Жер-су атаулары – біздің тарихымыздың айғағы. Өткеннің ізі сайрап жатқан жеріміз талай заманның жаңғырығын осы атаулар арқылы бізге жеткізгені анық. Бүгінде егемен ел болып, іргеміз бекіген кезде жоғымызды іздей бастадық. Дәлірек айтқанда, ел болып ата-бабамыздан қалған тарихи топонимикамызды қайта қалпына келтіру ісіне кірістік. Біздің облыста да елдімекендердің аттарына байланысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіруде, көше аттарын қазақшалауда бірсыпыра жұмыс атқарылып жатыр. Бірақ бейнелеп айтқанда атасына ат беріп, бабасына балбал тас қоям деушілер ескеруі тиіс нормалар бар.
Алматы облысы әкімдігі жанында ономастика мәселелері жөніндегі комиссия тобы жұмыс істейді. Бұл топқа 2025 жылдың басынан бері 70-тен астам өтініш түссе, оның 58-і Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне қатысты сауалдар болды. Иә, Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналды. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді», – деп осы салаға қатысты сын-ескертпе жасаған болатын. Сондай-ақ, Президент Құрылтайда: «Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика – ата-бабаларымызға байланысты немесе белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек», – деген еді. Осыған сәйкес, құрамдас бөліктерге, елдімекендер мен мемлекеттің қатысуы бар объектілерге атау беру және қайта атау бойынша ұсыныстар алдымен Республикалық ономастика комиссиясына ұсынылып, келісім алғаннан кейін ғана тиісті жұмыстар ары қарай жүргізіледі.
Былтыр Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығы атап өтілді. Жалпы, Алматы облысы бойынша ономастика саласында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің ұлықталуы бойынша жұмыстар белсенді атқарылуда. 2025 жылы соғыс ардагерлерін ұлықтау мақсатында екі тізім бекітілді. Барлығы Алматы облысы бойынша 154 Екінші дүниежүзілік соғыс ардагеріне көше атауы берілді. Ардагерлер есіміне көше атауын сұраған облыс бойынша 86 өтініш келіп түсті. Мүмкіндігінше, өтініштердің барлығы толық қаралды.
Айта кететін жайт, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлердің есімін көшеге берерде ескеретін өзіндік критерийлер бар. Тиісті жұмыстарды жүргізу үшін алдымен соғыс ардагерінің ордені (орден құжаты болуы тиіс) немесе орден алғандығын растайтын өңірлік қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен және архивтерден алынған анықтама болуы тиіс. Мұнымен қоса, тұлғалар туралы өмірбаяндық деректердің, нақтырақ айтсақ, компьютерде терілген өмірбаяны, марапаттары, өмірбаянда көрсетілген барлық мемлекеттік наградаларын дәлелдейтін құжат көшірмелері, ордендерінің құжаттары, кітапша көшірмелері, баспасөзде жарияланған материалдар, еңбек кітапшасы, қайтыс болғаны туралы анықтама және өзге де құжаттардың көшірмелері толық болған жағдайда ғана аудан немесе қала әкімі жанындағы ономастика мәселелері жөніндегі жұмысшы тобы отырысының күн тәртібіне енгізіліп, аудан не қала әкімінің атынан облыстық ономастикалық комиссия төрағасының атына ұсыныс берілуі керек. Көбіне өтініш берушілер бұл жағдайды ескермей жатады.
Бір сөзбен айтқанда, көшеге атау беру талабы бұрынғыдан күшейтілген. Былтыр ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 2025 жылғы 11 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы» бұйрығымен Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын әдістемелік ұсынымдары бекітілді. Әдістемелік ұсынымда «Үлкен көшелер мен даңғылдарға мемлекет тәуелсіздігінің нығаюына ерекше үлес қосқан ұлы тарихи тұлғалардың, белгілі қайраткерлердің есімдерін беру, сондай-ақ құрамдас бөліктерге тарихи тұлғалардың есімдерін беру кезінде көшенің ұзындығына, үй санына, орналасқан жеріне, абаттандырылуына және басқа да жағдайларға ерекше назар аудару» қажеттігі көрсетілген. Яғни кез келген көшеге атау беруге, өзгертуге немесе қайта атау беруге ұсына алмаймыз.
Мемлекет басшысы Түркістан және Атырау қалаларында өткен Ұлттық құрылтайларда ономастика саласы бойынша бірқатар тапсырма берді. Соған сәйкес Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан бірнеше заңнамалық акт пен ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын әдістемелік ұсынымдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары», «Дәстүрлі атаулар» тізімдері өзектендірілді. Заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер жөнінен 2025 жылғы 19 қыркүйек күні Алматы облыс әкімдігінде өткен «Ономастика саласы бойынша ізденіс пен тәжірибе» атты облыстық семинарда ономастика саласына жауапты министрлік өкілі кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, атау беру барысында қабылданған нормативтік актілер мен құжаттарды қатаң басшылыққа алу керектігін баса айтты. Осыған байланысты егер ұсынылған тұлғаның есімі «Тарихи тұлғалар» тізімінде болмаған жағдайда оны екі жылда бір рет өзектендірілетін (келесі ұсыным 2028 жылдың қарашасында жолданады) тізімге қосылып, нәтижесімен тұлғаның есімі тізімге енгізілгеннен кейін келесі жылға жоспарланып, жауапты орган тарапынан бекітілгеннен кейін ғана аталмыш ұсыныс облыстық ономастика комиссиясының қарауына жолдануы тиіс.
«Тарихи тұлғалар» тізіміндегі талапта көне дәуірлерден ХIV-ХХ ғасырларға дейін өмір сүрген тарихи тұлғалар, оның ішінде, қазақ хандары, қазақ тарихындағы төре-билер, батырлар, жырау-шешендер, ұлттық танымда қалыптасқан әйгілі әулие, абыз, дін өкілдері, сал-серілер, күйші, әнші, ақындар, Алаш қайраткерлері көрсетілген. Мұнан бөлек, Социалистік Еңбек Ерлері, Кеңес одағының батырлары, Мемлекеттік және басқа да халықаралық сыйлықтардың лауреаттары, ҚазССР-інің, Қазақстан Республикасының құрылып, дамуына үлес қосқан қайраткерлердің есімдері ұсынысқа енеді. Ал ғылым және білім саласы бойынша Қазақ ғылым академиясының академиктері әр ғылым саласының негізін салушы ғылым докторы, профессорлары, Ғылым академиясының президенттері, ғылым-білім салаларына еңбек сіңірген атақ иегерлері ескеріледі. Өнер саласы бойынша Қазақстан Халық әртістері, ҚазССР-нің және бұрынғы КСРО Халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ҚазКСР-інің Халық суретшісі сияқты басқа да өнер салаларына еңбек сіңірген атақ иегерлері қабылданады. Әдебиет саласы бойынша белгілі ақын-жазушыларға, Қазақстанның Халық жазушылары және тағы да басқа санаттарына басымдық беріледі.
Ескерте кету керек, қазіргі таңда елдімекендер мен мемлекеттік қатысуы бар объектілерге атау беру және қайта атау бойынша ұсыныстардың қаралуын уақытша тоқтату ұсынылған. Дегенмен айта кетейік, алдымен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы Заңның 11-бабына сай Қазақстан Республикасы ордендерiнің иегерлері, аймақтың дамуына үлес қосқан қоғам қайраткерлері, өлкетанушылар, сондай-ақ ерекше еңбегі бар тұлғалар, тұлғаны растайтын архивтік құжаттарға, жазбаша тарихи мәліметтерге негізделу, архивтік құжаттар, жазбаша тарихи мәліметтер болмаған жағдайда, көнекөз қариялардың, ғалымдардың және ақпараттың шынайылығын растайтын басқа да дереккөздердің пікіріне сүйену, Орталық мемлекеттік архив пен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының және салалық институттардың сараптама қорытындысын басшылыққа алу, сондай-ақ талапқа сай болған жағдайда облыс, қала, аудандардың «Құрметті азаматы» атағының иегерлерін ұсынуға болады.
Сөз соңында ономастика мемлекеттік мүдденің мәселесі екенін қаперге салғым келеді. Жер-су атауы – ұрпақтан-ұрпаққа жететін мұра ғана емес, тарихи-танымдық мәні бар ұлттық салт-сана мен дәстүрдің жалғасы ретінде қызмет ететін ғылыми санат. Ономастика саласындағы саясаттың кез келген әлеуметтік қауымды тәрбиелеуге қатысты арқалар жүгі мейлінше салмақты. Ол, әсіресе жастардың бойына ұлттық рухты дарыту үшін ауадай қажет. Ономастикалық атаулар – халықтың, ұлттың рухани жады. Ол атаулардың мәнінде тағылымды тарихымыз жатуы тиіс. Ономастика саласындағы ұлт мүддесіне орай жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мемлекетіміздің бұдан әрі дамуына өзіндік қозғау салар деген ойдамын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, тіліміз ғұмырлы болсын!
Айбол НҮСІПҚОЖАЕВ,
Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің басшысы




