[um_weather city="Қонаев"]
Сенбі, Қаңтар 24, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Жаушы

    17.01.2026
    in Барлық жаңалықтар, Тарих
    Жаушы
    0
    SHARES
    101
    VIEWS

         Жәңгір хан қосындарымен бірге болған Жанбаба 1604 жылы Қаратаудың теріскейінде туған. Медреседе оқып, білім алған. 12 жасынан бастап садақ атып, найза сілтеу, қылыштасу өнерімен машықтанып өскен. Хан ордасында аға сұлтан Тәуекелмен бірге аң аулауға шығатын, құланды даласында құлан атуға өте епті болған. Аттың жалына жабысып, құлан үйіріне еркін жақындап барып, байталын желкесінен атып құлатады екен. Шүйдеден тиген жебені бауыздамай суырып алса, құлан есін жинап қашып кетеді. Сондықтан оқ тиіп құлағанда жебені суырмай тұрып бауыздаған.

    Жайлауда хан ордасымен жақын отырады. Хан Жәңгір қосыны Қаратау бауырында екі түмен әскер болған. Әскерге керек азық-түлік, мінетін атты арқадан бері қарайғы қазақ ауқаттылары көтереді. Салық жинау және оны Түркістан маңына жеткізу әр рудың билері арқылы жүргізілген.
    Жәңгір хан шығыс шекара аймағына баруға шағын қолмен жолға шығады. Қасында жүз қаралы нөкерімен Алатауды бөктерлей жүреді. Бұл жолда әр қырық шақырым сайын бекеттер бар еді. Бұл бекеттер Қасым хан кезінде орнатылған. Әр бекетте он бес-жиырма адам және хабар беруге арналған бес-алты ат келесі бекетке шауып жетуге арналған. Олар күндіз-түні дайын болуы шарт. Жәңгір хан келе жатқанда алдын ала елге хабар беріп отыратын осылар. Барар жері – шығыс шекара аймағын қамту. Алмалы бекетінде Шоған абыз ауылына тоқтайды. Бұл жерде бір күн болып, Іледен өтіп, Алтынемелді жайлаған Жалайыр еліне жетеді. Осында Шапырашты Қарасай бастаған үш жүзге жуық қолға кездеседі.
    – Ассалаумағалейкум, алдияр хан, – деп қолын кеудесіне қойып амандасады Қарасай батыр.
    – Уағалейкумассалам, батыр! Қалай, ел-жұртың аман ба? – деп жай сұрайды.
    – Аллаға шүкір, ел аман. Сізбен жеке сөйлессем, – деп Қарасай атқа мінеді. Алға озып, топтан бөлініп шығады. – Қалмақ тағы құтырайын деп тұр. Қалмаққа барып қайтқан бір сенімді адамымыз Батыр қонтайшы көп қол жинап жатқанын көріп келді. Тағы бізге осы Іле бойынан шығады-ау. Елді Көксудан ары көшіріп жатырмын. Мұнда қол өте аз, көп ел Арқа мен Алтайға кеткен.
    – Тоқта, айтқаның рас болса, бұл өңірдегі қазақ төтеп бере алмайды-ау. Онда ордаға бір адамды құпия түрде жөнелту керек, – деп Жәңгір хан Қарасайды қостады. – Жарайды, сен осыны анықта, мен бір адам дайындайын, – дейді.
    Қарасай өз әскерімен шекара жаққа аттанды. «Біз Қасқабұлақтан өтіп, осы маңға қоналық», – деп Жәңгір өз төлеңгіттеріне бұйырды. – Жанбаба, сен екеуміз анау шуылдақ құмға барып қайталық, – деп хан өр жақтағы құмтөбеге қарай жүрді. Топтан ұзап шыққан соң: «Жанбаба, саған бір құпия тапсырма болып тұр. Дереу Ташкенге жетуің керек. Себебі қалмақ тағы бас көтеріп, біздің елді шапқалы жатыр екен. Кешке Қарасай келеді, сен анау талдың түбіне демал, ешкімге ешнәрсе айтушы болма. Мен Қарасайды саған жіберемін. Қайткенде Ташкенге аман жетуің керек. Ең төте жолды өзің білесің, қайтарда Қордайға салмай, Шуды өрлеп, Тоқпаққа жетпей, Суықтөбемен асасыңдар. Одан соң бөктерлеп Есіктің тұсындағы өткелден тура өтесіңдер. Мына алқа – хан жолдамасы, бекет басшысы мұны көргенде саған жақсы ат мінгізеді, келесі бекетке ол атпен шауып жетесің. Өзіңді-өзің берік ұста, садақтан басқа қару алма. Есікке жеткенде денеңді қыл арқанмен буып ал, күш-қуатың сарқылмайды. Алла бұйыртса, үшінші күні Ташкенге жетесің» – деп Жәңгір хан қосынына кетті. Қас қарая Қарасай қайта оралды. Жәңгір хан екеуі бөлек шығып: «Қалмақ қолы үш түмендей екен, дайындалып жатыр қазақты шабуға. Енді біз тез қимылдайық. Әлгі адамыңыз қайда, дайын ба?» – деп Қарасай мән-жайды баяндады.
