Қонаев қаласында тұрғындар мен қонақтарға ерекше жаңа жылдық көңіл-күй сыйлаған дәстүрлі мерекелік шара өтті. Қысқы кештің шырайын келтірген салтанатты басқосуға биыл 15 мыңнан астам адам жиналды.
Мереке балаларға арналған ертегілік қойылыммен басталып, кішкентай көрермендерге шаттық пен қуаныш сыйлады. Сахна төрінде өнер көрсеткен кейіпкерлер мен аниматорлар балақайлардың көңілін көтеріп, алаңды күлкі мен шаттыққа бөледі.
Жиналған көпшілікті Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов құттықтап, қала дамуына үлес қосып жүрген тұрғындарға алғысын білдірді.
«Баршаңызды жаңа жылдық шыршаны жағу мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Өтіп бара жатқан жылда бірлесе атқарған еңбегіміздің арқасында қаламызды дамытуға бағытталған маңызды жұмыстар жүзеге асты. Алдағы Жаңа жыл әр шаңыраққа қуаныш, жаңа мүмкіндіктер мен игі бастамалар әкелсін!» – деді шаһар басшысы.
Қала әкімі балалар үйінің тәрбиеленушілерімен бірге жаңа жылдық шыршаның шамын жағып, дәстүрлі рәсімге қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Осы сәтте аспанды жарқырата отшашу атылып, мерекенің сәнін аша түсті.
Кеш барысында сахнада жергілікті өнерпаздармен қатар танымал әншілер – Сырым Исабаев, Дана Кентай және Atlantis Live Band өнер көрсетті. Балалар аниматорлармен бірге ойын ойнап, мерекенің қызығына кенелді.
Тұрғындар жарқыраған шамдармен көмкерілген шыршалар, әсем аркалар мен түрлі ойыншықтармен суретке түсті.
Айта кетейік, биыл Қонаев қаласында орнатылған басты шыршаның биіктігі 20 метрді құрайды. Қаладағы орталық алаң, саябақтар мен негізгі көшелер жаңа жылдық нақышта безендірілуде.




