Райымбек ауданының орталығындағы Т.Жанұзақов атындағы орта мектепте «Тұғыры биік тұлға» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Аталған шара журналист-жазушы, публицист, аудармашы Тельман Жанұзақовтың 90 жылдығына арналды.
Аталған шараға Райымбек аудандық білім бөлімі мен жетекші мамандары, мектеп директорлары, ұстаздар мен оқушылар, Тельман Жанұзақовтың бауырлары, алыс-жақыннан келген қадірлі меймандар қатысты. Мектепте өлкетану мұражайы жұмыс істейді. Ондағы жәдігерлер өткен тарихтан сыр шертіп тұр. Оқушылардың баяндауы арқылы мұражай қорымен танысқан қонақтар қаламгердің өмір жолы мен атқарған қызметінен де мол мағлұмат алды.
Тельман Жанұзақов 1935 жылы 13 тамызда Нарынқол ауылында туған. 1957 жылы ҚазМУ-дың филология факультетін бітірген. 1956 жылы «Лениншіл жас» газетінде әдеби қызметтен басталған еңбек жолы бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметтерімен жалғасты. 1967 жылы «Правда» газетінің Қазақстандағы меншікті тілшісі болады. 1971-74 жылдары екі тілде шығатын «Ара-Шмель» саяси сын-сықақ журналының бас редакторы, 1974 жылдан өмірінің соңына дейін «Қазақфильм» киностудиясы директорының орынбасары, директоры, Қазақстан Кинематографистер одағының бас хатшысы қызметтерін атқарды. Оның қаламынан туған «Ради жизни на земле», «Олимпийский факель», «Азаматтар» атты публицистикалық очерктері бір кітаптың жүгін көтеретін соқталы дүниелер болса, аудармашы ретінде де қазақ әдебиетіне қосқан үлесі салмақты. Тельманның аударуымен жарық көрген швейцар жазушысы Ф.Дюрренматтың «Сот пен жендет» повесі, америкалық жазушы Ф.Купердің «Могиканның соңғы тұяғы», А.Толстойдың «Инженер Гариннің гиперболойды» романдары оқырман жүрегінен орын алғаны анық. Сондай-ақ алыс-жақын шетелдің оннан аса кинофильмін қазақ тілінде сөйлетудегі еңбегі зор. Небәрі 43 жасында өмірден өткен қаламгердің аз болса да саз ғұмырындағы еліне сіңірген еңбегі ерен, артына қалдырған мұрасы мол. 1996 жылы Нарынқол орта мектебінің ашылғанына 100 жыл толуына орай аудан тұрғындарының талап-тілегі ескеріліп, білім ошағына өзінің төл түлегі Тельман Жанұзақовтың есімі берілген.
Қарымды қаламгерге арналған шара бұдан кейін білім ордасының жиын залында жалғасты. Алғаш сөз алған мектеп директоры Мүтәліп Стыбеков Тельман Жанұзақовтың ғибратты ғұмыры мен шығармашылығы жайында мәнді де нәрлі баяндама жасады. Тарлан таланттың адами құндылықтарға тән айрықша қасиеттеріне тоқталды. Кітаптарының кейбір бөлімдеріне талдау жасады.
– Тельман – қоғамның құбылысын дәл бақылап, өмірдің өзекті мәселелерін өткір де шынайы жаза білген қаламгер. Журналистикадағы көп жылдық еңбегі очерк, эссе, көркем проза жанрындағы ізденістері оның қаламының қуаты мен ойының тереңдігін дәлелдейді. Қаламгер шығармалары дәуір шындығын, адамның ішкі жандүниесін, қоғам мен өмір арасындағы байланыс пен әлеуметтік мәселелерді анық көрсететін өзіндік стилі бар әдеби мұра деп білеміз. Келесі жылы мектептің ашылғанына 130 жыл толады. Айтулы мереке қарсаңында Тельман ағамыздың Майра, Ләйла, Сәуле атты қыздарының демеушілігімен мектептің алдына бюсті жасалды. Көктем шығып, күн жылынысымен орнатуды жоспарлап отырмыз, – деген Мүтәліп Сәбитұлы мерейтой қарсаңында мектепке демеушілік танытып отырған түлектерге, Тельманның бауырларына жүрекжарды алғысын жеткізді. Меймандарды мектеп әкімшілігінің Алғыс хатымен марапаттап, арқаларына шапан жапты. Келесі кезекте мінбеге көтерілген Нарынқол ауылдық округінің әкімі Амангелді Шенебеков, қаламгердің інілері Ақылжан мен Меліс Сатаевтар, мектеп түлегі, медицина ғылымдарының докторы Нұргүл Өтебаева, аудандық білім бөлімінің аға әдіскері Мираш Қожамолдаева ұйымдастырылып отырған шараға қатысты ой-пікірлерін көпшілікпен бөлісті.
Тельман Жанұзақовтың өмірі мен шығармашылығын арқау еткен «Тағылымға толы ғұмыр» атты театрландырылған қойылым көркем де шынайылығымен көрермен көңілін баурады. И.Мышбаева жетекшілік ететін 4 «А» сыныбы оқушыларының «Ұлылар жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» тақырыбында, Б.Тайженбетова жетекшілік ететін 7 «А» сыныбы оқушыларының «Тағылымы биік талғампаз қаламгер» атты ашық тәрбие сағаттары өтті. Осы күні мектепте қаламгер шығармашылығын ғылыми тұрғыда зерттеу мақсатында мұғалімдер арасында педагогикалық оқу ұйымдастырылып, нәтижесі шығарылды. Жеңімпаздарға дипломдар мен заттай сыйлықтар тапсырылды. Оқушылардың «Ақкербез» бишілер тобы мен Сезім, Әлиса, Ерсұлтандай өрендердің өнерлері де талап деңгейінен көрінді.
Осылайша, қарымды қаламгердің талантын шәкірт жүрегіне ұялату арқылы жас буынды Отанын сүюді, қадір-қасиетін жете сезініп, бағалай білуді, шыншыл да сыршыл шығармаларына терең бойлап, рухани дүниетанымын кеңейтуді мақсат еткен тағылымды шара өзіндік мән-маңызымен жүректерге жол тапты.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы




