Перейти к содержимому
Главная страница » Арманы асқақ АЛУА

Арманы асқақ АЛУА

    Қазақстандық дзюдошы Алуа Балтабай Бахрейнде өткен III жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, күміс медаль жеңіп алды. Жалпы есепте үшінші орынға ие болған ел құрамасының қоржынына өз үлесін қосты.

«Біздің үйімізде спорт, жарыс, жеңіс туралы көп сөз болады. Осы үш тақырыпта жиі сөйлесеміз, талқылаймыз. Үш ағам да, соңымнан ерген бауырым да – спортшылар. Спортқа бармаған жалғыз әпкем ғана. Тіпті, анам Лаура Оразбаева да тұрмысқа шыққанша еркін күреспен айналысып, түрлі жарыстардың жүлдегері атанған. Сондықтан спорт – біздің өміріміздің бір бөлшегі. Үлкен ағам Ақжол бірімізді жарыстан күтіп алса, енді бірімізді жарысқа шығарып салып, біздің спортпен айналысуымызға бар жағдайды жасап отыр. Сондықтан ағамның, анамның сенімін ақтау үшін біз де барымызды саламыз», – дейді Алуа Балтабай.
Алуа дзюдоға тоғыз жасынан қатысады. Бастапқыда қыз баланың бұл спорт түріне баруына қарсы болғанымен, «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деп, ағаларына ертіп, Еңбекшіқазақ аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне жібереді. Осында алты жылдан бері жаттығып келе жатқан Алуа талай аудандық, облыстық, республикалық турнирлердің жеңімпазы болып үлгерген. 2021 жылдан бері жас спортшыны дзюдо бапкері Мағжан Серік жаттықтырып келеді.
«Алуаның жеңіс жолы былтырдан басталды деуге болады. 2024 жылы Өскеменде дзюдодан өткен кіші жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 3-орын, сол жылы араға бір ай салып, Қарағандыдағы «Огни Магнитки» халықаралық турнирінде 1-орын иеленді. 2008-2009 жылғы, яғни өзінен бір-екі жас үлкендер арасында өткен бұл жарысқа Алуа қосымша анықтамамен қатысқан еді. Тура осылай Ташкентте өткен Азия кубогында да бесінші орынға табан тірегенімен, ұлттық құрама Алуаның бойындағы ерік-жігерін байқап, оқу-жаттығу жиындарына жиі шақырды. Кейін дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері Мейірлан Қайратұлы хабарласып, Бахрейнде өтетін III жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарына Алуаны қосқандарын айтқанда қатты қуанып, бұл жарысқа тыңғылықты дайындықты бастадық», – дейді Мағжан Серік.
«Сол сәттен бастап дайындыққа көп көңіл бөлдім. Телефонымдағы әлеуметтік желілердің барлығын өшірдім. Бар ойым, әрекетім – Азия ойындарында лайықты өнер көрсету болды. Иран спортшысын жеңіп, екінші орын иеленгенде бойымды ерекше сезім биледі», – деген Алуа спорт тәртіп пен бауырмалдықты үйреткенін айтады. Сондай-ақ спорт ерік-жігер мен қайсар мінезді, Отанға деген сүйіспеншілік рухты қалыптастыратын ерекше «құрал» сынды.
Алуа білім алып жатқан Райымбек батыр атындағы орта мектеп ұжымы жүлдемен оралған оқушысын ерекше күтіп алды. Мұғалімдер мен сыныптастары Алуаға ақ тілектерін арнап, естелік суретке түсті.
«Арманым – Олимпиада шыңын бағындыру», – деген Алуа Балтабай қараша айының аяғында Ақтау қаласында өтетін Қазақстан біріншілігіне дайындықты бастап кетті.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы