Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуге тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр», – деген еді. Иә, газет шығару ісі бүгінде өз деңгейінде жүзеге асып жатқанымен, таралым, пошта жағына келгенде, шешімін таппай тұрған мәселелер баршылық.
Газет – жай ғана ақпарат құралы емес, ол – қоғамның шынайы келбеті мен ертеңгі тарихы. Сол себепті газет-журнал оқу және оны халыққа жеткізу – аса маңызды іс. Баспаханадан шыққан газет-журналдарды оқырманның қолына тигізу қызметін «Қазпошта» мекемесi атқарады. Бұдан бөлек, зейнетақы, жәрдемақы беру, ауылдарға сәлемдемелер жеткізу, басылымдарға жаздыру, төлемдер қабылдауды жүзеге асырады. Демек, ақпараттық технология дамыған заманда да пошташы қызметі өз маңыздылығын жойған жоқ.
Қазір интернет арқылы қалаған затыңа тапсырыс беріп, пошта арқылы алдыруға болады. Мерзімді баспасөзге жазылушылардың да қолына газет-журнал дер кезінде тиюі тиіс. Алайда кейбір ауылдарда пошта бөлімшесінің болмауы себепті көпшілік бұл қызмет түрінен қағылып отыр. Мәселен, Кегеннің кіреберіс қақпасы – Ақсай ауылында пошта байланыс торабының жабылғанына екі-үш жылдың жүзі болды. Бұл дегеніңіз – бүтін бір ауыл пошта қызметіне қол жеткізе алмай, одан қалса, газет-журнал оқу мүмкіндігінен ажырап отыр деген сөз. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай қажет. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр сықылды», – деп Ахмет Байтұрсынұлы бекер айтпаса керек. Бұл тұжырым ХХ ғасырдың басында айтылса да, маңызын әлі күнге жоймаған. Сонда Ахаң айтпақшы, Ақсай ауылының тұрғындары «құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр сықылды» болғаны ма?!
Осы мәселенің мән-жайын білу үшін Ақсай ауылына арнайы барып, тұрғындармен тілдестік. Алғашқы кезекте Ақсай орта мектебіне бас сұқтық. Онда бізді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қаршыға Жұмабекқызы қарсы алды. «Ұстаздар газет-журналға жазыла ма?» деген сауалымызға ол былайша жауап берді:
– Газет-журналға пошта жабылған соң да жазылдық. Уақытында жеткізілмейді, жинап әкеледі. Кейбіріне тіпті жетпей де қалады. Өкінішке қарай Мұғалімдер сол себепті газет-журналға жазылудан бас тартқан.
Пошта жоқ дегеніміз, бүтін бір ауыл газет-журнал оқымайды дегенді білдіреді. Мұғалімдер газет оқымаса, қажетті ақпаратты қайдан алады? Рас, қазір ақпарат ғасыры. Қажетті мәліметті ғаламтордан, түрлі әлеуметтік желілерден аламыз. Әркімнің қолында бір-бір ұялы телефон бар, содан да керегін табады. Бірақ бұл тығырықтан шығар жол емес!
Бұдан соң ауыл тұрғындарының пікірін білдік.
Жұмағали Теңгебаев:
– Ауылда екі жылдан бері пошта жұмыс істемейді. Пошташы зейнет жасына шығып, орнына адам табылмады. Ауылда 120 түтін бар, интернет басылымдарын үлкен кісілер оқи алмайды, олар газет оқығысы келеді. Ауылда пошта мекемесі болмаса да, газет таратушы керек. Алдында бір жыл газетті мектепке әкеліп жүрді, тұрғындар сол жерден барып алатын. Кейін мектепке де әкелмейтін болды.
Құрмаш Мырзалиев:
– Поштадан хат немесе зат алу үшін жолға 2 мың теңге жұмсап, Кеген ауылына барып келеміз. Бұл – ауыл тұрғындары үшін кәдімгідей шығын. Сондықтан ауылымыздағы пошта қайта ашылса деген өтінішіміз бар.
Несіпбай Ақылбаев, зейнеткер:
– Зейнетақымды Шонжыдағы «Халық банкінің» бөлімшесінен аламын. Жалпы, ауылға телеграмма, сәлемдеме жөнелту үшін пошта қажет. Заттарға тапсырыс берейін десең де пошта жоқ. Ауылда халық саны да азайып барады. Өзім жаңалықтарды теледидардан көремін. Бірақ газет деген айна ғой. Қанша интернет заманы десек те, газетті қолмен ұстап оқығанға не жетсін?!
Бибігүл Әбішева:
– Қоғамдық жұмыста істеймін. Жалақыны пошта арқылы аламын. Сол үшін Кегенге барамын. Ауылымызға пошта міндетті түрде керек. Әсіресе, үлкен кісілерге қиын. Зейнетақыларын Кеген ауылындағы пошта бөлімшесіне барып алады.
