Қарасай ауданында ересектер арасында қазақ күресінен облыстық чемпионат өтті. Аталған жарысқа барлық аудандар мен қалалардан келген 100-ден астам балуан күш сынасты.«Қазақ күресінен ерлер мен әйелдер арасында бәсекелестік артып келе жатқаны қуантады. Бұл турнир – біз үшін наурыз айында Түркістан қаласында өтетін Қазақстан Республикасының кубогына іріктеу және дайындықтың маңызды кезеңі», – деді қазақ күресінен облыстағы аға жаттықтырушы Жанат Есенбердиев.
Облыс біріншілігінде балуандар 16 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша әйелдер арасында өз салмақ дәрежесінде чемпион атанғандар – Саяра Мақсұтова, Ақниет Еркін, Әнел Аппасқызы, Әдемі Мамытова, Ақнұр Әлімханова, Шұғыла Мақсатқызы, Ақдана Ақбастау, Зейнеп Тұрсынбек. Ал ерлер арасында Қуат Нұрсұлтан, Тойжан Әділжан, Азамат Асиев, Рысдәулет Мәулен, Дүйсенбай Әли, Амантай Әлихан, Әлімжан Жұмахметов, Әдібан Өріс топ жарды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің басым бөлігі Қарасай, Талғар және Іле ауданының балуандары болды.
74 келі салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен Іле ауданының спортшысы Мәулен Рысдәулет турнир барысында шеберлігін дәлелдеп, айрықша өнер көрсетті.
«Әрбір жарыс – мен үшін үлкен жауапкершілік. Ересектер арасындағы бәсеке барынша жинақылықты талап етеді. Бұл жерде кездейсоқ жеңіс болмайды, әр спортшының мол тәжірибесі бар, кілемді жақсы сезінеді және қарсыластың болмашы қатесін тиімді пайдалана алады», – деді Мәулен финалдық белдесуден кейін.
Өз тілшіміз
Қарасай ауданы




