Елдегі этносаралық келісім мен бірлікті нығайту – мызғымас мемлекет тірегінің кепілі. Осы орайда этносаралық татулық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге және жалпыұлттық бірлікті қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі элементіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының орны бөлек.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орай «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» тақырыбында Ассамблеяның XXXIV сессиясы өтті. Онда ҚХА құрылған 1995 жылдан бергі жеткен жетістіктері, қоғамдық-саяси тұрақтылық, этносаралық татулықты сақтау мен дамытудағы ұйымның жұмысы мен тәжірибелері талқыланып, еліміздің бірлігін нығайтуға бағытталған жаңа бастамалар ұсынылды. Ассамблеяның іске асырған әлеуметтік, мәдени, білім беру және қоғамдық жобалары, олардың этносаралық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызы сарапқа салынды.
«Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты», – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті деңгейдегі қызметін күшейту және еліміздің түрлі этнос өкілдері шоғырланған аудандарында оның құрылымдарын құру міндетін қойды. Бұл бастаманы жүзеге асыру халықтың этносаралық келісімді нығайту, қоғамдық диалогты дамытуға және азаматтардың әлеуметтік маңызы бар жобаларға қатысу аясын кеңейтуге бағытталған.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 54 түрлі этнос өкілінің басын біріктіріп, 300 мыңға жуық халық мекен ететін киелі шаңырақ – Еңбекшіқазақ ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Мұнда өзге этнос өкілдерінің үлесі аудан тұрғындарының 41%-ын құрайды. Аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы сессиясы қыркүйек айында өтті. Аталған шара аудан деңгейінде этносаралық іс-қимыл тетіктерін жүйелі түрде дамыту жұмысының басталғанын көрсетті.
Еңбекшіқазақ аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы болып аудан әкімі Талғат Байеділов тағайындалды. Ассамблея құрамына білім беру, мәдениет, бизнес, мемлекеттік қызмет және қоғамдық сектор салаларының қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділерін қоса алғанда, 26 мүше енді. Ауданның көпэтносты сипатын ескере отырып қалыптастырылған құрам этносаралық теңдік, ынтымақтастық және өзара құрмет қағидаттарына негізделе отырып, бүгінде жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. Бұдан бөлек, этносаралық қатынастарды нығайтып, ел татулығын арттыру бағытында әр ауылдағы ақсақалдар алқасы, аналар кеңесі, Ассамблея жастары, этносаралық қатынастар саласындағы аудандық ақпараттық түсіндіру топтары, ҚХА жанындағы жетекші журналистер клубы, қоғамдық ұйымдар маңызды мәнге ие. Бірлік пен ынтымақтың жарасым табуы үшін аталған кеңестер мен орталықтар халықпен тығыз жұмыс жүргізіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық жобалары аясында үнемі түрлі сипаттағы кездесу-жиындар, мәдени-спорттық, әлеуметтік іс-шаралар, семинар-тренингтер өткізіп тұрады.
Ассамблеяның «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» жобасы аясында жақында Есік қаласында орналасқан жоғары медицина колледжіне қоғам қайраткері, Алматы облыстық әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Асылы Осман келіп, жастармен кездесу өткізді. Одан бөлек, аталған жоба бойынша Бәйдібек би ауылдық округінде «Бірлікті сақтау – азаматтық парыз» тақырыбында Алматы облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің жиыны өтті. Шешен-ингуш этномәдени орталығы өткізген үлкен іс-шараның бірі – «Бірлігіміз – әралуандықта» жобасы аясындағы «30 жыл бірлік пен татулық жолында» атты шешен-ингуш мәдениеті фестивалі. Бұл ұлттар достығы мен татулығын дәріптеген тағылымды шара болды.
«Ассамблея: татулықтың 30 жылы – Республика дамуының негізі» тақырыбында ауданның бірнеше елдімекенінде этномәдени орталықтардың қатысуымен іс-шаралар ұйымдастырылды. Олардың ішінде «Татулықты ту еткен 30 жыл» тақырыбымен Есік археологиялық-өлкетану музейінде ұйымдастырылған кездесуді де ерекше атап өткен жөн.
Қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы, елдегі тыныштық пен татулық мәселесі ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Этномәдени бірлестіктердің мүшелері бұл бағытта да жұмыс жасап, кездесулер өткізеді. Мысалы, «Татулық пен бірлік – этносаралық қақтығыстардың алдын алу кепілі» тақырыбында Саймасай ауылында өткен кездесуге Еңбекшіқазақ аудандық прокуратурасының прокуроры Еділ Құдайбергенов қатысып, қоғамдағы бірлікті сақтау турасында халықпен пікір алмасты.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен Қазақстан Республикасы ішкі саясатының «Заң және тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» сынды негізгі қағидаттары да Қоғамдық келісім және даму орталықтары жұмыс жоспарының негізгі бөлігін құрайды. Қоғамдағы тұрақтылық пен өзара құрметтің кілті болған бұл қағидаттар ел арасына кеңінен түсіндіріліп, ақпараттық жұмыстар да жүргізіліп жатыр.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің ертегі. Сондықтан жастардың білімді, өнерлі, жан-жақты болып өсуі маңызды. Осы орайда аудан жастарымен түрлі кездесулер ұйымдастырылып келеді. Мысалы, ҚХА-ның «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасы аясында «Ассамблея жастары: диалог мәдениеті, тілдік көпір», «Тіл – татулықтың алтын көпірі» атты дөңгелек үстелдер өтті. Сондай-ақ аудандағы колледждерде «Достық заңынан асқан заң жоқ» атты этносаралық татулықты, достықты және қоғамдағы өзара сыйластықты насихаттауға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылды. Ауылдарда «Этномедиация ұғымы және оның қазіргі әлемдегі рөлі» тақырыбында жастарға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді.
ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы секторының меңгерушісі Қайрат Баймолдиновтың Еңбекшіқазақ аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерімен кездесуі өтті. Онда ҚХА-ның XXXIV сессиясында жүктелген міндеттердің орындалу барысы, жаңадан құрылған аудандық Ассамблеяның қызметі мен алдағы жоспарлар талқыланып, этномәдени бірлестіктер жұмысы таныстырылды.
Отанға деген құрмет туған ауылға жанашырлықтан басталатыны сөзсіз. Осы орайда жақында Жаңашар ауылында «Бірлігі жарасқан ауыл» атты достық фестивалі өтті. «Жергілікті әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылған достық фестиваліне ауыл тұрғындары түгел атсалысты. Шара барысында ауданды мекен еткен этностардың болмыс-бітімі мен мәдениеті таныстырылып, ортақ рухани құндылықтар насихатталды, қолөнер бұйымдарының көрмесі, дәстүрлі тақырыптық экспозициялар, әр этностың ұлттық тағамдары, ұлттық киім үлгілері көрсетіліп, соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Фестиваль ауылдағы ынтымақ пен өзара сыйластықты нығайтуға үлес қосып, түрлі мәдениет тоғысқан алаңға айналды», – дейді Еңбекшіқазақ ауданындағы Қоғамдық келісім және даму орталығының басшысы Зинахан Бошугулова.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ҚХА мүшелері күн сайын көзге көрінбейтін, бірден нәтиже бермейтін, алайда ұзақ мерзімді, стратегиялық тұрғыдан тиімді, ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Елдегі тұрақтылық пен бірлік сол жұмыстың жүйелі жүруінің бір көрсеткіші іспеттес. Бүгінде Еңбекшіқазақ ауданындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, аудандық ҚХА атқарып жатқан осынау жұмыстар ертеңгі жарқын болашақтың негізі болып қаланып жатқаны анық.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы




