⛅
-5°C
Қонаев
Сейсенбі, Желтоқсан 2, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    МЕДИАМЕШКЕЙЛІК – БҮГІНГІНІҢ ДЕРТІ

    22.11.2025
    in Барлық жаңалықтар
    МЕДИАМЕШКЕЙЛІК – БҮГІНГІНІҢ ДЕРТІ
    0
    SHARES
    6
    VIEWS

         Күннен-күнге жаңарып жатқан ақпараттық технологиялар айналамыздағы ақпарат ауқымын да еселеп арттырды. Әлеуметтік желілер, мессенджерлер, интернет кеңістігіндегі жаңалықтардың таралу жылдамдығы, көптігі, сан алуандығы таңғалдырып, таңдай қақтырады. Алайда таяқтың екі ұшы болатыны секілді, толассыз ақпарат ағынының да пайдасы мен зияны қатар жүретінін кейде ескере бермейміз. Ендеше, осының ақ-қарасын ажыратып көрейік.

    Ақпарат әлемі әрқайсымыз­дың мойнымызға қамыт салып, өзіне тәуелді етіп алғандай. Ақпарат ағынына ілесемін деп көп жағдайда шынайы өмірден алыстап, виртуал әлемінің тұтқынына түсеміз. Таңнан кешке дейін телефонға телміріп, экраннан жаңалық іздеу әдетке, тіпті, қажеттілікке айналған­дай. Сәл уақыт смартфонсыз немесе интернетсіз болсақ, жаңалықтан құр қалып, өркениеттен алыстап кеткендей күй кешеміз. Ақпарат ағынының арасында адаспай, пайдалысын сүзіп алу, жалған мәліметтен сақтану бүгінгі заман адамының басты міндеттерінің біріне айналды. Осы орайда медиа­мешкейлік, ақпараттық гигиена, медиа­сауат, цифрлық мәдениет ұғымдарын ұғыну маңызды.
    Бір минуттың ішінде қолымыздағы смартфон арқылы жүздеген хабарлама, жаңалық, пост, аудио-видео келіп түсіп жатыр. Бұл оңай қолжетімділік қоғамды ақпараттандыруда және экономикалық-технологиялық дамуда іргелі рөл атқарады, экономикалық белсенділікті арттыруға мол мүмкіндік береді. Кезінде ұлы Абай «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деп жырласа, бүгінде интернет көпшілік үшін білім бұлағы болып отырғаны рас. Кез келген сұрақтың жауабын интернеттен іздейміз. Алайда ақиқат пен жалған жаңалықтың аражігін ажырата алып жүрміз бе?
    Ақпараттың шексіз әрі шетсіз әлеміне сүңгіп, оның тетігін дұрыс пайдалана білген жан дерек пен дәйекті дәл тауып, білім алып, біліктілігін де арттырып жатыр. Бұл – мәнді, мағыналы мәліметтің молдығының пайдасы.
    Ал оның зияны – оқушылар мен студенттердің көпшілігі оқу бағдарла­масымен берілген тапсырманы өз бетімен орындаудың орнына дайын ақпаратты көшіріп қоя салумен шек­теліп, ойлану мен ойлаудан қалып барады. Бұл – оқытушылардың қағып отырған дабылы.
    Интернет кеңістігінде жаңалық­тың жылдам таралуы әрі баршаға қолжетімділігі қоғамдағы өзекті мәселелердің жар астында қалмай, дер кезінде жарыққа шығып, жария болуына сеп. Тиісінше, проблеманың халық пен билік назарынан тыс қалмай, бір шешімін табуына жағдай жасалмақ. Сондай-ақ бұл жерде мұқтаж жандарға көп болып көрсетіліп жатқан әлеуметтік, гуманитарлық көмектерді де мысал ретінде келтіруге болады. Осы орайда ақпаратты өндіріп-өңдеп, жедел таратып жүрген қоғам белсенділері мен блогерлердің жұмысы ерекше. Олар бүгінде елімізде азаматтық қоғамның алғашқы қадамдарын жасап жатыр десек, артық айтқандық емес. Десе де, азаматтық қоғам құру жүйелік пен жауапкершілікті, мәдениет пен заңның аясында әрекет етуді талап етеді. Айтылған сөздің ақ-қарасы қаншалық маңызды болса, оның артар жүгі де соншалық салмақты екенін ескере бермейтін көпшілік, өкінішке қарай, ғаламтор кеңістігін керексіз, өсек-аяң мен алыпқашпа әңгімемен толтырып отыр. Еш сүзгіден өтпеген жалған сөз де ақпарат әлемінің қорын толықтыруда.
