Перейти к содержимому
Главная страница » Адал еңбекке үндеді

Адал еңбекке үндеді

    Оқу-ағарту жүйесіне енгізілген «Адал азамат» бағдарламасы оқушыларға адалдық, еңбекқорлық, отаншылдық қасиеттерін сіңіру, мектеп пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Осыған орай, Талғар ауданы Ақдала ауылында орналасқан №44 орта мектепте «Мамандықтар марафоны, кәсіпкерлермен кездесу» атты тағылымды шара өтті.

Мектеп әкімшілігі ұйымдастыр­ған жиынға 6-11-сыныптарда оқи­тын оқушылар, ұстаздар, қала және аудан­да өз істерін ашып, әрқайсысы ондаған тұрғынды жұмыспен қамтып отырған табысты кәсіпкерлер, қоғам белсенділері қатысты. Шараны мектеп директоры Ажаркүл Қайшыбаева ашып, оның мақсаты – жастарды адал еңбек пен жауапкершілікке баулу, олардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыру, еңбекқор адамның үлгісі болу, мамандық таңдауда бағыт көрсету екенін түсіндірді.
Жиын өтіп жатқан мектептің үлкен мәжіліс залы әсем безендірілген. Әр жерде көркем жазылған «Адал еңбек – ар-намыстың ісі», «Еңбек негізі – өркендеу», «Еңбек адамды көркейтеді» деген сияқты туған халқымыздың еңбек туралы тұжырым­дары, мақал-мәтелдер ілінген. Шараны жүргізушілер өз еңбектерімен жеке кәсіп ашып, тұрғындар арасында құрмет пен беделге ие болған және еңбексүйгіштігі, көшбасшылық қасиеті, жеткен жетістіктерімен қазіргі жастарға үлгі көрсетіп келе жатқан кәсіпкерлердің аты-жөндерін атап, оларды төрден орын алуға шақырды.
әпкелі-сіңілілі Айман және Шолпан Ғалымқызы – Талғардағы политехникалық колледжді конди­терлік өндіріс мамандығы бойын­ша бітіріп, қазіргі таңда жетекші кондитер деңгейіне көтерілген, тұрақты отбасылық бизнестің иелері атанған арулар. Ал Айнұр Қайратқызы кішкентай балаларға өнердің барлық түрін үйрететін «Айя смарт» оқу орталығының құрылтайшысы болса, Фариза Ерденебаева – қарапайым және бірегей зергерлік бұйымдардың авторы. Назгүл Өмірбекованың медициналық қызмет түрін көрсететін жеке фирмасы бар.
Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Өмірзақов өмірде маман­дық таңдаудың, адал еңбек етудің, қатарластарынан қалмай, алға ұмтылу­дың маңыздылығы жөнінде өз ойын ортаға салды.
– «Мамандықтар марафоны» деп аталатын бүгінгі іс-шара – өмірде табысқа жеткен адамдардан үлгі алып, солардай болу үшін ұмтылуға тамаша мүмкіндік. Негізгі мақсаты – болашақ мамандықты дұрыс таңдауға көмектесу. Тек адал еңбек қана сіздерді абыройға бөлейді, – деді округ басшысы.
Одан кейін шараға шақырылған кәсіпкерлер мен оқушылар жай ғана әңгімелесіп қоймай, олардың арасында балалардың табиғи қызығушылығын тудырған толыққанды сұхбат, шеберлік сыныптары өтті. Кейбір балалар өздеріне ұнаған кәсіпке байланысты қалыптасқан дағдыларын іс жүзінде көрсетті. Аталған шара мектеп оқушыларын мамандықты саналы түрде таңдауға шабыттандырды.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы