Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ұлттық өнердің ұлы арнасында жарқ еткен айрықша мереке болды. Айтыстың алдаспаны Оразалы Досбосынов атындағы орталықтың жаңаша кейіпте қайта түлеуі жас таланттарға тың тыныс берсе, халық поэзиясының ұлы тұлғасы Сүйінбай Аронұлының 210 жылдығы, артына сарқылмас қазына, таусылмас інжу-маржан қалдырған дара, дана хәкім Абайдың 180 жылдығы, айтыстың жарық жұлдызы Оразалы Досбосыновтың 50 жылдығына арналған республикалық студенттер айтысы дәстүрлі өнердің мерейін үстем етті.

Екі күнге созылған дүбірлі дода жастардың сөз саптаудағы шеберлігін, ой тереңдігін айқындады. Үш бірдей тұлғаның тағдырын бір арнаға тоғыстырып, олардың елге қалдырған рухани мұрасын ұрпақ санасына сіңіруді басты мақсат еткен айтыс ұлттық өнердің өміршеңдігін ғана емес, өскелең буынның шығармашылық шыңын танытты.
Айтыстың алғашқы күні қайта жаңғырған Оразалы Досбосынов атындағы орталықтың тұсауы кесілді. Ашылу рәсіміне еліміздің түкпір-түкпірінен келген айтыскерлер, зиялы қауым өкілдері, ақынның көзін көрген шәкірттері мен ұстаздары қатысты. Көркемделген жаңа ғимараттың ішіне енген жұрт айтысқа арналған арнаулы залды, дәріс бөлмелерін, студия мен шығармашылық бұрыштарды тамашалады. Тұсаукесер лентасын Абай атындағы ҚазҰПУ-дың басқарма төрағасы, ректор Болат Тілеп пен Оразалының ұстазы, белгілі айтыскер Даубай Әбдісаев қиды. Болат Анапияұлы орталықтың заманауи үлгіде қайта жасалуы Оразалының рухына көрсетілген құрмет қана емес, жас таланттарға жол ашатын үлкен мектеп екендігін айтып өтті.
– Оразалы Досбосынов – біздің университетіміздің түлегі. Елімізге белгілі айтыскер ақынның өмірі мен өнерін қайта түлету мақсатында шағын орталықты жандандырып отырмыз. Осы жерден Оразалыдай елге белгілі айтыскер ақындардың қанаттанып шығуына тілектеспіз, – деді ректор.
Әдеби орталықтың мақсаты – айтыс өнерін жаңғырту, суырыпсалмалық дәстүрді дамыту, жастарға шығармашылық тәлім беру. Мұнда болашақ айтыскерлер ұстаздардан дәріс алып, дайындықтарын жетілдіреді. Тұсаукесер рәсімінде оқушы айтыскерлер ақын рухына арнап өлең оқып, ізгі тілектер айтылды. Жиын соңында Даубай Мамытұлы Оразалының айтыстағы уытты шумақтары мен жойқын екпіні бүгінгі жастарға жұғысты болуын айтып, ақ батасын берді.

Рухани кештің келесі күні университеттің үлкен залында «Қазақта қара сөзге дес бермедім» атты республикалық студенттер айтысы бастау алды. Үш бірдей ірі тұлғаның мерейтойына арналған жыр додасын Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі Айтуған Жетебаев тізгіндеп, әдеби шараның шымылдығын ашу үшін сахна төріне университет ректоры Болат Тілепті шақырды.
«Айтыс – халқымыздың жандүниесі, рухани болмысы. Ол – ұрпақ санасын тәрбиелейтін үлкен мектеп. Сүйінбайдан жеткен дәстүр, Абайдан тараған ілім, Оразалының поэзиясы – жастарымызға бағыт-бағдар беретін биік шамшырақ. Айтысқа қатысушы барлық дарындарға сәттілік тілеймін», – дей келе, университет басшысы Оразалы Досбосыновтың ұлы Нұрсұлтан мен қызы Айшаға сый-сияпат көрсетіп, құрмет танытты.
Сахнаға еліміздің әр өңірінен іріктеліп келген 14 ақын шақырылып, арнайы жеребе бойынша қарсыласы анықталды. Артынша жас ақындардың шығармашылық бедерін, өлеңі мен өнерін бағалайтын әділқазылар алқасы таныстырылды. Қазылар алқасының төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы Алматы қалалық филиалының төрағасы Серік Қалиев, Оразалының ұстазы, айтыскер Даубай Мамытұлы, университеттегі «Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойымбек, белгілі радиожурналист, ақын Бақыт Жағыпарұлы, айтыскер ақын Шұғайып Сезімхан жас ақындардың сахна мәдениетін сақтауын, сөз саптауын, ой жүйесін құруы мен қарсыластың сөзін дереу іліп әкетуін, тақырыпты терең ашуын қадағалады.

Сахнаға шыққан жастар өз өңірінің намысын жырмен жырлап, қазақтың қара өлеңін қайта тірілткендей күйге бөледі. Оразалының екпіні, Сүйінбайдың өткірлігі, Абайдың даналығы жырларынан көрініс беріп тұрды. Бірінен-бірі оза шапқан дарындардың деңгейі айтыстың ертеңіне деген сенімді арттыра түсті. Дәстүр мен жаңашылдықтың арасындағы алтын көпір болған жас айтыскерлердің қабілет-қарымы, қарсыласынан қалыспаған дарыны әділқазыларды да тамсантпай қоймады. Кіл мықтыдан кім мықтыны анықтау оңай түспесе де, бірден қойылып отырған балдық бағалаудың нәтижесінде хас жүйріктер анықталды. Сөз салмағын көтеріп, айтыстың шынайы өнер екенін көрсеткен ақтөбелік Арай Нұраддин дүбірлі доданың бас бәйгесінен көрінді. Оған 400 мың теңгелік ақшалай сертификат табысталып, болашағынан зор үміт күттіретін ақын деген баға берілді. ҚазҰПУ-дің студенті, Оразалы Досбосынов орталығының шәкірті Данияр Болатхан ұтымды ойларымен I орын иегері атанып, 300 мың теңгені қанжығасына байлады. Шығыс Қазақстан облысының ақыны Айғаным Балғабаева мен ҚазҰПУ-дің студенті, Оразалы Досбосынов орталығының шәкірті Санжар Даярбек II орын алып, 200 мың теңге қаржылай сыйлыққа қол жеткізді. Астаналық Марсель Ерасынов, қызылордалық Дильназ Ержігіт, павлодарлық Нұрбек Бәкір, жамбылдық Жанерке Қамбардың да сөз саптау шеберлігі жоғары бағаланып, III орын табысталып, 150 мың теңгелік сертификат сыйға тартылды. Қалған қатысушылар да құр қол қайтқан жоқ. Әрқайсысына 100 000 теңгелік ынталандыру сыйлығы берілді.
Айтыс – дала рухының дауысы десек, екі күн бойы университет қабырғасын тербеткен сол дауыс дара тұлғаларға деген сағынышты үдете түсті. Оразалы орталығының қайта ашылуы мен республикалық айтыс ұлттық өнердің өлмейтінін тағы бір мәрте дәлелдеп өтті. Сүйінбайдан бастау алған киелі сөздің керуені Абаймен кемелденіп, Оразалымен өрлеп, бүгінгі жастарға аманат болып жетті.
Құралбек СӘБИТОВ
