Төрткүл дүние көз тіккен төртжылдықтың басты бәсекесі 6 ақпанда өз жалауын желбіретеді. 36 қазақстандық спортшы Италияның Милан және Кортина-Д’ Ампеццо қаласында өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайды.
Ақ Олимпиаданың тарихын парақтасақ, Қазақстан айтулы әлемдік додаға тоғызыншы рет қатысқалы отыр. «Милан – 2026» Олимпиадасының басты ерекшелігі – гендерлік теңдік қағидатын сақтау. Сол себепті елімізден ер мен әйел спортшыларға теңдей лицензия берілді.
Биыл 23 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын ұлттық құрама мүшелері Денис Никиша мен Аяулым Әміреноваға, сондай-ақ Қазақстан паралимпиадалық командасының өкілі Ербол Хамитовқа тапсырды. Президент спортшылардың тыңғылықты дайындықтан өткенін атап өтіп, алдағы байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғайтынына сенім білдірді.
«Әрине, спортта жеңісті болжау мүмкін емес. Бірақ сіздер қатаң іріктеулерден сүрінбей өтіп, Қазақстанның олимпиадалық құрамасына мүше болдыңыздар. Осының өзі сіздердің әлеуеттеріңізді, жеңіске деген ұмтылыстарыңызды танытады. Тәуелсіздік алған уақыттан бері спортшыларымыз Қысқы Олимпиада ойындарында шеберлік танытып, бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көріне білді. Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен, Юлия Галышева сияқты Олимпиада жүлдегерлерінің есімдері отандық спорт тарихына алтын әріптермен жазылды. Әлемдік спорттағы ірі ареналарда топ жарған отандық атлеттердің құрметіне талай рет Әнұран шырқалып, еліміздің Туы көкте желбіреді. Алдағы уақытта да жарқын жеңістер күтіп тұрғанына сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
2022 жылы Бейжіңде өткен Қысқы Олимпиадада Қазақстан құрамасы жүлдесіз қалды. Бұл нәтиже ел спортындағы құрылымдық мәселелерді қайта көтерді. Қысқы спортта жекелеген таланттарға ғана сүйену жеткіліксіз екені тағы да дәлелденді. 2026 жылғы Олимпиада ойындары жаңартылған форматымен ерекшеленеді. Бағдарламада 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ски-альпинизмнің қосылуы, шаңғы жарысындағы ерлер мен әйелдерге бірдей қашықтық белгіленуі, шаңғы қоссайысындағы екі адамдық формат, әйелдердің биік тұғырдан секіруі – мұның бәрі спортшылардың әмбебаптығы мен тактикалық дайындығына басымдық береді.
Бұған дейін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Италияда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына сапалы дайындық үшін 13,3 млрд теңге бөлінгені туралы айтқан болатын. Оған қоса, жоғары деңгейдегі 13 шетелдік жаттықтырушы-кеңесші жұмылдырылғанын жеткізді. Қазақстан құрамасы спорттың 10 түрінен 58 медаль жиынтығында бақ сынайтынын атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық құрама жаңа олимпиадалық форматқа бейімделе отырып дайындалып жатыр. Демек дүбірлі додаға барлық сыннан өтіп, лицензия алған жерлестеріміз тарихи жетістікке қол жеткізуі бек мүмкін. Өйткені құрама сапында шеберліктің шыңына шыққан, тәжірибесі толысқан спортшылар аз емес. Бұл жарыс – фристайл-могул бойынша «Пхенчхан – 2018» додасының қола жүлдегері Юлия Галышеваның бесінші Олимпиадасы. Шорт-тректен Абзал Әжіғалиев пен Денис Никиша Олимпиадада қатарынан төртінші рет өнер көрсетеді. Қазақстан құрамасында Бостондағы мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоров пен фристайл-могулдан әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Анастасия Городко да бар. Олимпиадаға Қазақстан атынан қатысатын 36 спортшының 18-і алғаш рет төртжылдықтың басты жарысына қатысады. Құраманың ең жас қатысушысы 16 жасар Асан Асылхан фристайл-акробатикада сайысқа түседі. Оның қанжығасында Азия ойындарының күміс медалі бар.
Жеңіс туын желбіретеді деп үкілеген спортшылар арасында Шыңғыс Рақпаров, Әсет Дүйсенов, Айша Рақышева, Милана Генева сынды жерлестеріміз де бар. Шыңғыс Рақпаров шаңғы қоссайысы, ал қалған спортшыларымыз биатлон жарысы бойынша бақ сынайды. Осы Олимпиада ойындарында еліміздің әйелдер биатлон құрамасына қос жерлесіміз өнер көрсетеді. Олар – 23 жастағы Айша Рақышева мен 21 жастағы Милана Генева. Бүгінде Айша Рақышева – биатлоннан Қазақстан Республикасының спорт шебері. Жерлесіміз елімізде өткен бірқатар қысқы спорт додаларында топ жарған. Соңғы кездері ол әлем және Еуропа кубогында лайықты өнер көрсетті. Тағы бір Алматы облысының өкілі Милана Генева ел үмітін ақтуға тер төгіп жүр. Ол 2012 жылдан бастап биатлонға ден қойған, ел чемпионаттарында талай мәрте үздік атанған.
«Алматы облысының намысын қорғап жүргенімді мақтан тұтамын. Біздің мектептің олимпиялық деңгейдегі спортшыларды дайындай алатынын көрсеткім келеді»,– дейді Милана Генева.
Ел қоржынына олжа салады деген оғланымыздың бірі – Алматы облысының тумасы Әсет Дүйсенов. Ол былтыр Қытайда өткен ІХ Қысқы Азия ойындарында ерлер биатлон құрамасымен бірге күміс медаль жеңіп алған. Биыл да жерлесіміз жеңіс тұрғырынан көрінеді деген сенімдеміз. 2022 жылы Бейжің Олимпиадасында шаңғы қоссайысынан ел тарихында алғаш рет жолдама иеленген Шыңғыс Рақпаров екінші мәрте дүбірлі додада жүлдеге таласып көрмек. Отандасымыздың ерекшелігі – ұзақ уақыт бойы Норвегияда жаттықты. Демек шаңғышымыз бабында болса, бағындырар белесі биік болар деген ойдамыз.
Милан-Кортина Олимпиадасы Қазақстан үшін жаңа бастау бола ала ма, бұл сұраққа жауап тек нәтижемен емес, дайындық сапасымен өлшенбек. Ақ Олимпиада тарихы тағы бір бет ашқалы тұр. Ал сол бетке Қазақстан қандай із қалдырады, оны уақыт көрсетеді.
Ерзат АСЫЛ
