Перейти к содержимому
Главная страница » Ала доп академиясы

Ала доп академиясы

     Күні кеше футбол­дан Чемпиондар лигасы аясында «Қайрат» ойыншылары тұңғыш рет 80 мың жанкүйердің алдында «Интерге» қарсы күш сынасты. Алматылық команданың Еуропаның жасыл алаңындағы жарқын ойынын кәсіби футбол сарапшылары жоғары бағалады. Бұл нақты мысал ел футболының еңсе тіктеп келе жатқанын айғақ­тайды. Шындығы сол, кез келген футбол командасы қатарларын жас талант­ты ойыншылармен толық­тырғысы келеді. Себебі жастар – коман­даның болашағы. Ол үшін футбол акаде­мияларының алар орны айрықша. Облысымызда отан­дық ала доп шеберлерін баулитын әлемдік деңгейдегі футбол академиясы салынып жатыр.

2024 жылдың қыркүйек айында «Sport Asset Management» қоғамдық бірлестігі мен «Doscar Group» ЖШС испаниялық атақты футбол клубы «Атлетико де Мадридпен» бірлескен қызмет туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім аясында Орталық Азияда алғашқы «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясы құрылады. Ал биыл 23 маусымда Талғар қаласында FIFA стандартына сай «KFF Academy by Almaty International Airport» футбол академиясының іргетасы қаланды. Жалпы ауданы 5 520 шаршы метрді құрайтын футбол академиясы үш негізгі блоктан тұрады. Ондағы спорттық блокта жабық футбол алаңы, дене шынықтыру залы, бассейн, киім ауыстыру және қызметтік бөлмелері бар. Ал әкімшілік-тұрмыстық блокта жаттықтырушылар кабинеттері, медициналық және оңалту бөлімдері, конференц-зал, асхана және техникалық аймақ орналасқан. Сонымен қоса аталған академияның жатақханасында оқушылар мен қызметкерлерге арналған бөлмелер, демалыс және жеке дайындық орталықтары болады.
Қолда бар ақпаратқа үңілсек, академияда тұру, білім алу, футболға бейімделу үшін толық жағдай жасалмақ. Бұл – спортшылардың жан-жақты дамуына бағытталған, кешенді тәсілмен жасалған инфрақұрылым саналады. «Атлетико де Мадрид» футбол академиясы тек спорттық база ғана емес, әлемдік деңгейдегі футболшыларды даярлайтын орталыққа айналып, қазақстандық футболдың дамуына жаңа серпін бермек. Бүгінде облыс әкімдігі бұл жобаға жан-жақты қолдау көрсетіп, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, құрылыс барысын үйлестіру және қажетті рұқсат құжаттарын жеделдетуге күш салып келеді. Академия құрылысы келер жылы аяқталады.

Ерзат АСЫЛ