміз, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нұрша Оразақынова. Ғалым-ұстаз «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының авторы ретінде отандық педагогика ғылымын дамытуға үлкен үлес қосты. Ол өз еңбегіне Алаш зиялыларының ағартушылық идеяларын негіз етті. Бұл әдістеме бүгінгі таңда Қырғызстан мен Моңғолия мектептерінде де қолданылады. Алматы облысы аталған технологияны алғашқылардың бірі болып пайдаланды. 2004 жылдан бастауыш және қазақ тілі мұғалімдерімен бірлескен жұмыстар қолға алынды. Екі мыңнан астам ұстаз арнайы курстардан өтіп, сертификат иеленді.
– Менің пайымдауымша, осы бір шағын ауыл – Бөлексазда да талантты балалар аз емес. Соларға бағыт-бағдар беру – басты міндетіміз. Семинардың осында ұйымдастырылуы сондықтан. Бұл – шәкірттердің білімін, танымын ұштау мақсатында жасалып жатқан шара, – деді ұлағатты ұстаз, ғалым, әдіскер Нұрша Алжанбайқызы.
Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев ғалым еңбегінің ерекшеліктеріне тоқтала келіп:
– Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: «Ұлттық бірегейлікті сақтау – елдігіміздің өзегі», – деп атап көрсеткен болатын. Сол себепті, біз дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра отырып, жас буынды елжандылыққа, еңбексүйгіштікке, жауапкершілікке тәрбиелеуіміз қажет. Нұрша Алжанбайқызының бастамасымен туған жерінде ұйымдастырып отырған шараның берері мол, ықпалы зор, – деген аудан басшысы ғалымға ел атынан Алғыс хат табыстап, иығына камзол жапты.
Облыстық әдістемелік орталық директорының орынбасары Гүлина Оразәліқызы әкім лебізін әрі қарай сабақтады.
– Нұрша Алжанбайқызының «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы Қырғызстан, Моңғолия жерінде де кеңінен қолдау тапты. Оның халықаралық аяда табысқа жетуі – бәріміз үшін мақтаныш. Қоғам алдындағы қызметіңіз – әріптестеріңіз бен шәкірттеріңізге үлгі, – деді ол.
– Нұрша апайды қырғыз жұрты да құрметтейді. «Сатылай оқыту» технологиясы қырғыз тілі мен әдебиетін оқытуға тың әсер беріп отыр. Алдағы уақытта бұл әдісті Қырғызстанның барлық мектептеріне енгізсек деген жоспарымыз бар, – деді педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қиялбек Ақматов. Қырғызстандық ғалымдар келесі жылы мамыр айында Бішкекте сатылай оқыту технологиясы бойынша халықаралық олимпиада өткізетінін хабарлап, сүйіншіледі.
– Біз де осы бастаманың баянды болуына тілектес болып келе жатқан азаматтармыз. Бөлексазда арнайы кабинет ашқалы жатыр дегенді естіп қуандық. Қиялбек байкеміз бастап келіп отырған қырғыз бауырларымызға дән ризамыз, – дей келе, «Өлке тынысы» ЖШС директоры Кәдірбек Құныпияұлы ұстаздар қауымын баспасөзге жазылуға шақырды.
Аталған шара аясында Бөлексаз орта мектебінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нұрша Оразақынова атындағы кабинет ашылды. Ғылыми-тәжірибелік семинардың екінші кезеңі аталған кабинетте жалғасты. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының республика бойынша үйлестірушісі Айжамал Қожайханқызы семинарды ашып, жүргізіп отырды.
Астана қаласынан келген әдістемелік орталық қызметкері Нұржамал Кәрімбердіқызы «Профессор сабағы – сапалы білімнің көрсеткіші» тақырыбында сөз қозғаса, Алматы қаласы №174 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Зейнепхан Тұрсынбекқызы орыс тілді балалармен жұмыс, қала балаларының қазақшаға тілін жаттықтыру бойынша ойларымен бөлісті. Облыстық әдістемелік орталықтың бөлім басшысы Аян Сарсенбаева халықтың ең негізгі қасиеттерін балалар бойына қалай дарытудың жолдарына тоқталды. Астана қаласындағы Б.Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясының директоры Жәудір Бақтиярқызы, Жамбыл облысы Шайқорық орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Алма Қалдарбекқызы «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының тиімділігін талдады. Сондай-ақ мұғалімдердің шеберлік сағаттары және «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты аймақтық ауызша командалық олимпиада өтті. Нұрша Алжанбайқызының ұйымдастыруымен өткен олимпиада оқушылар мен мұғалімдердің кәсіби кемелденуіне серпін берді.
Халықаралық семинарда іс-тәжірибесімен бөліскен ұстаздар облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталды. Ұлттық құндылықтарға ден қойып, шығармашылық идеялармен тәжірибе алмасуға белсене араласқаны үшін барлық қатысушыға облыстық әдістемелік орталық сертификаты табысталды. Ең бастысы, халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар мұғалімдердің танымдарын кеңейтті.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы



