Қазақ руханиятының көрнекті тұлғасы, айтыс өнерінің алтын діңгегі Сүйінбай Аронұлының 210 жылдығына орай ақынның шығармашылық мұрасын қамтыған он томдық жинақ жарық көрді. Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында осы еңбектің тұсаукесері өтті. Бұл игі шара ұлт әдебиетінің тарихына алтын әріппен жазылатын рухани мереке болды.
Әдебиет әлеміндегі елеулі оқиғаның шымылдығын филология ғылымдарының докторы Қансейіт Әбдезұлы ашып, Сүйінбайдың сөзі мен өнегесінің мәңгілігін айшықтай отырып кешті жүргізді. Алғашқы сөзді алған рухани қуаныштың себепкері – университет ректоры, профессор Жансейіт Түймебаев аталған кітаптың ел руханиятындағы ерекше орнына тоқталды.
– Бүгін университет қабырғасында үлкен тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Сүйінбай Аронұлының 210 жылдығына арналған 10 томдық жинақтың тұсаукесері тек университет көлеміндегі емес, бүкіл елдік, ұлттық мәні бар оқиға. Ақынның жырлары мен айтыстары – қазақ рухының алтын өзегі. Сол асыл мұраны ғылыми жүйеге түсіріп, болашаққа жеткізу – үлкен парыз. Бұл еңбектің жарық көруіне көптің ақыл-парасаты мен қажырлы еңбегі жұмсалды. Әсіресе, белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлына, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегмановқа және ғылыми орталық қызметкерлеріне ерекше алғысымды білдіремін, – деді университет басшысы.
Ректордың айтуынша, бұл он томдық – тек ақын мұрасын түгендеу емес, сүйінбайтанудың жаңа белесін бастаған іргелі ғылыми еңбек. Жансейіт Қансейітұлы үлкен істің жүзеге асуына атсалысқан ғалымдар мен шығармашылық иелерін марапаттап, оларға университеттің «Құрмет» медалін табыс етті. Ресми құттықтаудан соң тұсаукесер рәсіміне кезек беріліп, қазақ әдебиетінің абызы Сүйінбай Аронұлының он томдық шығармалар жинағының тұсауы салтанатты түрде кесілді. Сахнаға көтерілген еліміздің танымал тұлғалары Қансейіт Әбдезұлы, Нағашыбек Қапалбекұлы, Қасымхан Бегманов, Бауыржан Жақып, Төлеужан Ғұмаров және өзге де зиялы қауым өкілдері ректормен бірге он томдықтың лентасын қиды.
Ақын мұрасын түгендеп, жинақтаған шығармашылық топтың жетекшісі Нағашыбек Қапалбекұлы Сүйінбайдың өмірі мен өнеріне тоқталып, тереңнен сыр шертті.
– Біздің даламыздың төсінде мыңжылдық тарихтың ізі сайрап жатыр. Сол асыл тарихтың бір үзігі – Майтөбеде тасқа қашалған домбыраның суреті. Зерттеушілер оның үш мың жыл бұрын салынғанын дәлелдеді. Сол Майтөбенің етегінде, күй мен жырдың киесі қонған топырақта 210 жыл бұрын Сүйінбай дүниеге келді. Айтыс өнерінің асқар шыңы, халық жырының асыл діңгегі – Сүйінбайдың сөзі ұлт рухының мәңгілік тынысы болды, – деп толғанды қаламгер.
Ол он томдықтың үш жылдық еңбектің нәтижесінде жинақталғанын, «Қазақ университеті» баспасынан ақын жырларының қазақ, орыс, түрік және қырғыз тілдерінде жарық көруі – Сүйінбай мұрасының шекарадан асып, әлемге танылып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар игі іске ұйытқы болған Жансейіт Түймебаевтың кезінде Түркия жерінде Сүйінбайдың 200 жылдығын кеңінен атап өтудегі ерен еңбегін де ел есіне салды.Түркияның астанасы Анкара қаласында Сүйінбай ақынға ескерткіш орнатылып, ақын атындағы саябақтың ашылуына себепші болғанын, ендігі кезекте ақылдаса келе айтылған ұсынысты жерде қалдырмай нәтиже көрсеткенін мақтана жеткізді.
Кеш барысында Қасымхан Бегманов сөз алып, Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің ыстық ықыласқа толы құттықтау хатын оқып берді.
– Сүйінбай Аронұлының бай мұрасын жүйелеп, он томдық түрінде жарыққа шығару – ұлтымыздың рухани өміріндегі зор жетістік. Бұл еңбекте айтыстың асыл дәстүрі, қазақ сөз өнерінің көркемдік қуаты мен ой биігі көрініс тапқан. Осы арқылы сіздер халқымыздың алтын арқауын қайта жалғадыңыздар, – делінген хатта.
Тұсаукесерге қатысқан Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы, ақын Төлеужан Ғұмаров өз сөзінде Сүйінбайдың туған топырағына тән ыстық ықыласын білдіріп:
– Руханият – елдің еңсесі. Сүйінбай – сол рухтың айғағы. Бүгінгі он томдық – ел жадындағы мәңгілік шамшырақ. Сүйінбай – қазақтың ғана емес, күллі түркі жұртының мақтанышы. Біздің өңірде ақынның 210 жылдығына орай көптеген мәдени, әдеби шара ұйымдастырылды. Жамбыл ауданындағы Сүйінбай музейі, «Сүйінбай сазы» ансамблі, облыстық Сүйінбай атындағы филармония – бәрі де ұлт руханиятына қызмет етіп келеді. Ататүріктің «Ұлы адамдардың бейітін жерден іздемеңдер, олар халықтың жүрегіне жерленеді» деген сөзі дәл осы ұлы жырауға арналғандай, – деді тебірене.
Ол сондай-ақ Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу – рухани кемелденудің басты кепілі» деген сөзі келтіріліп, Сүйінбай жырларының ұлт санасын шыңдайтын мәңгілік рухани қуат екені айтылды. Кештің шырайын кіргізген керім сәттің бірі «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Жақыптың Сүйінбайға арнаған толғауын оқуы болды. Шайырдың жалынды жыры зал толы жұрттың жүрегін тербеп, көңіл пернесін дір еткізді.
Салтанатты жиынның соңы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы ұсынған әуезді концертке ұласты. Күй күмбірлеп, ән әуелеп, жыр қанат қақты. Сахна төрінен төгілген әуен мен сөз сазынан ғасырлар қойнауынан жеткен Сүйінбайдың дауысы сезіліп, ұлттық рух асқақтады. Ал он томдық қазына сол рухтың мәңгі өшпес мөрі, ұлттың жүрегінде жаңғырып тұрған сарқылмас сарын болмақ.
Құралбек СӘБИТОВ




