Райымбек ауданы Қарасаз ауылындағы балаларға арналған өнер мектебінің жұмыс істеп келе жатқанына 35 жылдың жүзі болды. Әу баста жас буынға саз аспаптарын үйрету мақсатында ашылған осынау өнер ошағының бүгінгі тынысы мен жан жадыратар жетістігі ауылдың өркенін өсіріп, абыройын асқақтатып отырғаны анық. Оның айқын көрінісін мектептен алған білімдерін өнермен ұштастыруға талаптанған жеткіншектердің саз аспаптарын ғана үйреніп қоймай, ұлттық қолөнерге машықтануынан да аңғаруға болады.
Тарихы 1990 жылдан бастау алатын өнер ошағының Қарасаздан ашылуына мұрындық болған сол тұстағы Нарынқол аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрбатыр Орынбаев еді. Ал мақсатты істің өз жүйесін тауып, аяғынан тік тұруына негіз қалаған, өнер десе ішкен асын жерге қоятын, туған жері мен елінің жақсылығына жаны жадырап, етжүрегі елжірейтін атпал азамат, өмірден ерте өтсе де, артына өшпес із қалдырған Амантай Шманов болатын.
Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы педагогикалық институттың музыка және педагогика бөлімін бітірген ол өзімен бірге оқыған Жаркенттің қызы Бақыткүл Раева атты арумен отау құрды. Жас жұбайлар жайлы жер іздеп қалада қалмай, ауылға барып, өнердің ошағын маздатты. Жаңадан ашылған музыка мектебі Амантай Шмановтың басшылығымен қарқынды жүрді. Мектепке алғаш 75 оқушы қабылданып, оларға арнайы маманданған 5 мұғалім дәріс берді. Домбыра сыныбына Бақыт Раева, Бақытжан Заманбеков, сырнай сыныбына Қажымұрат Ыбырайымов, Әлия Байсариева, терме сыныбына Ақылбек Қиқымов сияқты саз аспаптары мен ұлттық өнерді жетік меңгерген талантты ұстаздар топтасып, жас буынның өнердегі жолын ашуға білек сыбана кірісті.
Әрине, өнер ошағы да өтпелі кезеңнің қиындықтарына тап келгені рас. Алайда ұйымдастыра білгеннің ұтары көп болады емес пе?! Амантайдың ұйғарымымен әр үйден құрылыс материалы жинастырылып, тұрмысқа қажетті бұйымдар жасау қолға алынды. Алғашқы сатылған екі кереуеттің қаражаты мектептің жыртығын жамауға септігін тигізді. Осындай жұмыстар қанат жайып, нәтижесінде мектеп кассасына 1 млн теңге түскен. Сөйтіп, жылу жүйесі, су құбыры, ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстары қолға алынып, сәтімен аяқталған. Сонымен қатар мектептің қаражат көзін молайту үшін тұқымдық картоп та сатып алынған.
Амантайдың арманы музыкаға қосымша ұлттық қолөнер, бейнелеу, мүсіндеу бөлімдерін ашып, мектептің ауқымын кеңейту еді. Бұл ойы аудандық білім бөлімі тарапынан қолдау тапты. Көршілес Шалкөде, Талас, Сарыжаз ауылдарынан көркемсурет, қолөнер, ағаш шебері, халық аспаптарына бейімдейтін бөлімдер ашылды. Мұның өзі жас буынның ұлттық өнерге деген қызығушылығын оятып, қарым-қабілетін арттыруға жол ашты.
Осы орайда тағы бір мәселені де айтпай кетуге болмас. Ол – өнер мектептерінің белгіленген жүйелі оқу бағдарламасының болмауы мен өнерге арналған ана тіліндегі оқулықтардың жоқтығы. Осынау олқылықтың оқу-тәрбие жұмысына кедергі келтіргені анық. Бірақ ұстаздар қауымы қиыншылыққа қарамастан, өз беттерінше ана тілінде оқулықтар жасап, жаңа оқу бағдарламасын бір жүйеге келтіруде іскерлік танытты. Алға қойған мақсатқа жету жолында еселі еңбек етіп, шүмектете тер төккен сол кездегі Алғабек Жапсарбаев, Жүнісқұл Сырықбаев, Рахат Тоқбергенов, Мәдени Мұсақұлов, Дина Бұхарова, Еділ Құмарбаев, Махамбет Қабаев, Бәкір Нұрсейітов сияқты ұстаздардың есімін бүгінгі жас мамандарға үлгі еткеннің айыбы жоқ. Сол кезеңде өнер мектебі шығармашылықтың шыңын бағындырды. Өрендер аудан, облыс, республика деңгейіндегі түрлі байқауға қатысып, үнемі алдыңғы орындарды еншіледі. Жігер Ауыпбаев, Айдос Әбдіқадыров, Наз Жекенқызы, Еркебұлан Дайыров, Әсем Қуанышбаева сияқты өнер саңлақтары – осы шаңырақтың түлектері.
Өкініштісі – саз өнерінің ерен жүйрігі, ұйымдастырушылық қабілетімен уақыттың тамырын дөп басып, заман талабына лайықты жауап беруді өзге дүниеден артық санайтын Амантайдай алғыр азаматтың өмірден ерте өтіп кеткендігі. Бір кем дүние деген осы шығар, сірә! Дей тұрғанмен, өнер ошағындағы өркен жайған өрнекті істің бәрін Амантайдың есімімен байланыстырғанның артықшылығы жоқ. «Орнында бар оңалар» демекші, ізгі жанның салып кеткен сара жолын бүгінде зайыбы Бақыт Раева жалғастыруда. Өнер ошағының оты маздап, түтіні түзу шығуына бар қажыр-қайратын жұмсап келе жатқан жайы бар.
Аталған мектеп өткен жылы үлкен қуанышқа бөленді. Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен салынған жаңа ғимаратқа қоныстанды. Мектептің 17 оқу кабинеті компьютермен, оқу талабына сай құрал-жабдықтармен толық қамтылған. 80 орынды мәжіліс залы да заман талабына лайық. Былтыр балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арнайы келген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қарасазға да атбасын бұрған. Пайдалануға берілген өнер ошағының ашылу салтанатына қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасқан. Мәулен Сағатханұлы жаңа ғимаратқа байғазы ретінде күйсандық, Марат Елеусізұлы 15 домбыра сыйлаған еді. Қазір осынау саз аспаптары жас буынның өнердегі өрісін кеңейтуге өзіндік ықпалын тигізіп келеді.
Өнер мектебінде жаңа оқу жылының басынан «Музыка», «Көркемсурет», «Сәндік қолданбалы өнер» деп аталатын үш бөлім домбыра, баян, эстрадамен ән айту, дәстүрлі ән, шешендік өнер, сурет, қолөнер, мүсін, тігін-тоқыма кластары болып, 9 бағыт бойынша жұмыс істейді. Басқа ауылдардағы бөлімдерін қосқанда 275 бала дәріс алады. Жас буынды өнерге баулу ісімен 22 мұғалім шұғылдануда. Қазір ауылда өтетін түрлі деңгейдегі мерекелік шаралардың бәрі оқушылардан құралған оркестрдің, әншілер мен мың бұралған бишілердің, қолөнер мен қылқалам шеберлерінің көрмесімен басталатыны дәстүрге айналған. Олардың шеберлігін шыңдап жүрген Мәулен Өмекеев, Эльмира Қабаева, Жанна Тоқбергенова, Дәулет Бексеріков, Ерлік Қасқарауов секілді ұстаздардың еңбектері ерен.
– Біздің мектепте Амантай Шмановтың «Бала мектеп үшін емес, мектеп бала үшін жұмыс істейді» деген қағидасы жазулы тұр. Осыны ешкім ұмытпауы тиіс. Алдымызда іске асыратын міндеттер көп. Өнер мектебінен дәріс алып жүрген әр баланы халқының болашақ тұлғасы деп қарасақ, біздің шәкірттеріміз әлі-ақ биіктерге самғайтыны анық. Алдағы уақытта оқушыларымыздың шеберлігін арттырып, білім деңгейін мемлекеттік стандартқа жеткізу үшін қыруар жұмыстар атқаруымыз қажет, – дейді мектеп директоры Бақыт Раева.
Өркен жайған өнер ошағының мақсат-міндеттен көрінуіне біз де тілектеспіз!
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы




