Иммундау – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді жолы. Балалар мен ересектерді қауіпті аурулардан қорғауға септігін тигізеді. Адам ағзасында белгілі бір ауруға қарсы иммунитет қалыптастырып, қауіпті дерттердің алдын алады.
XVIII ғасырда және XIX ғасырдың бірінші жартысында әлемнің барлық дерлік елінде, әсіресе Еуропа және Солтүстік Америкада балалар арасында өлімнің өсуіне әкелген дифтерия эпидемиясынан қайтыс болғандар көрсеткіші сырқаттар арасында 50 пайызды құрады. 1974 жылдан бастап дифтерия, сіреспе және көкжөтелге қарсы біріктірілген анатоксин қолданылды. Содан кейін бұл дертпен сырқаттанушылар саны азая бастады. Вакцинаны қолдана бастаған уақыттан қазірге дейін әлемде дифтерия жағдайлары 90 пайыздан астам төмендеді. Сол секілді өткен ғасырда 300 миллионнан астам өлімнің себебі болған шешек жұқпалы ауруының жойылуы – денсаулық сақтау саласындағы ең үлкен тарихи жетістік. 1967 жылы ДДҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) тарапынан ұсынылған жаппай егуден кейін ғана әлемде бұл дертті толық жоюға мүмкіндік болды. Қазақстан 2002 жылдан бастап мұндай ауру жоқ ел ретінде сертификатталған. Дегенмен әлемде полиовирус айналымы жалғасып жатқан елдер бар. Сондықтан вакцинация әлі де жүргізілуде.
Айта кету керек, вакцина ойлап табылғанға дейін қызылшадан жылына орташа есеппен 2 миллионнан астам адам қайтыс болатын. ДДҰ мәліметіне сүйенсек, 2000 жылдан 2017 жылға дейін әлемде қызылшадан болатын өлім деңгейі 80 пайызға төмендеді. Қызылшаға қарсы вакцина, әсіресе, нәресте өлімінің төмендеуіне әсер етті. 2005 жылы ДДҰ қызылшаның және туа біткен қызамық инфекциясының алдын алу мақсатында қызылша вирустарының айналымын тоқтатуды белгіледі. Бірақ оны толығымен жеңу мүмкін болмады. Себебі ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы үшін халықтың 95 пайызы вакцинациялануы қажет.
Кейінгі кезде екпе алуға күмәнмен қарайтындардардың қарасы молайып келе жатқаны жасырын емес. Ата-аналардың екпеден бас тартуына наным-сенім және әлеуметтік желілердегі кеңінен таралған шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттар себеп болуда. Осыған байланысты біздің тарапымыздан ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізіледі. Діни көзқарасына байланысты екпеден бас тартқандар үшін дін істері басқармасынан теологтар шақыртып, солардың көмегіне жүгінеміз. Баласы ауырып қалғаннан кейін вакцинациялаудың қажеттігіне көзі жетіп, екпе салдыруға келісім беріп жатқан ата-аналар да жоқ емес.
Екпе алмау балалар арасында індеттің кең таралуына басты себеп болып отыр. Мәселен, қызылшамен ауырған 14 жасқа дейінгі балалардың 86 пайызының екпе алмағаны анықталған. Балалар 6 жасында қызылшаға қарсы вакцинациялануы керек. Алайда ата-анасының рұқсаты болмаса, оларға екпе салынбайды.
Бүгінгі күні денсаулық сақтау саласында жұқпалы аурулардың алдын алу үшін вакцинадан басқа тиімді әдіс жоқ. Сондықтан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті әрбір тұрғынды өзінің және баласының денсаулығын сақтауға және нығайтуға бейжай қарамай, иммундаудың тиімділігін қаперде ұстауға шақырады.
Марат ИСМАЙЫЛОВ,
облыстық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаментінің басшысы





