Балқаш ауданы – ақ маржан күрішімен аймаққа әйгілі. Сонымен қатар өрісі төрт түлік малға, алқабы сан түрлі бауға толы. Аумағы Іленің сағасынан Балқаштың жағасына дейін созылып жатыр. Аудан әкімі Азат Құтпанбетов бізге берген сұхбатында өңірдің бүгіні мен ертеңін сабақтастыра отырып, ойын ортаға салды. Әр салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Әлеуметтік-экономикалық жағдай, оқу-ағарту мен мәдениетте назардан тыс қалған жоқ.

– Азат Үкітайұлы, жылдың да аяқталуына аз қалды. Балқаш ауданының биылғы даму қарқыны қалай? Қол жеткізген табыстар ретінде қандай жұмыстарды атап айтар едіңіз?
– Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы – бәрімізге ортақ міндет, ортақ жауапкершілік. Ел игілігі үшін атқарылған еңбек өз жемісін беріп келеді. Биылғы жылды да табысты деп айтуға негіз бар. Ең бірінші меже – бюджет. Аудан ел қазынасына 8 млрд 551 млн теңге құю керек. Оның орындалуы тоғыз айда 91,4 пайызға жетті. Қалған мерзімді қосқанда нәтиженің ойдағыдай болатынына сеніп отырмыз. Жергілікті бюджетке 1 млрд 874,9 млн теңге қаржы құйдық. Қазірдің өзінде 109,9 пайыздық мөлшерге қол жеткіздік. Бұл нені көрсетеді? Бұл – аудан тұрғындарының қажыр-қайраты мен еңбегінің қарқынын дәлелдейді.
Аудан өндірісінің өзегі – аграрлық сала. Көрсеткіш жаман емес. Атап айтқанда, биыл 169 мың тонна мал азығы жиналды. 5318 гектар алқаптағы арпа-бидайдың әр гектарынан 18,0 центнерден өнім алдық. Мал басы көбейді. Ірі қара саны – 103 362, жылқы – 30 263, қой-ешкі 105 589-ға жетті. 10 055,1 тонна ет, 12 258,7 тонна сүт өндірілді. Осы мөлшердің өзі жылдық жоспардың 100 пайызынан асып тұр. Тоғыз айлықпен есептегеннің өзінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша ішкі өнімнің жалпы көлемі 109,9 пайызға, өнеркәсіп өнімдері 100,1 пайызға жетті.
Аграрлық саладағы 40 жобаның құжаттары «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ойдағыдай рәсімделіп, «Қонаев» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 315,4 млн теңге берілді. «Кең дала» бағдарламасы бойынша 5 шаруашылық 1 млрд 420 млн теңге несиеге қол жеткізді. Сондай-ақ Топар, Орловка, Тентек өзендері арнасының бірқатар бөлігі тазартылды. Алда атқарылатын жұмыстар бұдан да көп. Өңірімізде пайдаланылмай жатқан 28 666,14 гектар жер телімі қайтадан жер қоры есебіне өтті. Осының бәрі – халық игілігі үшін жасалып жатқан маңызды жұмыстар.
– Сыр бойына тән теңеумен сіздерді де ырысты, күрішті Балқаш ауданы десек, жарасатын шығар? Ақ маржанды жайқалтуда қандай озық технологияны қолданасыздар?

– Күріш – өңірдің өзіндік бренді. Ол облыста біздің ауданда ғана өседі. Биыл диқандарымыз 7718 гектардан 31 644 тонна өнім жинады. «Қамданған қапы қалмайды» дегендей, керек-жарақты ертелеп ескергеннің пайдасы тиді. Шаруалар үшін көктемгі және күзгі дала жұмыстарына деп 552 тонна арзандатылған жанар-жағармай алынды. Ауыл шаруашылығына қажетті жаңа маркалы 15 техника сатып алынды.
Өнімнің сұранысқа ие болуы тұқымның жоғары деңгейдегі сапасына да байланысты. Жыл сайын тұқымдық материалдар «КазАгроЭкс» мекемесі арқылы егіс алдындағы тексеруден өткізіледі.
– Инвестиция тартудың жөні бір бөлек. Ауданға пайда әкелетін ірі жобалар солардың еншісінде. Бұған қатысты не айтасыз?
– Инвестицияны дамуға керек мүмкіндік деп қарастырғанымыз жөн. Белгіленген жобалар бекітіліп, ол капитал иесіне ұнаса, тиісті қаржы сол бағытқа жұмсалса – өндіріс өсіп, өріс кеңейетіні түсінікті. Қазір ауданға 9 млрд 776,6 млн теңге көлемінде инвестиция тартылды. Ендігі мақсат – сол жұмыстарды жүйелі жүргізе отырып, көздеген межеге қол жеткізу.
«JEYRAN FISHING CLUB» ЖШС 0,25 га жерге балық аулау базасын салғалы отыр. Демалыс орнының іргетасы қаланды. Ал «Kazakhstan contact Co» ЖШС тұрғын үйлер мен шағын әуежай алаңын жасауды қолға алды. «Тэда животноводство» құс фабрикасы үлкен агроөндірістік кешен салмақшы. Аталған өнідіріс орындарында жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Сонымен қатар шетелдік инвесторлар өңірге қант қызылшасын өсіруге қатысты өз жобаларын ұсынды. Ол облыс және Үкімет деңгейінде қарастырылуда. Инвестиция тартудың алдағы кезеңдеріне дайындық жұмыстары қазірден бастап қолға алынды.
– Келешектің кепілі – жастар. Олардың өмірден өз орнын тауып, кірпіш болып қалануы мемлекеттің, аға буынның асыл міндеттерінің біріне жатады. Бұл туралы не айтасыз?
– Жастардың толысқан, тепсе темір үзетін шағы ертеңіне кіріспе болса дейсің. Олар уақыттың қазанында қайнап, алға қарай нық сеніммен қадам басуға тиіс. Бұл – экономикадан да маңызды шаруа. Ол үшін жастарға сапалы білім мен кәсібіне сәйкес жұмыс керек. Сол үшін сараптама жасап, жағдайды бақылап отырамыз. Биылғы тоғыз айда 515 жаспен кәсіпкерлік туралы әңгіме өткіздік. Бағыт-бағдар ұсындық, пайдалы кеңестер бердік. Соның арқасында 146 жас тұрақты жұмыспен қамтылды. 24 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша арнаулы курстардан өтті. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келген 40 маманға 15 млн 728 мың теңге көлемінде көмек берілді. Аудан жастары мәдени-спорттық шаралардан тыс қалмайды. Жарыстарға жиі қатысады. Жастарымыз еңбексүйгіш, білімді, жігерлі, мейірімді, отаншыл болып қалыптасса дейміз. Соған мүдделіміз.
– Сіздерде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты бар. Онда Балқаш көлі мен қоршаған ортаны қорғау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Резерваттың мақсаты мен мазмұнын қалай сипаттайсыз?

– Сырт көзге құмдауыт болып көрінетін бұл өңірдің өз ішінде талай ерекшелігі бар. «Мықты болсаң – танып ал» дегендей, оның шын бағасы әлдеқайда жоғары. Үкімет те осы құндылығын ескерді. 2018 жылғы 27 маусымдағы №381 қаулысымен резерват құрылды. Балқаш және Қарой қаумалдары резерваттың қарауына өтті. Осылайша барлық жер телімдерін қоса есептегенде, резерваттың аумағы 1 213 164,2 гектарға жетті. Қараой және Қоскүмбез ауылдарында екі жаңа ғимарат салынды. Сонымен қатар «Қорыс», «Қарамерген» және «Наурызбай» кордондары іске қосылды. Олар электр қуатын күн батареясынан алады. Соның нәтижесінде байланыс желілері үзіліссіз жұмыс істеп тұр.
Балқаш көлі мен Іле өзенінің сағасы өзіндік экожүйелерімен дараланады. Бұл жерден басқа аймақта жоқ өсімдіктерді табасыз. Тұқымы жойылуға айналған аңдарды кездестіресіз. «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының басы мақсаты – осындай ландшафты сақтау. Мүмкіндігінше оны баяғы қалпына келтіруіміз керек. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Оған резерват қызметкерлері ғана емес, бүкіл аудан жұрты ерікті түрде белсене қатысуы қажет. Жүйелі шараларды жоспарлы түрде ұйымдастырып келеміз. Адамның табиғатқа деген шынайы жанашырлығы қалыптаспай, түпкі нәтижеге жету мүмкін емес. Сондықтан қолда барды пайдаланып, ағарту жұмысын тереңдетуге ұмтыламыз. Ғалымдардың ғылыми зерттеуінен үміт күтеміз. Барлығы кешенді түрде түгенделсе, экотуризмнің де бағы жанады. Өңірдің екінші тынысы ашылады деп ойлаймын.
Резерватта биотехникалық шаралар жүзеге асады. Қыста жабайы аңдар мен құстарға қосымша азық береміз. Оған арналған 30 алаң бар. Жем-шөптің де берік қоры жасалды. Осындай күтімнің, қорғаудың арқасында «Қызыл кітапқа» енген аң-құстардың қатары бұрынғымен салыстырғанда біршама көбейді.
Өздеріңіз білесіздер, Балқаш өңіріндегі жазғы аптап ыстық тым ұзаққа созылады. Жаңбыр тамбайтын кездер көп. Сол үшін орманды өрттен қорғауға жұмыла кірісеміз. Резерват қызметкерлерінен де, тұрғындардан да қауіпсіздікті сақтау қатаң талап етіледі. Ережелерді білу, оны мүлтіксіз орындау – бәріміз үшін ортақ шаруа, бұлжымас міндет. Жұрт экологиялық сенбіліктерге жиі шығады. Бір сөзбен айтқанда, табиғатты түрлендіру арқылы туризмді дамытсақ, соның пайдасын халық көреді.
– Ауданда шешімін күтіп тұрған қандай өзекті мәселелер бар? Бар болса, соның себептері, қазіргі ахуалы және оларды шешу бойынша жоспарланған шаралар жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз.
– Әрине, өңірде инфрақұрылымдық жобалар, мәдени нысандарды дамыту және білім беру мекемелерін жаңарту мәселелері жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Дегенмен ауданда әлі күнге дейін шешімін күтіп тұрған маңызды проблемалар бар. Солардың бірі – егістік алқаптарға судың бірқалыпты жетпеуі. Қапшағай су қоймасынан су күндіз баяу ағады, ал кешке қарай электр қуаты тапшылығы туындаған кезде су деңгейі күрт көтеріліп, 700 текше метрге дейін жетеді. Таңға жуық қайтадан 120-150 текше метрге төмендеп кетеді. Тәуліктік осы құбылмалы өзгерістер Іле өзенінің бірде көтеріліп, бірде тартылуына әкеліп, оның арналары шайылып жатыр. Соның салдарынан тасымал каналына су толық жетпей, шаруашылықтардың жоспарланған көлемде өнім алуына кедергі келтіруде. Бұл мәселені шешу үшін арнайы жоба әзірленіп, Су және ирригация министрлігі мен Қаржы министрлігіне жолданды. Алайда қаражат тапшылығына байланысты жұмыс әлі басталған жоқ.
Екінші мәселе – Іле өзенінің арнасына қатысты. Қытай тарапымен нақты келісім болмағандықтан, оларда су көбейген уақытта артық көлем бізге қарай жіберіледі. Судың қатты ағысына Іленің жағалауы төтеп бере алмай, арна жиектері опырылып жатыр. Қазір су деңгейі көтеріліп, аудан орталығы Бақанастағы шеткі үйлердің қоршауларына дейін жетті. Бұл мәселені депутаттар да бірнеше мәрте көтерген. Жуырда Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі келіп, жағдайды өз көзімен көрді.
Жүргізілетін жұмыстарға арналған жоба сараптамадан өтіп, дайын тұр. Жағалаудың ұзындығы – 5 шақырым. Оны түгелдей таспен бекітіп шықсақ, мәселе шешілер еді. Барлығы қаражаттың бөлінуіне тіреледі.

– Бабалар жолын – бағдаршамға, аталар жолын ар-намыстың қайнар көзіне балаймыз. Балқаш топырағында өмірі өнегеге толы тұлғалар аз емес. Оларды ұлықтау ұлттық идеологияны жандандырудың бір мысалы деп білеміз. Бұған қатысты қандай шаралар қолға алынып жатыр?
– «Елдің атын ер шығарады». Өңіріміз даңқты тұлғалардан кенде емес. Ондай есімдердің ең басында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев атамыз тұрады. Қонаев мемориалдық музейі – аудан орталығының көрікті нысандарының бірі. Мұнда келген қонақтар музейге бас сұқпай кетпейді. Өнегелі өмірдің қыры мен сырына қанығады, тәлім алады. Жастар үшін де киелі орын болып есептеледі.
Балқаштың перзенттері – Кеңес одағының батыры Мұсабек Сеңгірбаев пен Халық қаһарманы Бақтыораз Бейсекбаевтың, сондай-ақ бейбіт өмірде 12 баланың өмірін сақтап қалған Бейсетай Дәуренбековтің қаһармандық жолы ұрпақ жадында мәңгілік жаңғырады.
Өлеңнің алдаспанын жарқылдатқан жампоздарды айтқанда, Балтағұл Бигелдіұлы секілді халық ақындары есімізге түседі. Әдеби мұраларын мәдени құндылықтар ретінде пайдаланамыз. Жазушы-драматург Бек Тоғысбаев ағамыздың қаламгерлігі өзінше бір төбе. Мұндай жарқын мысалдарды аудан өмірінен көптеп кездестіруге болады.
Биыл Жеңістің 80 жылдығы ерлік шежіресі ретінде аталды. Бақтыораз Бейсекбаевтың 105 жылдығына орай аудандық Мәдениет үйінде «Халық қаһарманы – Бақтыораз!» атты отаншылдық мазмұнда үлкен конференция өтті. Батыр өмірінің бізге белгісіз қырлары түгенделді. Эссе байқауы ұйымдастырылып, жаңаша жазылған үздік шығармалар арнаулы кітапқа топтастырылды. Бақанастағы мектеп-гимназиядан батырға арналған бөлме жабдықталды. Әбдіжаппар Қыстаубаев, Мұратбек Алтынбайұлы, Бақытжан Хамзин секілді атымтай жомарт азаматтар бұл іске демеуші болды. Батыр атындағы бөлме оқушыларды шығармашылық ізденістерге құлшындыратын сан түрлі әдістемелік құралмен толды. Мұны қаһарман рухының ұрпақтарын қолдағаны деп ырымдадық. Сол сияқты Өмірзақ Сәрсенов ағамызға да тоқтала кетпесек болмайды. Еліміздегі айтыс өнерінің қайта өрлеуіне зор үлесін қосты. Ұлттық әдебиет пен мәдениеттің жанашыры атанды. Аудан орталығынан халыққа қызмет көрсететін бірқатар ғимараттарды жасады. Оның ең басында «Оспанқожа мешіті» тұр.
Өмірзақ ағамыз сияқты кең жүректі азаматтар аз емес. Солардың ықпалымен аудан орталығында өлкетану музейінің құрылысы басталған. Жақын арада толық аяқталады. Сондай-ақ аудандағы игі шараларға әр жылдағы мектеп түлектері де өзіндік үлес қосып, жас буынға үлгі-өнеге көрсетіп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі саясатқа жіті көңіл бөліп, Жарлық шығарғаны көптеген міндетті алға тартады. Өткеннің құндылығын бүгінмен сәтті жалғастырсақ, отаншылдық идеясын кең арнаға түсіргеніміз деп білемін. Жарлықта көрсетілген қағидалар алдағы істердің алтын арқауына айналатыны анық.
– Қазір кітап оқитын ұлт қалыптастыруды мұрат ете бастадық. Осы бағытта тәрбиелейтін басты орта – ана тіліндегі дәстүрлі басылымдар. Солардың ішінде ғасырдан астам тарихы бар облыстық «Алатау арайы» газеті бар. Бұл төл басылым – аға буынның бізге қалдырған аманаты. Ендеше, газеттің 2026 жылғы таралымын арттыруға қандай үлес қоспақсыздар?

– Бұл жерде мен ең алдымен Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне жүгінейін. «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзету үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекетің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек», – деген еді Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда.
Ауданда 15 кітапхана бар. Жұмыстары ойдағыдай. Қуанатыным – оқырмандар саны біртіндеп өсіп келеді. Заманауи технология басшылыққа алынды. «Цифрлы Қазақстан» негізінде жергілікті қаламгерлер мен қайраткерлердің 51 кітабы оқырмандар пайдаланатын бағдарламаға енді. Аудандағы ағарту саласы қызметкерлері баспасөзбен тығыз байланыста. Сол тізімнің басына облыстық «Алатау арайы» газетін қоямыз. Бұйырса, алдағы таралым мөлшері өткен кезеңге қарағанда көбейетін болады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Болат Мәжит
Балқаш ауданы




