Перейти к содержимому
Главная страница » Айтулы айқас алдында

Айтулы айқас алдында

      Қазан айының соңында қазақстандық бокс жанкүйерлері үшін жағымды жаңалық жарияланды. Орта салмақтағы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы, кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 KO) көптен күткен айтулы жекпе-жегі ресми белгіленді. Енді «Қазақ стилі» желтоқсан айының басында осы салмақтағы WBA белбеуінің иегері, кубалық боксшы Эрисланди Ларамен қолғап түйістіреді.

Аталған кездесуді Алаш жұрты асыға күткені анық. Өйткені Жәнібек 2022 жылы 27 тамызда WBO белбеуіне, 2023 жылы 14 қазанда IBF титулына қол жеткізгеннен бері атағы аспандаған боксшылармен кездесе алмай жүрген. Содан бері 4 мәрте белбеу қорғау жекпе-жегін өткізді. Бір мәрте ғана титул біріктіретін кездесуге қатысты. 2023 жылы 14 қазанда IBF чемпионы, германиялық Винченцо Гуальтьериді 6 раундта жеңіп, қос белбеу иегері атанды. Қазірге дейін WBO белдігін бес мәрте, IBF белбеуін екі мәрте қорғады. Бірақ қарсыластары кейбір спорт сарапшылары айтып жүрген кім көрінген қалпақпен ұрып алатын қуыршақ боксшылар болды дей алмаймыз. Жәнібекпен чемпиондық жекпе-жек өткізген 5 боксшының үшеуі оған дейін бірде-бір мәрте жеңіліп көрмеген. Мысалы, Гуальтьери Әлімханұлымен кездескенге дейін 21 рет жеңіске жетіп, бір рет тең түскен. Ал жаңазеландиялық Андрей Михайловичтің рекорды 21-0-0 болған. 2025 жылы 5 сәуірде Астанада кездескен франциялық Анауэль Нгамиссенге 14 жекпе-жек бойы жеңілістің кермек дәмін татпаған. Сондай-ақ ұлыбританиялық Дензел Бентли Жәнібекке дейін 17 рет жеңіске жетіп, 1 кездесуде ғана жеңілген. Ал канадалық Стивен Батлер 32 жекпе-жекте жеңіске жеткен боксшы болатын (3 мәрте жеңілген). Яғни, Әлімханұлын «қапшықтарды» сабайтын чемпион деп ешкім сынай алмайды. Бірақ үлкен атақ пен мол қаржыға қол жеткізгісі келген боксшыға бұл жеткіліксіз болуы мүмкін. Ол үшін атағы алысқа кеткен даңқты чемпиондармен қолғап түйістіру қажет. Әлімханұлы әр кездесуінен кейін орта салмақтағы чемпиондар Карлос Адамес (WBC) пен Эрисланди Лараны (WBA) жекпе-жекке шақырып жүрді. Тіпті жоғары дивизионда жүрген мексикалық супержұлдыз Сауль Алвареске де айбар шегіп қоятын. Бірақ бұл шақыртуларға ешкім мойын бұрып қарай қоймады. Әсіресе Карлос Адамеспен кездесудің ауылы жақын сияқты көрінген. Доминикандық чемпионның өзі де әлеуметтік желіде Әлімханұлына айбат шегіп, тұрысатын жеріңді айт деп сес көрсетіп жүрді. Бірақ қос боксшы «келісімшарт алдыңда тұр, сен қол қоймай отырсың» деп бір-бірін айыптаумен болды. Кімдікі рас, кім өтірік айтып отыр, жанкүйер қауым білмей-ақ кетті. Ал Ларамен кездесу қиындау көрінетін. Бокс сарапшылары ардагер-боксшы мансабының соңына қарай аса шулы жекпе-жек өткізіп, мол қаржы тапқысы келеді деп болжаған. Бірақ аяқ астынан Жәнібекпен жолығуға келісім беріп отыр.
Орта салмақтағы 3 титулдың басын қосатын айтулы бәсеке 6 желтоқсан күні Техас штатының Сан-Антонио қаласындағы «Frost Bank Center» атты аренада өтеді. Кездесуде Жәнібектің WBO, IBF титулы мен Лараның WBA белбеуі сарапқа салынады. Бұл кештің басты жекпе-жегінде Ламонт Роуч пен Исаак «Питбуль» Крус кездеседі. Әлімханұлы мен Лара кездесуі кештің екінші маңызды жекпе-жегі болмақ. Бокс статистикасын жүргізетін әлемдегі ең танымал портал BoxRec мамандары алда болатын бәсекені 5 жұлдызға бағалап отыр. Яғни, бұл Жәнібектің мансабындағы ең ірі кездесу саналады.
42 жастағы кубалық ардагер-боксшы былтыр қыркүйектен бері шаршы алаңға шыққан жоқ. Бір жыл бұрын ол екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы чемпион, америкалық Дэнни Гарсияны техникалық нокаутпен жеңген болатын. Соңғы жылдары сирек кездесу өткізгеніне қарамастан, Куба қабыла­ны алдағы жекпе-жекте Жәнібекті жеңемін деп желпінуде.
Жәнібек Әлімханұлы бұған дейінгі жекпе-жегін биыл 5 сәуірде Астанадағы «Барыс аренада» өткізіп, франциялық Анауэль Нгамиссенгені 5-раундта нокаутқа түсіргенін айттық. «Қазақ стилі» осы жеңісінен кейін BoxRec рейтингінде бірінші орынға шығып, ресми түрде өз дивизионының «королі» атанған. Енді үшінші белбеуді жеңіп алатын мүмкіндік туып тұр. Орта салмақта абсолютті әлем чемпионы болуды мақсат тұтатын Жәнібек арманына жақындап келеді деп сенеміз. Қос белбеудің иесі қос иығына артылған ел үмітін ақтауға бар күшін салары анық.

Ерзат АСЫЛ