Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды бүгінгі Ұлттық кітап күнімен құттықтады. “Қазіргі кезеңде баспа ісінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Соған қарамастан, кітап рухани және адами құндылықтардың қайнар көзі ретінде ешқашан мән-маңызын жоғалтпайды. Қазір қоғамның кітап оқу мәдениетіне, соның ішінде классикалық көркем шығармаларды немесе бүгінгі заманның өзекті мәселелеріне арналған жарияланымдарды оқуға біртіндеп қайта бет бұрып жатқаны байқалады. Осы оң үрдіс жастар арасында да кеңінен таралып келеді. Жаппай цифрландыру және Жасанды Интеллектінің үстемдігі арта түскен уақытта оқу мәдениеті ұлт сапасының бірден-бір өлшемі ретінде халқымыздың бітім-болмысына тән айнымас қасиет болып қала беруге тиіс, – деп жазды Президент. Алдағы екі апта ішінде оқу мәдениетін кеңінен насихаттау және оқуға құштар, зияткер ұлт қалыптастыру шаралары туралы арнаулы Жарлыққа қол қойылмақ.
Президент III Ұлттық Құрылтайда қоғамда оқу мәдениетін дамыту жөнінде бастама көтерген еді. Президенттің тапсырмасы негізінде 23-сәуір ресми түрде Ұлттық кітап күні болып бекітілді.



