Цирк – сырлы, сиқырлы әлем. Бала тұрмақ, үлкен адамдардың өзін елітіп, балдәурен шаққа жетелейтін өнер түрін меңгеру әр адамның қолынан келмесі анық. Осынау таңғажайып әлемде жеткіншектерге қызықты ұмытылмас сәт, әсерлі сезім сыйлап жүрген жанның бірі – Астана циркінің бас клоуны Әзілбек Болатов. Әзілбек аға цирк өнерінің клоунада, сиқыр, акробатика, жан-жануарлармен жұмыс сынды бірқатар бағытын меңгерген.

«Күлдіре білу де өнер» демекші, түрлі қимыл-қозғалыс, іс-әрекетіңмен адамның көңілінен шыға білу оңай іс емес. Оған үлкен ізденіс керек. Елу жылдай осы салада еңбек етіп, еліміздің ең кішкентай көрермендерін қуантудың түрлі жолдарын іздеп, жатпай-тұрмай дайындық үстінде жүретін ағамыздың өнерге ынтықтығы да бала кезден басталған. Жамбыл ауданының Қарақыстақ ауылында дүниеге келген Әзілбек Болатов мектепте жүрген кезінде-ақ концерттерге қатысып, спектакль қоятын. Сондықтан да бала кездегі арманы театр әртісі болу еді. Бірақ актерлік мамандыққа түсе алмаған соң, Алматыдағы республикалық эстрада-цирк студиясының дикторларды, конферанцтарды даярлайтын бөліміне қабылданады. Онда екі айдай оқыған соң, цирк әртістері бөліміне ауыстырылады. 1978 жылы оқуын бітірген соң, еңбек жолын Қызылорда облыстық филармониясында бастайды.1979-1981 жылдары әскер қатарында болып, одан кейін Семей облыстық филармониясында жұмысын жалғастырады. 1986 жылы Алматы облыстық филармониясында, 1992 жылдан бастап Алматы циркінде еңбек етеді. Осылайша үлкен өнерге қадам басқан Әзілбек Болатов өмірлік қосағы Сәуле Әйтенқызы екеуі циркте талмай қызмет етіп келеді. Зайыбы Сәулемен де өзі білім алған студияда танысады. Ол өзінен бір курс төмен оқыған. Олар 1979 жылы отбасын құрып, содан бері жұптары жазылмай бірге келеді. Ұлдары Беркін де ата-анасының жолын қуып, цирк әртісі атанды. Бес жасынан ата-анасымен сахнада өнер көрсетіп, сиқырлы өнердің қыр-сырын бала жастан меңгерген ол бүгінде Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде дәріс беруде.
Өнерлі отбасы көпшілікке алғаш 1987 жылы «Тамаша» ойын-сауық отауы арқылы танылды. Сонда сиқыр мен акробатиканы қатар алып жүретін жандарға таңғалмаған адам болмаған шығар?!
Әзілбек, Сәуле Болатовтар 2005 жылы арнайы шақыртумен Астанада жаңадан ашылған циркке ауысады. Әзілбек аға сол кезден бастап бас клоун болып жұмыс істеп келеді. Одан бөлек гимнастика, эквилибристика деген жанрларды меңгеріп, иттермен өнер көрсетуді жолға қойған. Бүгінде үйретілген жеті иті бар. Әзілбек ағаның өмірінің бөлшегіндей болған Астана циркінің ашылғанына да биыл 20 жыл толды.
Жалпы циркте жүріп Әзілбек, Сәуле Болатовтар 25 елде өнер көрсетіпті. Дүниежүзінде алдыңғы орында тұратын Қытай циркінде де жұмыс істеп, тәжірибесін толыстырған. Бірқатар байқауда да бақ сынаған Әзілбек аға 2015 жылы Қытайда өткен Дүниежүзілік цирк әртістері фестивалінің лауреаты атанып, 2-орынды иеленген. Цирк өнеріне сіңірген өлшеусіз еңбегі үшін «Мәдениет саласының үздігі», «Мәдениет қайраткері» атанған ағамыз бүгінде шәкірт тәрбиелеп, өзі меңгерген мамандықтың қыр-сырын жастарға үйретуде.

– Өзім де ұстаздардан тәлім алдым. Студияда Иван Штоль деген неміс ұлтының өкілі сабақ берді. Ол кісі кейіннен Германияға кетіп қалды. Осы ұстазым цирк өнеріне барынша тәрбиеледі. Кейін жұмыс істеп жүргенде сахна мәдениетін түсіндірген Герман Терентьевич деген кісі болды. Ол ұстазым да көп нәрсе үйретті. Бүгінде 13 және15 жастағы екі шәкіртім бар. Оларға өз білетінімнің бәрін үйретуге тырысып жатырмын.
Қазір көбіне иттермен жұмыс істеймін. Олар да әртүрлі болады, біреуі қырсық, біреуі жалқау, біреуі талантты дегендей. Жануарлардың да тілін таба білу керек. Ұрып, қорқытып үйрете алмайсың, жалтақ болып қалады. Әртүрлі трюктарды көрсетіп, жақсы жасаса, ет беріп, я басынан сипап дегендей бабын табасың, – деді бізбен әңгімесінде цирк өнерінің майталманы.
Ағамыздан өзінің мамандығына және табиғатына сай келетін есімінің қалай қойылғаны туралы да сұрап білдік.
– Есімімді Әзілбек деп Қазыбек деген ағама ұқсастырып, апам қойған. Адамдардың көбі менімен әңгімелесе келе: «Атыңызға затыңыз сай адам екенсіз», – дейді. Жалпы өзім өмірде көңілді адаммын, жұртты күлдіріп жүргенді жақсы көремін, – деді ол.
«Ауылды сағынасыз ба?» деген сауалымызға Әзілбек ағамыз:
– Ауылдан шыққан соң әрине туған жерді сағынасың. Бірақ жиі бара беруге жұмыстан қол тимейді. Ауылға барғанда туған-туыс, сыныптас, достар жиналып, арқа-жарқа болып қаламыз. Алдағы көктемде мектепті бітіргенімізге 50 жыл толады. Соған орай сыныптастар бас қоссақ деп бүгіннен әзірлік жасаудамыз. Цирк өнерін жастарға табыстаған соң, туған жерге оралсам деген ойым бар. Өміріміздің мәні болған цирк өнері дами берсе, біз де алаңсызбыз, – деді Мәдениет саласының үздігі.
Біз де ауылдан шығып, ерекше өнерді меңгеріп, үлкен сахнаны бағындырған ағамыздың еңбегіне толайым табыс тіледік.
Алма ЕСЕНБАЙ