    Мұндайда қазақтың «Жалған сөз жарға жығады» дегені еске түседі. Желідегі жалған жаңалықтың жетегіне еріп, жер тепкілеп қалғандар да аз емес. Оған мысал ретінде фейк, әлдебіреулердің бас пайдасына әдейі бұрмаланып берілген мәліметтің мән-жайын білмей жатып әлеумет­тік желілерде бөлісіп, сол үшін жаза арқалағандардан бастап, жарнамасы жер жарған заңсыз ұтыс ойындары, қаржы пирамидалары, алаяқтардың қитұрқы әрекеттері, діннің атын жамылған деструктивті, радикалды ағымдардың қақпанына түсіп, қор болғандарды да айтуға болады.
    Бұл – ақпараттың ақ-қарасын ажырата алмаудың, көз алдындағы мәліметті еш сүзгіден өткізбей, қаз-қалпында «қабылдаудың» зардабы. Мұның материалдық зардабымен қатар, моральдық зардабы да бар. Қарапайым тілмен айтар болсақ, дастарқандағының бәрін опырып, тағамды талғамай жесеңіз, асқазанды ауыртып, денсаулыққа зиян келтіреді. Дәл солай ақпаратты талғамай қабыл­дау адамның менталды денсау­лығына да, психикасына, жалпы өміріне кері әсерін тигізеді. Мұны «медиабулимия» деп атайды. Тікелей аудармасы – ақпарат мешкейі.
    Медиабулимия белгілері – телефон­ды қолынан тастамай, лентаны үнемі шолып отыру, ақпаратты қажетсіз көп оқып, не көріп, бірақ оны өңдей алмау, жаңалықты жылжытып отырумен уақыттың қалай өтіп кеткенін бай­қамау, уайымшылдық, мазасыздық, көңіл-күйдің тұрақсыздығы, ақпарат ағынынан тыс қалудан қорқу, яғни FOMO синдромы.
    Осы орайда ақпарат алаңынан алған деректі, білімді қабылдау, есте сақтау, жүйелеу және қолдануда еш қиындыққа тап болмау үшін сана тазалығын сақтауды ойласаңыз, ақпарат гигиенасын естен шығармаған жөн. Ақпарат гигиенасы – ақпарат­тың адам психикасына, физикалық және әлеуметтік жағдайына, жұмыс қабілетіне, өмір жасының ұзақтығына әсер ету заңдылығын зерттейтін медицина ғылымының бір саласы.
    Таңның атысынан көзіміз ұйқыға кеткенше смартфондағы әлеумет­тік желілердің бірінен соң бірін ақтарып, ақпарат ағынынан шыға алмай жатамыз. Саусақтың ұшымен жаңалықтарды жылжытып отырып-ақ денсаулыққа қанша салмақ салып жатқанымызды да аңғармаймыз. Ақпаратты ашкөздене тұтыну, медиамешкейлік адамды әбден шаршатады. Ал лентаны ақтарып отырғанда алдыңыздан шығатын ақпараттардың алуандығы айтпаса да түсінікті. Бірде жағымды жаңалық жарқ етсе, қуанып үлгермей, артынша қайғылы жайт туралы дерек денеңізді тітіркентеді. Бұл эмоционалдық тұрақсыздық ми мен жүйке жүйесін шаршатып, ұйқы мен есте сақтау қабілетінің бұзылуына себеп болады. Эмоцияның жиі ауысуы – миға ауыр соққы. Сондай-ақ жағымды жаңалыққа қуанып үлгермей жатып, артынан қайғылы жаңалықты есту (көру) адамда «бәрі бекер» деген пессимизм қалыптастырады. Ал басы бар, аяғы жоқ жаңалықтарды оқыған адамның миы оқиғаның немен аяқталарын білмеген күйде «күту» режимінде жүреді. Бұл – созылмалы стресс белгілері. Күйзеліс иммундық жүйені басып, иммунитет әлсірейді. Үнемі жаңалықтарды жылжытып отыру концентрацияны төмендетіп, назарды бір нәрсеге шоғырландыруды қиындатады. Әсіресе, ұйықтар алдында телефон қарау ұйқының бұзылуына себепші болады. Экран жарығы мелатонин өндірісіне кедергі келтіріп, ұйқы сапасы нашарлайды. Ал экранға ұзақ қарау көздің бұлшықеттеріне кері әсер етіп, көз шаршайды. Ұзақ бір қалыпта отыру мойын, иық, арқа ауруын тудырады. Егер өзіңізге қажет пен қажетсізін ажыратып, сараптап-саралай алмасаңыз, жаңалық нөпірі денсаулыққа кері әсерін тигізеді.
