Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағашта белгілі суретші, мүсінші, ұстаз, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі Ахат Манапов атындағы өнер және білім орталығы ашылды. Салтанатты шараға Жамбыл ауданының әкімдігі, өнер адамдары мен мәдениет қызметкерлері, тұрғындар және суретшінің туған-туыстары қатысты.
Көпшілік алдында сөз алғандар Ахат Манаповтың ұрпаққа өнеге болар игілікті істерін тілге тиек етіп, естеліктерімен бөлісті. Мәңгілік сапарға аттанғанына жылға жуықтаған аяулы жанның өнер саласында өнімді еңбек еткені, осы орталықтың құрылысын өзі бастап, аяқтауға жақын қалғанда тағдырдың жазуымен бақилық болғаны өкінішпен айтылды. Артында балаларды өнер-білімге баулитын мекеменің ашылуы дәтке қуат. Енді осы орталықтан талапты жастар тәлім алады.
Өмірін сурет пен мүсіншілікке арнап, шәкірт тәрбиелеп, туған өлкесінің әсем табиғатын кенеп бетіне түсірген Ахат Манаповтың өнегесі туралы облыстың Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі атбегі Орынтай Әмірғалиев, Суретшілер одағы Алматы және Жетісу облыстық филиалдарының төрағалары Марат Әбдіреев пен Жүнісхан Ермұхан сөз сөйледі.
Орталықтың ашылу лентасы қиылып, келушілер ішін аралап көрді. Екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында галерея залы ұйымдастырылған. Онда суретшінің әр жылдарда салған картиналары қойылып, бір бұрышта Ахат Манаповтың өмірі мен шығармашылығына арналған шағын мұражай жабдықталған. Екінші қабаты түгелдей оқу кабинеттеріне арналыпты. Заманауи ғимараттың бөлмелері кең де жарық, сабақ өткізуге ыңғайлы. Құрылысты суретшінің өзі жобалаған. Аяқтаған – оның ұлы, сәулетші Сәкен Ахатұлы. Бұл орталық – Манаповтар отбасының жекеменшігі.
Ахат Артурұлы 1961 жылы 23 қыркүйекте Қарғалы ауылында туған. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ұстаздары мен достарының портретін айнытпай салуымен таңғалдырып, қабырға газетін безендірген. Мектеп бітірген 1978 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің көркемсурет-графика факультетіне оқуға түседі. Көптеген білікті ұстаздан тәлім алып, 1982 жылы оқуын аяқтайды. Туған ауылындағы орта мектепте сурет пәні мұғалімі, одан соң Ұзынағаш ауылындағы әкімшілік ғимараттар мен Мәдениет үйлерін безендіретін аудандық шеберханада суретші болып жұмыс істейді. Тоқырау жылдары шопанның ақ таяғын қолға алып, қойшы да болған. 2000 жылдардың басында мектеп мұғалімі, «Сәулет» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры, ауданның бас сәулетшісі қызметтерін атқарған. Кейінгі жылдары жеке шығармашылық жұмыспен айналысып, өнімді еңбек етті. Сурет өнерінің әртүрлі жанрында салған көптеген туындысы жоғары бағасын алды. Мүсінші ретінде де тарихи тұлғалар мен өнер адамдарының бейнесін сомдап, өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленді. Өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін оған «Жамбыл ауданының Құрметті азаматы» атағы берілген.
Жаңадан ашылған «Ахат» өнер және білім орталығы енді болашақ суретші, мүсіншілердің шығармашылыққа шыңдалар мекені болмақ. Бойында өнер ұшқыны жылт еткен жастар осы жерден шабыт алып, тың туындыларды өмірге әкелеріне сенеміз. Елінің ардақты азаматы Ахат Манаповтың жылдық асы да сол күні таратылып, марқұмның аруағына Құран бағышталды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




