⛅
9°C
Қонаев
Бейсенбі, Ақпан 19, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Қарқынды дамудың құпиясы

    20.01.2026
    in Барлық жаңалықтар, Экономика
    Қарқынды дамудың құпиясы
    0
    SHARES
    11
    VIEWS

    Қазіргі заманда кез келген елдің жан-жақты дамуын айқындайтын фактор – инновация мен инвестиция екені анық. Бұған Қазақстанмен қарым-қатынасын барынша нығайтып, экономикамызға қомақты инвестиция құйып жатқан Қытай Халық Республикасы ерекше мән беріп отыр. 2024 жылы бұл елде жалпы ғылыми-зерттеу (R&D) шығындары қарқынды өсті, оның ішінде базалық зерттеулерге бөлінетін қаражат 249,7 млрд юань болған.  

    Соның арқасында Қытайда жыл соңында жарамды пайдалы патенттердің саны алғаш рет 4,76 миллионнан асқан. Оның ішінде «жоғары құнды» (high-value) патенттер саны 10 000 адамға шаққанда 14 патенттен тура келген. Бұл дегеніңіз әр 2 мың адамның үшеуі жаңалық ашып, елдің дамуына өзіндік үлес қосып жатыр деген сөз. Сондай-ақ 497 мың компания осындай жарамды патенттерге ие болғаны хабарланды. Бұл – одан алдыңғы жылмен салыстырғанда – 69 мыңға артық. Ал жаңа технологиялық бизнес-модельдердің ІЖӨ-дегі үлесі 18,01%-ды құрапты.

    Жалпы Қытайдың инновациялық ортасы жылдам дамып келеді. Өткен жылы оның «инновациялық индексі» 5,3%-ға өскен. Мұның бәрі Қытайдың тек өндірістік қуаты бар «маса-зауыт» емес, келешекте ғалымдар, инженерлер, зерттеу институттары, кәсіпорындар, технологиялық стартаптар және интеллектуалды меншік жүйесі арқылы инновациялық державаға айналуына мүмкіндік туғызып отыр. Оның технологиялық және ғылыми базасы – R&D-ге бөлінетін қаражат, патенттік белсенділік.

    Қытайдың инновациялық қуаты бүгінде ең дамыған ел саналатын Американың технологиялық көшбасшылығы үшін үлкен сын-қатерге айналды. Соңғы жылдары Қытай АҚШ-пен R&D шығындары бойынша теңесуге шақ қалды. Егер Құрама штаттарда бұл көрсеткіш $823 млрд-ты құраса, Қытайда ол $781 млрд-қа жетті. Салыстыру үшін айта кетейік, 2007 жылы Қытай бұған сол кездегі Испания мен Италияның деңгейінде ғана, бар-жоғы – 136 млрд доллар жұмсаған. Яғни, бұл ел 17 жыл ішінде Еуропа соғыстан кейінгі кезеңде қайталай алмаған серпіліс жасады деген сөз.

    Қытайда қазірдің өзінде 150 мыңнан астам корпоративтік зерттеу орталықтары, 5 миллион инженер бар, жыл сайын 50 мың STEM-докторы шығарылады. Бұл – АҚШ-тағыдан да едәуір артық және осы беталыс жыл өткен сайын қарқын алып келеді. Мұның бәрі – министрліктер, университеттер, өнеркәсіп және провинциялар бір үлкен станоктың бөлшектері ретінде жұмыс істейтіндей етіп, орасан зор біртұтас техно-бюрократиялық экожүйеге енгізілген. Биомедицинадан бастап өлшеу аспаптарына дейін, автомобиль өнеркәсібінен бастап электроникаға дейін жоғары технологиялық өндіріске салынатын қаржы көлемі бірнеше есеге өскен. Мысалы, жоғары технологиялық өндірістерге бағытталатын инвестиция түсімнің 5%-ына жақындаса, өнеркәсіптік роботтар шығару тұрақты өсіп келеді. Күн панельдерінің өндірісі 2021 жылғы 250 ГВт-тан 2024 жылы шамамен 600 ГВт-қа дейін, жаңа энергетикалық автомобильдерді шығару – үш жылда үш есеге жуық ұлғайған.

    Керісінше, дәл осы тұста АҚШ-та ғылымға бюджеттік қысым дәуірі басталды: Трамп әкімшілігінің жанындағы федералдық ғылыми бағдарламалардың қысқаруы жетекші зерттеу бағыттарына қауіп төндіретіні анық. Технологиялық көшбасшылық – бұл нарық күші ғана емес, ол – ұзақ мерзімді мемлекеттік инвестициялардың нәтижесі. Іргелі ғылымды дамытуға жеткілікті қаржы салмайтын елдер тұтас инновациялық экожүйені құратын басқа елдерден сөзсіз артта қалады. Осы тұрғыдан алғанда Вашингтон мен Пекин арасындағы бәсекелестік тек ақша төңірегінде ғана емес. Бұл дегеніңіз – мемлекеттің ұзақ жылдар бойы мығым тұруы және ағымдағы саясаттың қысымымен өз институттарын бұзып алмау қабілетін берік сақтауы деген сөз.

    2024 жылы Қытайдың ғылыми‑зерттеу және тәжірибелік‑конструкторлық жұмыстарға (R&D) жұмсайтын жалпы шығыны 3,6 триллион юань болған, бұл – 2020 жылмен салыстырғанда өсім 48 %-ға артқанын білдіреді. R&D қаржысы жалпы ішкі өнімнің шамамен 2,68 % деңгейіне жетіп, Еуропалық Одақ елдерінің орташа деңгейінен асып түсті. Ал «негізгі (fundamental) зерттеулерге» бөлінетін қаражат көлемі жалпы R&D бюджетінің шамамен 6.91%-ын құрайды. Халықаралық ауқымдағы жоғары деңгейлі ғылыми мақалалар мен патенттер саны бойынша Қытай бес жыл қатарынан әлем көшбасшысы болып келеді. Қытайдың «жалпы инновациялық қабілеттілік» рейтингі бұдан бес жыл бұрын әлем елдері арасында 14‑ші орында болса, өткен жылы 10‑шы орынға көтерілді. Бұл деректер Қытайдың ғылым мен технологияға салған инвестициясы мен ғылыми белсенділіктің нақты өскенін айқын көрсетеді.

    Сарапшылардың дерегіне сәйкес, Xiaomi секілді ірі компаниялар соңғы 5 жылда 105 млрд юань көлемінде R&D‑ге инвестиция салған. Олар алдағы уақытта да «ақырғы технологияларға» (мысалы, жоғары деңгейлі чиптер, жаңа материалдар) баса көңіл бөлуге ниетті.

    Southern University of Science and Technology вице‑президенті Jin Li-дің айтуынша, Қытай «білім, ғылым және талант жүйесін түбегейлі реформалап», ғылыми кадрларды үйлестіре отырып, «жоғары сапалы даму үшін ғылым‑технологиялық инновацияның қуатын толық ашуға» дайын.

    Шынында да соңғы жылдары Қытай «ғылым-өндіріс-инновация» интеграциясын өте жеделдетті: ғылыми зерттеулер мен өндірістік инновациялар бір платформада іске асырылып, жаңа технологиялар тез арада нақты өндіріс пен коммерцияға айналуда. Ғарыш саласы, биотехнология, материалтану, кванттық ғылымдар сияқты салаларда ерекше зерттеулер мен нақты жобалар іске асып жатыр. Бұл – Қытайды тек технологияларды көшіруші емес, жаңашыл «шығармашылық күшке» айналдыратыны ақиқат.

    Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, осындай бағыттар – Қытайдың инновациялық болашағының негізі. Олардың айтуынша, қазір Қытай – толық өнеркәсіптік жүйесі бар жалғыз ірі держава, бұл – жаңа технологияларды өндіріске жедел енгізуге толық мүмкіндік береді. Мемлекет + жеке сектор + ғылыми институттар бірлігі, үйлесімді мемлекеттік саясат – инновациялық жүйені жүйелі түрде дамытуға жол ашады. Зерттеу қаржысының тұрақты өсуі, базалық ғылымға да көңіл бөлу – ұзақ мерзімді ғылыми әлеуетті нығайтады.

    Әлемдік сарапшылардың ортақ пікірінше, қалай дегенде де Қытай – қазір тек өндіріс фабрикасы ғана емес, толыққанды «инновациялық державаға» айналу жолында. Инвестициялар, ғылыми зерттеулер, өндіріс пен технологиялардың интеграциясы – бұл бағыттағы нақты қадамдар. Егер бұл қарқын сақталса және сапа + шығармашылық + ашық нарық қағидаттары бірге жүрсе – Қытай алдағы 10-20 жылда жаһандық технологиялық көшбасшы деңгейіне көтерілуге лайықты мүмкіндіктерге ие.

    Ал Қытай инновациясының Қазақстанға тигізер әсері мен мүмкіндіктері қандай? «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл берсеңіз» – деп, Ұлы Абай айтқандай, ғылымға, ғылыми зерттеулерге бұрын-соңды болмаған мөлшерде инвестиция салып, инновацияға ерекше көңіл бөліп, жаһандық экономиканың алыбына айналып келе жатқан елден «көрші – көршіден ерте тұруды үйренеді» дегендей, адам әлеуетін, қаржыны тиімді жұмсау әдіс-тәсілдерін, өндірістік тәртіп пен заңдылықты сақтау сияқты нәрселерді үйренеміз бе? Жалпы бұл ел дамуының біздің экономикамызға қандай пайдалы тұстары бар?

    Сарапшылар Қытайдың технологиялық серпіні Қазақстан экономикасына бірнеше бағытта, атап айтқанда – экономика, инвестициялар және технология трансфері, білім және кадрлар даярлау, геосаяси және стратегиялық мәселелерде ұнамды ықпал ететінін айтады. Соның ішінде Қытайдың экономикада роботтандыру, өндіріске жасанды интеллект енгізу тәжірибесі Қазақстандағы тау-кен, мұнай-газ, металлургия, агроөнеркәсіпті цифрландыру арқылы өндіріс салаларын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Жібек жолының цифрлық белдеуі» және жаңа логистикалық технологиялары Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға айтарлықтай ықпал етуі мүмкін. Alibaba, JD, Tencent секілді платформалардың өңірге енуі еліміздегі электронды сауда, мобильді төлемдер, финтех сервисін жедел дамытуға мүмкіндік беретінін де айта кеткен жөн. Инвестициялар және технология трансфері арқылы жаңартылатын энергия (күн, жел), аккумуляторлар мен энергия сақтау жүйелері, «ақылды» ауыл шаруашылығы, цифрлық қауіпсіздік және бұлтты сервистер дамитын болады. Қазақстан үшін бұл – технология трансфері, яғни жаңа құралдар мен инженерлік білімнің келуі деген сөз. Білім және кадрлар даярлау тұрғысынан Қытай ЖОО-ларының ғылымға бағытталған гранттары мен бірлескен зертханалары Қазақстан жастарына – инженерия, қолданбалы математика, биотехнология, жасанды интеллект сияқты бағыттарда жаңа мүмкіндіктер ашады.

    Ең бастысы, Қытайдың инновациялық күшеюі аймақтағы экономикалық тепе-теңдікті өзгертеді. Қазақстан үшін бұл – теңгерімді саясатты сақтау, көпвекторлы технологиялық әріптестік, Қытай + ЕО + АҚШ технологияларын қатар пайдалану мүмкіндігі. Геосаяси және стратегиялық әсер дегеніміз осы!

    Енді инвестицияға келейік. Қытай – Қазақстанның ең ірі стратегиялық серіктестерінің және негізгі инвесторларының бірі болып саналады. 2005-2023 жылдар аралығында бұл елден бізге жалпы мөлшері $25,3 млрд инвестиция келді, оның басым бөлігі энергетика, химия және инфрақұрылымдық жобаларға бағытталды. Қазір ел көлемінде Қытайдың қатысуымен жалпы құны $66,4 млрд болатын 224 жоба іске асырылып жатыр. Бұл – мыңдаған жаңа жұмыс орындарының құрылуына мүмкіндік туғызады. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 2024 жылы рекордтық деңгейге – $44 млрд-қа жетті. Бұл көрсеткіштер Целинтанцзян жобалары мен «Бір белдеу – бір жол» бастамасының аясында экономикалық байланыстардың қарқынды дамып жатқанын білдіреді.

    Бастапқыда Қытай инвестициялары негізінен энергетика мен шикізат саласына бағытталған болса, қазір өңдеу өнеркәсібі, химия және жаңғыртылатын энергия жобалары белсенді даму үстінде. Қытай-Қазақстан ынтымақтастығы тек капитал ағынымен шектелмей, цифрлық технологиялар, логистика және экспорттық инфрақұрылым саласына да бағытталуда. әсіресе өңдеу өнеркәсібі мен ақпараттық-коммуникациялық секторларға салынатын инвестиция жыл сайын артып келеді.

    Осы тұрғыда Алматы облысының алатын орны ерекше. Себебі бұл аймақ – еліміздің инвестициялық тартымдылығы өте жоғары өңірлерінің бірі. Айталық, 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында облысқа негізгі капиталға 267 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл – бүкіл республикаға тартылған инвестицияның 4%-ын құрайды. Ал 2025 жылдың алғашқы алты айында облыс экономикасына салынған инвестиция 421,6 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл көрсеткіштер Алматы облысының инфрақұрылым, өнеркәсіп және агро-өнеркәсіп секторы үшін инвестицияларды тартудағы әлеуетін көрсетеді. Жақанда ғана Қытай Халық Республикасының делегациясы жұмыс сапарымен Алматы облысына келіп, өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетімен жан-жақты танысты. Сапар барысында тараптар агроөнеркәсіптік кешен аясында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

    Облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Әділ Әбілдаевтың айтуынша, 2026 жылға 37 жоба қарастырылған. Оның инвестициялық көлемі 600 млрд теңгеге жуық және 8,5 мың жұмыс орнын қамтиды. Бұл жобалар Алатау және Қонаев қалаларын, сондай-ақ ірі аудандар мен агроөнеркәсіп, туризм, логистика салаларында жүзеге асырылады. Мамандардың пікірінше, Алматы облысында кәсіпкерлік пен инвестиция салу үшін қолайлы орта қалыптасып келеді. Бұл жаңа өнідірістер ашылып, жұмыс орындарының көбеюіне мол мүмкіндік береді.

    Қытай инвесторлары Алматы облысындағы энергетикалық жобаларға 4,9 млрд доллар салмақшы. Облыс әкімдігі мен «TBEA Company Limited» компаниясы арасында қуаты 1000 МВт болатын күн электр станциясы мен трансформатор шығаратын зауыт салуды қамтитын ірі энергетикалық жобаны іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Инвестор болашақта Алатау қаласын сенімді жылумен қамтамасыз ету үшін 1320 МВт қуаттылықтағы көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталығын салуды да жоспарлап отыр. «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы келтірген мәліметке сәйкес, жалпы инвестиция көлемі – 3,7 млрд доллар. Сондай-ақ «Shandong REETECH SmartOpto Technology Co. Ltd» компаниясы Талғар ауданында қуаты 1170 МВт болатын күн фотоэлектр станциясын салу жобасы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жобаға Қазақстан тарабынан «Кербұлақ шаруашылығы» ЖШС қатысады. Инвестиция көлемі – 600 млн доллар.

    Қытайлық инвесторлар желтоқсан айында Талғар ауданындағы «Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты «Қайнар» ЖШС өңірлік филиалына да келді. Олар институттың ғылыми әлеуетіне, селекциялық жұмыстарға және өндіріс процесіне озық технологияларды енгізуге бағытталған тәжірибелік базасына ерекше қызығушылық білдірді. Сөйтіп мұнда мемлекеттік органдар өкілдерімен бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, тұқым шаруашылығы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу мәселелері талқыланды. Тараптар ынтымақтастықты тереңдетуге және нақты инвестициялық бастамалар бойынша диалогты жалғастыруға өзара дайын екенін білдірді.

    Көршінің қуатты болғаны кім үшін де маңызды. Қытайдың қарқынды дамуының анау айтқандай құпиясы да жоқ. Біздің түсінігімізше, ол – бұл елдің ғылымға көңіл бөлуінде, инновация мен инвестицияда, жүйелі де жоспарлы жұмыс және заңдылық пен тәртіпте! Бірақ бізде «кертартпаның кесірі – кең дүниені тар қылар» демекші, қытайлық инвесторлардың негізгі мақсаты – экономикалық экспансия» деп, қара аспанды төндіретіндер де аз емес. Осыған байланысты Абай облысының әкімі Берік Уәли жақында: «Қытай дегеннен қашпау керек. Бүкіл әлем Қытайдың инвестициясына зәру. Соған таласып жатыр. Көрші тұрған Қытайдан тасымағанда енді біз Италиядан тасимыз ба ақшаны?» – деді. Сондай-ақ ол халықты Қытайға қарсы қоймауға кеңес берді. «Қорықсақ, онда Жерді тастап Айға не Марсқа көшіп кетейік», – деп көрші елмен тату ынтымақтастық, экономикалық ықпалдастықтың маңызын айрықша атап көрсетті.

    Әрине, Қытай тарапы Қазақстанға салатын инвестициясынан барынша пайда көруге тырысатыны тұрған сөз. Бірақ біз Ұлы Абай айтқандай, адамзаттың бәрін бауырындай көретін бейбіт те бауырмал, мейрімді де меймандос, елгезек те қайырымды халықпыз деп, ешкімге есе жіберуімізге болмайды. Қай мәселеде де ұлттық мүдде ең жоғары орында тұруы тиіс! Ол үшін асқан дипломатиялық шеберлік, ұлттық мүдде тұрғысынан тиімді келіссөздер жүргізе алатын мемлекетшіл қасиет пен қарымды қабілет қажет. Қауіпсіздік мәселесі басты назарда болуы тиіс!

    Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,

    Талғар ауданы 

    Ұсынымдар

    Жер-су атауына жеңіл қарамайық

    Жер-су атауына жеңіл қарамайық

    2 weeks ago
    Мен – донормын!

    Мен – донормын!

    2 days ago

    ҰОС ардагерлерін құттықтады

    2 years ago
    Стадиондар талапқа сай ма?

    Стадиондар талапқа сай ма?

    3 weeks ago
    Өнерге құштар Айзере

    Өнерге құштар Айзере

    9 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>