Тұрғындар пікірін білгеннен кейін бұрынғы пошта орнын да барып көрдік. Ескі мектепте орналасқан, сырты жұпыны, әктері түскен. Терезелеріне қаңылтыр қаптамалар шегеленіп, есікке сымтемір байланыпты. Сұрықсыз сықпыты соғыс жылдарындағы иесіз қалған үйлерді елестетеді. Пошта ғимараттарының осындай күйге түскені жанға аяздай батады-ақ!
Бұл салада өз міндетін мінсіз атқарып жатқан қарапайым жандар аз емес. Соның бірі – хат тасушы Майгүл Жұмалиева. Мамандығын жақсы көретін ол газет-журналдар мен хаттарды жаяу жүріп, үйді-үйге жеткізеді. Ол он жылдан аса Тасашы ауылдық пошта торабында жұмыс істеп келеді.
– Жалақымыз тым аз, пошташы қызметінің өз ауыртпалығы бар. Жазда күннің ыстығына, қыста аязына қарамай, хаттар мен газет-журналдарды тұрғындарға жеткіземіз. Соған қарамастан жұмысым өзіме ұнайды. Бұрын басылымдарға жазылушылар қатары көп болатын. Бұл күнде азайды. Әрине, бұл жайт бізді де қынжылтады, – дей келе, ауыл пошталарына көңіл аударылса деген ұсынысын жеткізді.
Тұрғындардың аманатын арқалап, Кеген аудандық байланыс торабына келдік. Ақсай ауылындағы пошта мәселесі, газет-журналға жазылу бағасының қымбаттауы жайындағы сұрақтарды аудандық байланыс торабының жетекші маманы Шырын Досымхановаға қойдық.
– Ауданда 16 «Қазпошта» бөлімшесі жұмыс істейді. Ақсай ауылындағы пошта бөлімшесі жабылып тұр. Онда жұмыс істейтін адам табылмады. Газет-журналға мұғалімдер жазылса, мектепке жеткізіп береміз. Баспасөзге жазылу ішкі саясат бөлімі арқылы жүзеге асады. Біз тек қабылдап алушы, жеткізіп берушіміз, – деген ол газет-журналға жазылу бағасының көтерілуіне еш қатысы жоқ екенін алға тартты.
Тым құрығанда Ақсай ауылының мұғалімдері газет-журналға жазылса деген өтінішімізді Кеген аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратжан Қожанұлына жеткіздік. Бұл өтінішіміз ескерусіз қалмайды деген ойдамыз.
Мақаланы жазу барысында көкейге түйгеніміз, «Қазпоштаға» реформа ауадай қажет. Ауылдағы газет таратушылардың жалақылары тым аз, мамандар тапшы. Қызмет көрсету сапасы жақсартуды талап етеді. Келген газеттер апталап, айлап жатып қалады. Дер уақытында халықтың қолына жетпегендіктен, тұрғындар газетке жазылғысы келмейді. Ал ауылдардағы пошта ғимараттарының тозығы жетіп тұрғаны – тағы бір үлкен мәселе. Міне, осы жайттарды «Қазпошта» басшылығы ескеріп, оны шешудің жолдарын қарастыруы керек. Өйтпеген жағдайда газеттердің болашағы да дүдәмал болып тұр. Қазірдің өзінде бір ғана Ақсай ауылында емес, әр ауданда есігі жабылып, қызметін тоқтатып тұрған «Қазпошта» мекемелері кездеседі. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданында Әймен, Алмалы, Рахат ауылдарында пошталар қызметкерлердің жоқтығынан екі айдан бері жабық тұр. Жамбыл ауданында былтыр Саурық батыр және Қопа ауылдарындағы бөлімшелер жұмысын тоқтатқан. Талғар ауданында да екі бөлімше жабылған, біреуі жабылу алдында тұр. Бәріне ортақ мәселе – пошта ғимараты ескі, жалақы аз болғандықтан жұмыс істейтін маман жоқ.
ТҮЙІН: Дамыған мемлекеттер бірінші кезекте халықтың сауаттылығына айрықша мән береді. Сол себепті де мәдениеті озық елдерде газет-журнал оқу үрдісі қалыптасқан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқитын ұлт» бастамасы да елімізді осындай биік деңгейге жеткізу мақсатын көздейді. Бұл межеге жету үшін пошта жұмысын жандандыру, газет-журналға жазылу үрдісін қалыптастыру қажет.
«Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деп Міржақып Дулатов айтпақшы, ғаламтор қанша үстемдік құрғанымен, газеттің бәсі қашанда жоғары. Көзіқарақты оқырман газет-журналдан қол үзбек емес. Оқырманның әдеби талғамы биік болған сайын, баспасөздің рөлі беки түсіп, тынысы кеңи бермек. Осы тұрғыдан алғанда қазақ газеттерінің болашағы зор. Тек оны әрбір оқырманға жеткізу жағы оңтайланып, «Қазпошта» жұмысы жолға қойылса деген тілек бар.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