    – Жақсы, ол Құмтөбенің арғы жағында, сенің туысың, Уанашының баласы – Жанбаба. Өте қарулы, әрі мерген. Үш күнге атқа шыдайды. Соған тапсырдым, – деп Жәңгір жаушының жайын түсіндірді.
    – Иә, ол жамбы атудан алдына жан салмайды. Қасында әлгі заржақ Сүйіндігі бар ма? – деді Қарасай.
    – Сүйіндігі жоқ, ағасы Қалыбек осында. Сен барып Жанбабаны жолға сал, Іледен өткізіп қайт, ар жағын өзі табады, – деп Жәңгір Қарасайды жұмсады.
    Жанбаба сол жатқаннан Қарасай келгенде бір-ақ оянды.
    – Ал, Жанбаба, жағдай былай, қалмақ қазақты шабуға дайындалып жатыр. Жалаңтөс баһадүрге тез жетіп, хан бұйрығын жеткізесің. Сен ерте жетсең, олар да ерте қозғалар. Уақыт өте аз. Түнде жүргенде өте сақ бол. Не сыбыс көрсең де айналып өт. Міне, өткелге де жеттік, – деп Қарасай бар ақылын айтып, өзі жағалауда қалды.
    Жанбаба өткелден өтіп, қараңғыға сіңіп жүре берді. Есік бекетіне ел орынға отыра жетті. Қарауыл алдынан шығып: «Бұл кім ей?» – деп дауыстады.
    – Мен хан жаушысы! Хан Жәңгірден! – деді Жанбаба.
    – Белгің қандай? – деп дауыстады қарауыл.
    – Белгім – Қасым хан, – деді Жанбаба.
    – Жақсы, жақын кел! – деді қарауыл.
    Бұл жолда кім хан жаушысы болса, сол Қасым хан деп айтуы керек. Хан жаушысынан басқа адам бұл сөзді білмейді.
    – Біз тез аттануымыз керек, басшы қайда? – деп Жанбаба асығыс сөйледі.
    – Мен басшы, белгің қане? –Жанбаба мойнына тағылған белгіні көрсет­ті. – Тез ат дайындаңдар! Қоржы­ныңда азығың бар ма? – деп сұрады басшы.
    – Торсыққа қымыз құй! Мен ертең сәскеде бір-ақ демаламын.
    – Сенімен бірге бір жолсерік барады, екі ат та мықты. Екі биесауым уақытта келесі бекетке жетесіңдер. Қылыш, найзаңды осында қалдыр, садағың мен қанжарың өзіңде болсын. Мына арқанмен киіміңнің сыртынан денеңді жақсылап орап, кебентайды сыртынан киіп ал. Әр бекет қырық аршыннан, ертең сәскеде Қордайдан асасың. Ал Алла аман жолын берсін! – деп шығарып салды.
    Жанбаба тоқтаусыз жортып, үшінші күні Ташкенге жетті. Жалаңтөс баһадүрге оңаша жолығып, хан жарлығын естіртті. Бұйрық­ты тыңдаған Жалаңтөс дереу мыңбасы­ларын шақырып, қалмақ қазаққа тағы шабуылға дайындалып жатқанын хабарлап:
    – Дереу жолдың қамын жасап, ертең Шолпан туа атқа қонуды тапсырамын. Әр сарбаз екі ат алуға барынша мүмкіндік жасаңдар! Ал, балам, сен жатып демал. Ертең бізге жол көрсететін басшы боласың. Сен үш күнде жетсең, қол жеті-сегіз күнде жетуі керек, – деп Жалаңтөс жол қамына кірісті.
    Қазығұрттың бауырынан асқан қол жаушыларды алға оздырып, Шу бойындағы Ысты, Дулат елдерінің билеріне хабар берді. Алмалыға жеткенде Шоған абыз елі көптеген мал сойып, етін боршалап, тұздап, терісіне орап, отын жинап, әр жерге үйіп қойды. Жанбаба алға қолдан бұрын жетіп, дайындалған ет пен отынды көріп, Шоған абыз елінің басшыларына алғыс айтты.
