Қазақ ғылымының қалыптасу тарихында Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың орны таудай асқақ, сайын даладай кең. XX ғасырдың ұлы тұлғасы ретінде ол тек геология ғылымының негізін қалап қана қоймай, тұтас бір халықтың рухани-мәдени серпілісіне жол ашқан ғұламаға айналды. Оның жүрегіндегі ғылымға деген махаббат пен жауапкершілік – халыққа қызмет етудің шынайы үлгісі болды.
Қаныш Имантайұлы — армандап қана қоймай, сол арманын жүзеге асыру үшін тер төккен қайраткер. Оның басты арманы қазақ елінің өз ғылым академиясына ие болуы еді. Бұл – ғылымды тек кәсіби ортада ғана емес, ұлт болмысының тірегі ретінде қарастырған қайсар ғалымның ұлы мұраты болатын.
1946 жылдың 1 маусымында Қазақстан ғылымының жаңа дәуірі басталды: Қазақ КСР Ғылым академиясы ресми түрде құрылып, оның тұңғыш президенті болып Қаныш Имантайұлы сайланды. Бұл — ел үшін тарихи сәт, ал Қаныш Имантайұлы үшін өз өмірінің ең маңызды белесі еді. Бұған дейін, 1941 жылдан бастап, ол КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалын басқарған болатын. Сол жылдың қарашасында Қаныш Имантайұлы академик атағын алып, бұл мәртебеге кеңестік Шығыс республикаларынан алғаш жеткен қазақ ғалымы атанды.
Қаныш Имантайұлы академияны ғылымның сан тарауын тоғыстыратын тірек деп білді. «Академия – барлық ғылымдардың тоғысатын орталығы, тұтас ғылымның жүйелі құрылымы» деп пайымдаған ол, бұл мекемені бір ғана геология емес, биология, археология, медицина, экология сынды барлық бағыттарды біріктіретін іргелі ғылым ордасына айналдыруға тырысты. Оның бастамасымен Алматыда сәулеті келісті, мазмұны терең, ұлттық ғылымның алтын ордасы – Ғылым академиясының ғимараты бой көтерді. Бұл құрылыс — тек ғимарат емес, қазақ ғылымының іргетасы, ертеңге жол салған рухани символ еді.
Қаныш Сәтпаевтың есімі аталғанда, жұрт ең алдымен оның геологиядағы жетістіктерін, Қазақ КСР Ғылым академиясын құрудағы рөлін және Жезқазған мыс кен орындарын ашқанын еске алады. Алайда оның еңбегі тек геологиямен шектелмейді. Ол Қазақстанда биология, экология, зоология және табиғатты қорғау салаларының да дамуына айрықша үлес қосты. Қаныш Имантайұлының қолдауы мен көрегендігінің арқасында елімізде Зоология институты мен Табиғат музейі сияқты табиғат байлығын зерттеп, халыққа танытатын іргелі мекемелер құрылды.
Соғыстың қыспағындағы 1943 жылы, ел тағдыры сынға түскен шақта, Қаныш Имантайұлының бастамасымен КСРО ғылым академиясының Қазақ бөлімшесіне қарасты зоологиялық секторы негізінде Алматыда Зоология институты құрылды. Бұл — Қазақстандағы биологиялық әртүрлілікті кешенді түрде зерттеуге бағытталған алғашқы ғылыми мекемелердің бірі еді. Қазақ даласының, тау мен шөлінің, өзен-көлінің жануарлар әлемін зерттеу арқылы ол ел табиғатын ғылыми тұрғыда тану ісіне жаңа тыныс берді.
Бірақ Қаныш Имантайұлы мұнымен тоқтап қалмады. Ол ғылым халықтан алыс болмауы тиіс деп санады. Ғылыми ізденістердің нәтижесі елге түсінікті, көрнекі түрде ұсынылуы керек деген ұстаныммен 1961 жылы Алматыда Табиғат музейінің ашылуына үлкен үлес қосты. Бұл музей Зоология институтының негізінде құрылып, Қаныш Имантайұлының тікелей қолдауымен дамыды.
Музей экспозициясы — нағыз табиғат шежіресі. Мұнда Қазақстанның әр өңіріне тән жануарлар тұлыптары, құстар, балықтар мен ежелгі сүтқоректілердің қаңқалары, диорамалар арқылы даланың, таудың, шөлдің табиғи келбеті көз алдыңа келеді. Бұл құнды материалдардың басым бөлігі арнайы ұйымдастырылған ғылыми экспедициялар кезінде жиналған.
Қаныш Имантайұлы үшін бұл музей – ғылым мен қоғам арасындағы көпір болатын. Ол: «Ғылымға қызығушылық бала кезден басталуы керек», – деп жиі айтатын және музейдің оқушылар мен жастарға арналған ағартушылық мүмкіндіктеріне ерекше мән беретін. Бүгінде мыңдаған оқушы Табиғат музейінің көрмелерін аралап, туған жер табиғатының байлығы мен нәзіктігін тереңінен тануда.
Қаныш Имантайұлының ғылымға қосқан үлесі – бір ғана саланың емес, бүтін бір ұлттың өркендеуіне бағытталған жанқиярлық қызметтің көрінісі. Ол ғылымды қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруға күш салды. Оның бастамасымен құрылған Зоология институты мен Табиғат музейі — осы көзқарастың нақты жемістері.
Бүгінде бұл мекемелер – ғылыми зерттеу мен экологиялық ағартудың іргелі орталықтарына айналған. Олар тек өткеннің куәсі емес, болашақтың темірқазығы. Сәтбаевтың ғылымға, табиғатқа және ұлт болашағына деген шексіз жауапкершілігі осы мекемелердің әр тасында, әр экспонатында жаңғырып тұр.
Қаныш Имантайұлы — ғылымды өмірдің мәніне айналдырған, ұлт болашағы үшін ғылым мен табиғатты сабақтастырған кемеңгер тұлға. Оның мұрасы — бүгінгі ғылымның негізі ғана емес, ертеңгі ұрпаққа жол көрсететін шамшырақ.
Гүлжан Назымбетова,
Академик Қ.И. Сәтбаев мемориалдық музейінің директоры, PhD доктор