    Әлеуметтік желілердегі жаңалық­тың көпшілігі – танымдық дүниеден гөрі жеке адамдардың «ертегі» өмірі, көп қаралым мен лайк үшін көрсеткен әдемі, жылтырақ дүниесі, байлығы, қандай да бір жетістіктері жайында. Бұл – шынайы өмірдің толық көрінісі емес. Десе де, елдің парақшасынан жылтырақты көрген адамдар біреудің тек жақсы сәтімен өздерінің шынайы өмірін салыстырады. Соның салдарынан қанағатсыздық, реніш пайда болады. «Мен жетістікке жетпедім, басқалар бәріне үлгеріп жатыр» деген еш негізсіз ойлар туындап, өз-өзін төмен бағалап, өмірден түңіліп кететіндер де бар. Бұл – тағы да ақпараттың көптігі мен сүзгінің жоқтығында. Сондықтан қажетсіз ақпараттан қорғану үшін әлеуметтік желілерде кімдерге жазылып жүргеніңізді де саралаңыз.
    Не нәрсенің көптігі жақсы, таңдау еркіндігі болады дейміз. Алайда ақпарат көлемі ұлғайған сайын оның маңызды-мазмұндысы мен дәйексізін ажырату қиындай түседі. Осылайша, шын мәнінде өзімізге керек мәліметті жіберіп алып жатамыз. Өйткені ми ақпаратты өңдей алатын шегінен шыға тұтынғанда когнитивті шамадан тыс жүктеме деп аталатын межеге жетіп, ойлау қабілеті төмендейді. Яғни сыни ойлау бәсеңдейді.
    Осы орайда медиасауатты арттыру абзал. Интернет кеңістігіндегі мәліметтің барлығы шынайы, нақты дерек емес. Көп жағдайда ешқандай сүзгіден өтпеген, ғылыми дәйексіз, құр болжам, бос сөз болуы да бек мүмкін. Дереккөзі көрсетілмей, ақпараттың бастапқы көзіне ешқандай сілтеме жасалмай, таратылатын хабар-ошар да жеткілікті. Түрлі ақпарат құралдары арқылы жан-жақтан түсіп жатқан деректерді сын тұрғысынан қабылдап, саралай алу, жалған мен ақиқаттың айырмасын ажыратып, оны сауатты қолдана білу керек. Кез келген мәліметті бүтіндей «жұта» бермей, алдыңыздағы ақпарат қаншалық шынайы, авторы кім, қандай ресурста жарияланып отыр, қашан және қайда болған оқиға, оның таралуы кімге қандай пайда береді дегендей сауалдарға жауап беріп, фактчек жасап көріңіз. Пост астына жазылған пікірлерге де мән беріңіз. Ақпараттың ақиқатына көз жеткізбей тұрып, оны басқаларға таратуға асықпаңыз. Жалған ақпаратты бөліскені, таратқаны үшін жауапкершілікке, тіпті қылмыстық жауапқа тартатынын да ұмытпаған жөн.
    Қандай ақпаратты қабылдап, қалай өңдейтініміз психологиялық күйімізге, өмірлік ұстанымымызға, тіпті, шешім қабылдауымызға әсер етеді. Бүгінде әрбір адам тек ақпарат тұтынушысы ғана емес, оның таратушысы да екенін естен шығармауымыз керек. Ендеше, ақпарат айдынында адамзатқа қажетті, танымдық мәліметтің қоры артып, өсек-аяң мен бос сөз болмауына сіз де үлес қоса аласыз. Жалған ақпараттың таралуына тосқауыл болып, дерек пен дәйекке жүгініңіз!

    Құралай Мұратқызы

    Ұсынымдар

    Экономика тірегі

    Экономика тірегі

    1 year ago
    Кроссфит алаңы ашылды

    Кроссфит алаңы ашылды

    1 year ago
    Қонаевта науқастың қолына бірегей ота жасалды

    Қонаевта науқастың қолына бірегей ота жасалды

    2 years ago
    Нартай Сәрсенғалиев: Пранк жасаймын деп қоғамдық тәртіпті бұзатындар көбейіп кетті

    Нартай Сәрсенғалиев: Пранк жасаймын деп қоғамдық тәртіпті бұзатындар көбейіп кетті

    1 month ago
    Дайындық жұмысы пысықталды

    Дайындық жұмысы пысықталды

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>