Жұмыр жердің бетіндегі күллі игі-жақсы әрекеттің бәрі адам үшін! Сіз ұстап отырған газет, үстел үстіндегі журнал, сөредегі кітап та адамзаттың рухани ашықпауының амалы. Республикалық әдеби-мәдени, танымдық «Мұқағали» журналын парақтай қалсаңыз, еріксіз осы ойдың есігін қағасыз. Аталған журнал 20 жылдан бері өз оқырманымен қауышып келеді.
Журналдың 2025 жылғы қорытынды саны көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденов пен айтыс өнерінің ақтаңгері Оразалы Досбосыновқа арналды. Әсіресе Хантәңірдің мұзбалағы Мұқағали Мақатаев пен қазақ жырының тұңғиығы саналатын Жұмекен Нәжімеденов арасындағы үндестік, жан тазалығы мен рухтың тереңдігі тебірене сөз етілген.
Ең әуелі журналдың әлқиссасы ақиық ақынның қыс мезгілін бейнелеген «Ақ мамықтар ақ аспанда қалықтаған» шақтың алуан картинасын көзге елестететін, уақыт пен кеңістік аясындағы сан сырды толғап, бабалар тағылымының терең иіріміне бастайтын өлеңдері берілген.
Одан әрі белгілі әдебиеттанушы, сыншы Амангелді Кеңшілікұлының «Мұқағали мен Жұмекен» атты мақаласы оқырман назарына ұсынылған. Онда автор қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген қос таланттың өлеңдегі сарыны өзгеше болғанымен, тағдырларындағы таңғажайып ұқсастықты тілге тиек етеді. Шындығы шынжыр құрсауда қалған қоғам мен ел еркіндігі тұтқындалған заман зарының екі ақынның жүрегіне жүк түсіргенін, алайда қос талантқа тиесілі аласармас асқақтық пен тым тұңғиық тереңдіктің мәңгілікке қалғаны аян. «Екеуінің де шерлі жүрегіне «соқыр, мылқау, таскерең» қоғамның топас қанжары қадалып, тажал тағдырдың азабын тартқызды. Көктемнің таңындай жадырап атқан екеуінің де өмірі ақыры белгісіздік тұманымен қоршалып, жапа шекті», – дейді автор.
«Жазылар естеліктер мен туралы» бөлімінде ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Айтқали Нәріковтің «Біз көрген Мұқағали» атты естелігінде ақынның қазіргі Батыс Қазақстан облысындағы сапары кезіндегі шабытты шағы мен асыл адами болмысы сағынышпен еске алынады. Сондай-ақ оралдық Нұрсағат Маратұлы атты оқырманның ақын шығармашылығын шыңға балаған шынайы ықыласы баяндалады.
Гүлзейнеп Сәдірқызының «Ұлы сезім немесе қатал үкім» атты әңгімесінде тағдырдың қатал сынына түскен махаббат хикаясы көрініс табады. Шығармада екі жас арасындағы сыйластық пен қимастық арқылы адам жанының асыл қасиеті, асқақ мұраты, риясыз, ынтық, нәзік сезімдері суреттеледі.
Қазақ әдебиетінің тарихына зер салсаңыз, өмір бесігін тербетіп, өлім күйін әлдилеп, оқырманды тасқа тұнған теңіздің тамшысындай таза табиғатымен табыстыратын алтын кезеңдегі көшбастаушы ақындардың бірі Мұқағали екені күмәнсіз. Оның мәңгілік мұрасы талай дарынның қанып ішетін қасиетті қайнар бұлағына айналғаны анық. Орақ тілді ақын Оразалы Досбосыновтың сол өшпес алаудан сөнбес сәуле іздегені ақиқат. Сол себепті «Құлмамбеттен қалған құлынның» 50 жылдығына орай айтыскердің «Мұқағали атама» атты өлеңі мен Жүрсін Ерман, Жарас Сәрсек, Дәулеткерей Кәпұлы сынды замандастарының айтыс өнерiнде жасындай жарқылдап өткен жарық жұлдызды жоқтаған азалы жырлары берілген.
Светқали Нұржанның «Балалықтың боз жейдесі» прозасы басылымның осыған дейін бірнеше санында беріліп, оқырман қызыға оқитын туындысы журналдың кезекті санында жалғасын тапты. Шерлі заманда шетел асқан қандастардың ата жұртымен қайта қауышуы, Маңғыстаудың облыс болып оңаша орда тіккен кезіндегі ел мерейі тасыған сәттегі дүбірлі той мен аламан бәйге шығарманың негізгі арқауына айналған. Онда ұлтымыздың сара салты мен ақсақалдардың бойындағы дала даналығы шебер бейнеленеді. Шығармадан «Сәйгүліктер тұяғының дүбірін естіп, өзіңді өмір бәйгесіне қосып, алдымнан кім күтіп алар екен?» дегендей ойға шомасың. Әңгіменің өн-бойындағы келсімді ой мен кестелі тіл де оқырманды еріксіз елітеді.
«Кім білсін, қаншама әлі шырқарымды, Кім білсін, қай күні сен қырқарыңды?! Мұқағали жоғалса қайтер дейсің, Жоғалтпасам болғаны ұрпағымды», – деп ұрпағының үнін, қазақтың қара өлеңінің жоғалмауын мансұқ еткен ақиық ақын Мұқағалидың өлеңдері теңіз түбіндегі асыл тас сияқты. Сондықтан да ақын атындағы журналдан жас ұрпақтың үнін жария етудің мәні зор. Әрине, журналдың әр санында жастар поэзиясына кеңінен орын беріліп келеді. Бұл санда Қарадаланың қанаты қатайып келе жатқан дарынды түлегі Мұқағали Нұрсұлтанұлының өлеңдері берілген. Бозбала ақынның көкірегінен көкке қанат қаққан көгершін жырлардың аспаны биік боларына айрықша сенгіміз келеді. Өйткені оның жүрегінде бұлақтай мөлдір сезім тулап, бір бұла күш бұлқынып жатқаны аңғарылады.
«Мұқағали» журналының алтыншы саны аталған басылымның 20 жылдығына арналған «Мұқағалитанудың қайнар көзі» атты мерейтойлық кешпен түйінделген. Аталған шараға арнайы келген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қаламгерлер қауымына Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы сәлемі мен зор ықыласын жеткізіп, ақын атындағы басылымның ұлт руханияты мен Мұқағали мұрасын насихаттауға қосқан үлесін ерекше бағалайды. Сонымен қоса, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреты, көрнекті ақын Нұрлан Оразалин, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Батық Мәжитұлы ақын атындағы журналға қатысты лебіздері мен ой-пікірлерін ортаға салыпты.
Екі онжылдық ішінде журнал жас буын қаламгерлерінің қанатын қатайтып шығарған шығармашылық ұстаханаға айналып үлгерді. Ұлы ақын қалдырған көл-көсір мұраның шамшырағы, Темірқазық жұлдызы іспетті бұл басылым толқын-толқын буынға туындыгерлік алаң ретінде 20 жыл бойы қызмет етіп, ұлттық әдебиеттің ұлы көшін тынбай алға сүйреген керуендер қатарында келешекке бет алып барады. Алдағы кезеңде де басылым осы бағыттан айнымай, шығармашылық өрісін кеңейте беретініне кәміл сенеміз!
Ерзат АСЫЛ