    Қосынның алды жеткенде Жалаңтөс баһадүр сойылған малды көріп: «Аллам-ау, осынша малды қалай сойып үлгерген? Алланың рахметіне бөленсін! Ой, Жанбаба! Саған көп рахмет, қанша жорықта жүріп, сарбаздарды бұлай тойдыру мүмкін емес еді. Мынау отқа қақтап жеген ет деген дәмді болды», – деді.
    – Еее, сардар аға, қырда өскен көкжалдың ұрпағы емеспіз бе? Еттің қалай дәмді боларын білеміз ғой, – деді Жанбаба. – Сардар аға, Жәңгір хан хабаршы жіберіпті, жағдай қиын, отыз мың әскермен қалмақ шабуылдапты. Кеше кешке жауды тоқтата алыпты, ең таңдаулы бес мың сарбазбен жылдам қозғалайық, – деп Жанбаба хан сәлемін жеткізді.
    – Ең төте жолды таңда, қолдағы ең таңдаулы ат мінген сарбаздарды іріктеп, алайық, – деп Жалаңтөс баһадүр мыңбасыларды жинады.
    – Қазір жүріп кетсек, ертең сәскеде жетіп қалармыз, – деп Жанбаба жөнін айтты.
    – Уа, сарбаздар! Алда бір күндік жол бар, бірақ барлық қол бірдей жету мүмкін емес. Атым бір күндік жүріске шыдайды деген сарбаздар алға шығыңдар. Және бәрің де жетекке ат алыңдар! – деп жар салды қолбасшы.
    Бас-аяғы естіп болғанша сүт пісірім уақыт кетті. Алға шыққан алты мыңға жуық сарбаз шұғыл аттанды. Таң бозарып атқанда бұлар шайқас алаңына жақын келіп тоқтады. Жанбаба Жәңгір ханнан келген жаушының бірін Жалаңтөстің жанына қалдырып, екіншісімен Жәңгір ханның тұрағына кетті. Қарауыл бұларды тоқтатып, ханға хабар берді. Бозарып атқан таңмен орнынан тұрған Жәңгір хан бұлардың алдынан шығып: «Әй, жаушылар қайда? Бері келіңдер!» – деп үн қатты.
    – Ассалаумағалейкум, хан ием! – деп Жанбаба қолын кеудесіне қойды.
    – Уағалейкумассалам, иә, Жанбаба сенбісің? Аман жеттің бе? – деп хан да алға ұмтылды.
    – Иә, хан ием! Біз де жеттік, Жалаңтөс баһадүр де жетті. Таң ата олар да осында болады, – деп Жанбаба түсіндірді.
    – Қарасай қайда? Дереу қолдың алдынан шығайық, атты алдырыңдар! – деп хан жас балаша қуанды.
    Иә, бұл өте қуанышты хабар еді. Отыз-қырық мың әскер шапса, ертең-ақ шашырап жатқан қазақты қырып салмай ма?
    – Жанбаба, сен жатып демал, біз қолды қарсы алайық, – деп Жәңгір хан сауыт-сайманын киіп, атқа қонды. – Ал, Қарасай! Алла ісімізді қолдап тұр. Кешегі қиыншылықта көрсеткен қарсылығымыз бүгін жеңіске ұлассын, – деп Жәңгір жүріп кетті.
    Қарасай қасына жүз қаралы сарбазын ертіп, Жәңгір ханның соңынан ерді. Арайлап атқан таң жерге нұрын шашып, жарқырай жөнелді. Алмалыдан сары желіспен қозғалған қол Орбұлақтың батыс жақтағы дөңіне келіп тоқтады.
    – Аттарың әлсірегендер, тың аттарыңа мініңдер! Жетектегі аттарды түгел босатып, он жігіт отқа жайсын. Артта қалған сарбаздарды күтіңдер, олар жеткенде ат ауыстырып мінеді, – деп Жалаңтөс мыңбасыларға бұрылды. – Жүз сарбаз анау дөңге шығып, қарауылда болыңдар! Ааа, Қалыбек сен бе? Мынау сарбаздарға бас болып, жау жақты бақылауға барыңдар!
    Дәл осы кезде Жәңгір хан мен Қарасай батыр келіп жетті. Қарасай бөлініп шыққан сарбаздарды босатып: «Сендер артқа қайтып, демалыңдар. Менің сарбаздарым күзетке тұрады», – деп өз сарбаздарын алға оздырды.
    – Ассалаума­ғалейкум! – деп Жалаңтөс ханға сәлем берді.
    – Уағалейкум­ассалам! – деп Жәңгір хан да аттан түсіп, құшақтасып аман­дасты. – Батырым, аман жеттіңдер ме? – деп Жәңгір хан жайын сұрады.
    – Иә, хан ием, аман жеттік. Сіздің жаушы Жанбаба жолдың ең төтесімен жүргізді. Үйсіндер жолда Жанбабаның бұйрығымен қарнымызды ашырмады. Ойлаған уақытта жеттік. Өз қалдарыңыз қалай? – деді Жалаңтөс.
    – Біз кеше қалмақты тұзаққа түсіріп, оңдырмай қырғынға ұшырат­тық. Бүгін, міне, сендер келіп қосыл­дыңдар. Алла бұйыртса, жеңіс біздікі болар, – деп Жәңгір хан жұртты рухтандырды.
    – Соншама көп қалмақты қалайша тұзаққа түсірдіңіздер? – деп Жалаңтөс таңғалды.
    – Бұл қазақ хандарының тарихында болмаған тұзақ болды. Кем дегенде, алты-жеті мың қалмақ жер құшты. Қалғаны, амал жоқ, кейін шегінді, – деп Жәңгір жігерлене түсті.
    – Мылтық пен жебенің күшін көрсеттік! – деп Қарасай нығыздай сөйледі. – Ал енді мына сарбаздар демалсын, біз анау төбеге шығалық, – деп өр жақта тұрған төбені көрсетті. – Кеше кеште жебені жинаған отыз сарбаз әрқайсысы үш қоржын оқтан жинапты. Бұл жаудың соншалықты көп өлгенін көрсетіп тұр. Қаншасы қараңғыда көрінбей қалды. Осыншама оқ атылған және оқтың көбі дәл тиген, – деп Қарасай өзі таңғалып тұрды.
    – Қалмақ енді бұл жерге жолай қоймас, басқаша әрекетке көшетін болар, – деп Жалаңтөс ендігі қалмақтың бағытын топшылады.
    – Қарауылда тұрған адамдар хабар береді, олар қалмақтың басқан ізін аңдып отыр, – деп Жәңгір хан жағдайды түсіндірді. Ханның күтуші төлеңгіттері қоржыннан алып дастарқан жайып, барлығын тамаққа шақырды. Биенің бас сауымындай уақытта қарауылдан мынадай хабар келді:
    – Хан ием, қалмақ қозғалды. Бір бөлігі Орбұлақтың шығысына, екінші бөлігі осылай қарай қозғалды.
    – Түсінікті. Дода соғысқа кірмей, қоян қашты соғысалық. Мың сарбаз жауға жақындап келіп, оқ жаудырып, кейін шегінеді. Осылай жауды қоршай соғысалық, – деп Жәңгір хан бұйрық берді. – Қарасай, Қалыбек, сендер Орбұлақтың арғы шығысына шығып, жауды бар мылтықпен қарсы алыңдар.
    Жәңгір хан қайта Жалаңтөске бұрылып: «Ал енді сіздер, әр мың­дықтың мыңбасылары қоян қашты соғыс салсын. Бір тобы оң жақпен, екінші топ сол жақпен алма-кезек соғыс салыңыздар. Қоян қашты соғыста шығын аз болады, әрі арттағы қол жеткенше осылай амалдай тұрайық» – деді.
    Осылайша, үш күндік соғыста Батыр қонтайшы отыз мыңдық әскерінің жартысынан көбінен айырылып, Шапшал тауынан ары асып қашады. Жалаңтөс баһадүр Іленің жазығында қалмақтан қалған бар малға ие болып, Ордаға қайтты. Жанбаба мен Қалыбек бастаған қосын нөкерлері мол олжамен хан Жәңгірдің бастауымен ордаға оралды. Қарасай, Ағынтай батырлар шығыс шекара аймағында қалып, Күреңбел жайлауындағы елге отырды. Орбұлақ шайқасына Жанбаба мен оның немере ағасы Қалыбек батыр қатысып, осындай ерлік көрсеткені туралы қариялар естелігінен бізге жетіп отыр.

    Шайза Бітебаев

    Ұсынымдар

    Президент қазақстандықтарды Конституция күніне орай құттықтады

    Дала заңымен үндескен

    1 year ago
    Ұландықтар Қонаев қаласында суық қару алып жүрген азаматты ұстады

    Ұландықтар Қонаев қаласында суық қару алып жүрген азаматты ұстады

    1 week ago
    Сегіз қырлы, бір сырлы

    Сегіз қырлы, бір сырлы

    2 years ago
    Ұлттық ойынның үздіктері марапатталды

    Ұлттық ойынның үздіктері марапатталды

    2 years ago
    Алматы облысында 3,9 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады

    Алматы облысында 3,9 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады

    3 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>