Бала күнде көп еститін сұрақтың бірі «Кімнің баласысың?» еді. Қасқайып тұрып «Атамның!» немесе «Апамның!» деп жауап беретінбіз. «Анабір қаусаған кәрі шал мен кемпірден қалай туғансыңдар?» деп қыжыртады кейбір еріккендер. «Аһ» дегенде аузынан түсіп қалғанбыз» дейміз бетіміз бүлк етпей. Сұраушылар түгілі осы өтірігімізге өзіміз сенбейміз. Әке-шешемізді білеміз, солардан туғанымызды іштей сеземіз, бірақ мойындамаймыз. Олар да елдің көзінше оншалықты еміреніп, елжірей қоймайтын. Немерелерін меншіктеп алған қарттардан қаймыға ма, әлде көңіліне кірбің салмайық дей ме екен, бәлкім, «Қайда барар дейсің, солар бағып-қағып, өсіріп берсін» дейтін ішкі есебі де бар шығар, әйтеуір біздің қылықты екеуі де қош көретін.
***
Осылайша, есейдік, ержеттік. Атамыз бен апамыз бірінің артынан бірі келместің кемесіне мініп кете барды. «Кімнің баласысың?» деп сұраушылар тыйылды, біз де бұл сұрақтың қойылғанын қаламадық. Ұзақ уақыт өз балаларына «аға» мен «жеңге» образында танылған биологиялық әке-шешеміз ақырындап «ата-аналық» рөлге ене бастады. «Менің балам», «менен туған», «мен тапқанмын» дегенді айтпаса да, сездіріп қояды ара-тұра, бұрынғыдай қысылып-қымтырылмай, өбектеп сүйеді, өздерінше еркелетеді. Оңай болмады, әрине! Аздап суықтық болды бастапқыда, кейіннен тоң жібіді, күн жылыды. «Ата, әженің тәрбиесі» деген ғажап институт қалыптасқан қазақы отбасының көбіне тән ұлы трансформация осылайша біздің де бастан өткен еді. Әлі күнге үлкен ағам әкемді Секен, шешемді Нескен деп атайды, бірақ одан жаман болмадық.
Ұлдың кенжесі болғаннан ба екен, үйдегі еркенің бірі мен едім. Апама бір еркелеймін, шешеме екі еркелеймін. Екі енені қатар еметін тел қозыдай әркімге бір соқтығып, жұнттай болып жүрем. Бірі жоқта, екіншісі дайын тұрады, тыққан-пыққанын оңашалап береді. Апам кешкілік ертегі айтып ұйықтатады, анам ертеңгілік әндетіп оятады. Бастауышта оқып жүрген жылдары төсектен оңайшылықпен тұрмайтынмын. Күл шығарып, от жаққан, ас қамдаған жұрттың таңғы қарбаласын сезіп, біліп жатамын, бірақ өтірік ұйықтағансып, көрпені бүркеніп аламын. Бір кезде бөлменің есігі ақырын ашылып, анамның дауысы естіледі.
«Қояным, тұрдың ба? Бетіңді жудың ба? Айнаға қарадың ба? Шашыңды тарадың ба? Тәпішкеңді кидің бе? Тықылдатып жүрдің бе?» Анамның өзіне тән әуенмен еркелете айтқан тақпағы аяқтала бере көрпені серпіп тастап, атып тұрамын. Құлындай құлдыраңдап, жуынып-шайынамын, ағаларыма ілесіп, сабаққа аттанамын. Неше жыл өтсе де, анам айтатын сол тақпақ жадымнан өшпепті. Бүгінде балаларыма айтып берем кей кездері, әр айтқан сайын балалық шақтағы сол бір сәтті, сол бір жұмсақ үнді сағынамын.
***
Анам – Нәсіпгүл Алтынбекқызы Жамбыл ауданына қарасты Дегерес ауылында туған. Әкесі Алтынбек аймаққа аты шыққан аңшы, мерген болған. Үйдегі үш қыздың үлкені болған соң ба, шешем қара жұмысқа ерте араласады. Ағасы Жылқыбаймен жарыса жүріп, мал жайғайды, әкесіне еріп, аңшылыққа да барады. Сарытышқан аулап, түлкі, қарсаққа қақпан құрады. Мектеп бітірген соң, Қордайдағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түседі. Ол жерде де оқуда озат болып, көзге түседі. «Оқулықтың бәрі орысша еді. Кейбір сабақ орыс тілінде өтеді. Ауылда оқыған азғантай орысшамыз бар, соған қарамай, намысқа тырысып, кітапта жазылған дүниені түгелдей жаттап алатынмын. Ертеңіне сабақ кезінде орыстардың өзі кібіртіктеп тұрғанда тақылдап айтып беретінмін», – дейді. Техникум студенттерінен құралған волейбол командасының сапына қабылданып, еліміздің әр түкпіріндегі турнирлерге қатысқанын да сағына еске алады. Бапкерлері соққысы мығым қызды кәсіби спортқа баулығысы келген-ақ екен, бірақ әке-шешенің қабағын бағып, бас тартқанына аздап өкінетіні бар.
Әкем Серікбай Әкімбайұлы екеуі осы жерде – Қордай техникумында танысып, отау құрыпты. Келін болып түскен жылдары таспаға басылған суреті бар еді, бұрымы тобығын ұратын. Сол бұрымын арқасына тастап қойып, шалғы тартқан жас келінді көрші-қолаң мұндаға дейін айтып жүретін. Ол оқиға былай болған: жаздың кезі, орақ науқаны қызып тұрған шақ. Әкем кеңшарда мал дәрігері, үйде тұрмайды. Бақшадағы жоңыршқа көкбас тартып, пісіп-жетіліп тұр. Енді бірер күн кешіктірсе, түбірі қатайып кетуі мүмкін. Ақыры атам ертеңгілік шалғысын шыңдап алып, өзі кіріседі. Бірер бөкес тартқан соң белі ауырады. Көлеңкеде демалып отырып, балаларды жүгіртіп, үйден сусын сұратады. Көп ұзамай ашымал көжесін көтеріп жас келін де жетеді. Атасы дамылдап отырған сәтті пайдаланып, шалғыны қолға алады. «Әкем-ау, абайлашы» дегеніне қарамай, құлаштап кеп сермейді. Дегерестің сусыма шөбінің қасында жоңышқа не тәйірі, демде бір бөкестің басынан аяғына шығады. Тершіген маңдайын бір сүртіп қойып, екіншісіне түседі, екіншіден кейін үшіншіге. Онан төртінші, бесінші… Осылайша, атасы мен келіні атшаптырым аумаққа егілген жоңышқаны түске дейін жайпап тастайды. Жауды жеңгендей масаттанып, үйге оралады. Онан кейінгі шөп шабыстарын да осылайша ешкімнің көмегінсіз, екеулеп атқарып жүреді. «Әкімбайдың келіні қарулы екен, шөп шапқанда жігіттерден қалыспайды» деген әңгіме содан тарайды. Ондай сөзді естіген сайын көз тиеді деп апам шыр-пыр болса, атам «Дегерес тау ішінде орналасқан. Төстің қыздары осындай өр келеді» деп марқайып отыратын.
***
Анам ұзақ жыл кеңшардың ветеринарлық дәріханасын ұстады. Ерте кетіп, кеш келеді. Менің әдебиетке құмарлығымды алғаш таныған адам сол кісі. Өзі дәріханада отырып, зеріккенде кітап оқиды білем, кей күндері жұмыстан қайтарда дүкенге соғып, кітап ала келетін. Таңдап, таразылап жатпаймын, оқи беремін.
Тоғыз-он жасымда демікпе деген дертпен ауырдым. Алқын-жұлқын ойнасам, ентігіп, тынысым тарылып, отырып қалатынмын. Бір жаз ауруханада жаттым, жайлауға шығып, саумал іштім. Сонан кейін де үнемі күтініп жүрдім. Бәрі өбектейді, қатты қайырым жұмысқа салмайды. Күн суықта үйден шықпаймын. Үйде іш пысады. Не істейсің? Ол кезде қаптаған телеарна жоқ, «Күндізгі телесеанс» деген айдармен түсте кино көрсетеді, соны көресің, онан кейін жатып алып кітап оқисың. Бір-екі айда үйдегі ертегілер мен өзге кітаптар таусылды, бірер айда көрші-қолаңның үйіндегі кітаптарды бітірдім.
Бір күні анам үлкен-үлкен екі кітапты көтеріп кірді үйге. Бірі сопақшалау келген, ақшыл түсті, екіншісі күрең-қызыл кірпіш кітап. Ахмет Байтұрсынұлының «Ақ жол» атты жинағы мен «Ай, Заман-ай, Заман-ай» антологиясымен осылайша танысқанмын. Ахаңның «Ер Сайын» жырынан бастап, «Әдебиет танытқыш», мысал өлеңдерін түгел оқып шықтым, біразын жаттап алдым. Ал «Заман-айды» бірер аударып-төңкерген соң «Бес ғасыр жырлайдының» көшірмесі ғой» деп сөреге сүңгіткенмін. Өйткені ол кезде Мұхтар Мағауин құрастырған әйгілі еңбекке енген Доспамбет, Шалкиіз, Сүйінбайлардың жыр-толғауларын жатқа соғатынмын. «Аласапыранды» түсінбесем де, екі қайтара оқып алғанмын. Осылайша, бір жағы дерттің әсері, екіншіден, анамның арқасында әдебиеттің уызын ерте іштім.
Анам әркез прогрессивті ойлайтын. Менің талабымды байқаған соң Алматыда оқытқысы келді. Әкем екеуі жоспар құрыпты. Қаладан үй аламыз деп ақша жинаған, ол қаражат жиналып бола бергенде атама естірткен. «Білім», «баланың болашағы» дегендерді атам бастапқыда қоштаған, соңына қарай шарт кеткен. Өйткені жоспар бойынша Алматыға мен жалғыз емес, апаммен бірге баруым керек екен. Маған бас-көз болар басқа адам жоқ. Апаммен де келіссөз жүрген, ол кісі де «городской» болуға кетәрі емес екен. Тек «Қартайғанда кемпірімнен ажыратайын деп жүрсіңдер ме?» деп шатақ шығарған қара шалға ешкім шыдас бере алмаған. Анамның «Баламды жақсы жерде оқытсам» деген ұлы арманы осылайша кейінге шегерілген. Бірақ бұл ойынан бас тартқан жоқ. Алтыны бітіріп, жетіге көшетін жылы болу керек, жоспардың екіншісін іске асыруға талпынды. «Елімізде түрік лицейлері ашылады екен, дарынды балаларды қабылдайды» деген ақпарат біздің ауылға жетеді. Шарт бойынша әр ауданның білім бөлімі екі баладан ұсынады. Сол екеудің бірі болып мен тізімделдім. Мектептен рұқсат қағазын алған бойда анам екеуміз Алматыға тарттық. Әлгі лицейді тауып, құжат тапсырдық, сұхбаттасу түрінде өткен емтиханға кірдік. Алайда бұл қадам да сәтсіз аяқталды. «Кім болғың келеді?» деген сұраққа «Әдебиетші, жазушы болам» деген жауабым түрік мұғалімге ұнамай қалғанын сезгенмін. «Жазушы болып не істейсің?» деді тәржіман арқылы тіл қатып. «Қазақты әлемге танытам» дедім. Тым пафосты естілген болар, бірақ шыным сол еді. Басқа ой да, арман да жоқ еді ол күндері. «Бір өлең оқы» деді, мүдірмедім. Емтихан алушылар «Жарайды» деп шығарып салды. Түйсік алдамапты. Өтпедік. Тізімнен аты-жөнімді таппай тұрған сәтте дүние төңкеріліп кеткен. Іш қыз-қыз қайнайды, жылайын десем жас шықпайды, булығып қалдым. Ал анам мықтылық танытты, ешкіммен ұрысқан жоқ, маған да реніш білдірмеді. Қолымнан жетелеп, алып кетті. Алматыда ары-бері қыдыртып, көңілімді көтерді. Балмұздақ жеп отырғанбыз. Папка көтеріп орта бойлы бір жігіт өтіп бара жатты. «Сен де кейін өскенде осы баладай томпаңдаған студент боласың», – деп күлдіргені есімде. Сөйтсек, анамыз балаларын оқытып, білімді де білікті азамат қылуды ерте армандаған екен. Ол арманды ауылдан талапкер болып аттанып, студент болып оралған сәтте жарым-жартылай орындағандай болдық. Мойынға үлкен жауапкершілік жүктелді, әке-шешенің үмітін ақтау деген! Сол жауапкершілік мені үздік студенттер қатарына жетеледі, сол жауапкершілік жастық шақта болатын түрлі әнтек әрекеттен сақтады, сол жауапкершілік әлі күнге алға жетелеп келеді. Тығырыққа тірелген сәтте, шешім қабылдайтын кезде тоқырау жылдары барын балаларына салған әкем мен шешем көз алдыма келеді. Қандай да бір жетістікке жетсем ауылдағы екі адамды ойлаймын. Олардың мен үшін қуанып жатқанын сеземін, мақтанып, марқайып отырғанын білемін. Сонан кейін оларды қуанту үшін тағы бір дүниенің жалына жармасамын, мен жақтан тек қана жағымды жаңалықтар жетіп тұрса деймін. Биыл әкем 75-ке, анам 71-ге келеді. Бүгінде балаларының ғана емес, немерелерінің қызығына қуанады, солардың тілеуін тілейді. Ұл-қыздарым білім бәйгесі, спорттық жарыстардан жүлде алған сайын «WhatsApp» желісі арқылы ауыл жаққа жөнелтемін, қуана берсін деп!
Аналарымыз аман болсын! Аналарымыз қуанып жүрсін! Аналарын қуантатын балалар көп болсын!
Есболат АЙДАБОСЫН,
жазушы, журналист,
Қазақстан Жазушылар одағы мен
Қазақ ПЕН-клубының мүшесі
Жамбыл ауданы




