Қарындаш пен өшіргіш босатпасын қолымды,
Кедергілер тоспаса екен жолымды.
Тоқсанымда толымды сөз айта алсам,
Іс тындырған болар едім орынды! – деп сөз толғаған Қазақстан Оқу-ағарту ісінің үздігі, «Еңбек ардагері» медалінің иегері, ұлағатты ұстаз Мұқаметқали Малдыбеков биыл 90 жасқа толды.
Суретшілік те – сырлы өнер. Әйгілі италиялық қылқалам шебері Леонардо да Винчи бір қолымен сурет салып тұрып, екінші қолымен жаза алатын қасиетке ие болған екен. Біздің Мұқаметқали ағайымыз да – суретшілік өнер мен шығармашылықты қатар меңгерген, өлең жазып, ән де айтатын сегіз қырлы бір сырлы жан.
Балалығым өткен жер,
Жігіттікке жеткен жер!
Құлжа, Сүйдін, Көкдала,
Көкейімнен кетпес жер!
Жігіттігім өткен жер,
Егделікке жеткен жер!
Қарасаз бен Шалкөде,
Ерінбей еңбек еткен жер!
Егделігім өткен жер,
Кәрілікке жеткен жер!
Талдыбұлақ, Талғарым, – деп жырлаған Мұқаметқали Әбдірейімұлы 1936 жылы 24 ақпанда Қытайда дүниеге келген. 1956 жылы Құлжа қаласындағы Ахметжан Қасыми атындағы педагогикалық колледжді үздік бітіріп, 3 жыл сол оқу орнында химия-биология пәнінен дәріс берген. 1959 жылы атажұртқа оралған соң, 1983 жылға дейін Райымбек ауданы Қарасаз ауылындағы Энгельс атындағы орта мектебінде, 1994 жылға дейін Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылындағы №34 мектепте ұстаздық қызмет атқарды. 1970 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірді.
«Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы» дегендей, біз мектепте оқып жүргенде мұнтаздай таза киінетін, жүріс-тұрысымен, білімділігімен, өнерімен адамды баурап алатын Мұқаметқали ағайға қарап бой түзедік. Ұстаздан дәріс алған шәкірттері – Ыбырай Шамырханов, Зейнегүл Қайыңбаева, Тұрсынбай Әміреев, Мұса Қасқарауов, Нұрбосын Әліпбаев, Марат Бозымбаев, Бақытнұр Бүрдесбеков жоғары білімді, кәсіби суретшілер болса, Нұрақынбай Орынбаев, Өмірсерік Ахметов белгілі архитектор мамандар болып шықты.
2023 жылы Талғар аудандық орталық кітапханасында Мұхаметқали Әбдірейімұлының шығармашылық кеші өтті. Онда оқырман қауым мен шәкірттері ұстаздың сурет көрмесімен танысып, өзінің өмір тәжірибесі мен білімін, философиялық ой-толғамдарын түйіндеген «Қазақ-Күнби», «Өмір-Заман», «Арғы атамыз – Алаш», «Жан сыры» атты 4 кітабы таныстырылды. Қаламгер шығармашылығында ресми тарихтан гөрі ұлттық танымға сүйену, ауызша тарих пен көне деректерді ұштастыру басым. Ұстазымыз өте ұқыпты адам. 1970 жылы 8-сыныпқа химия пәнінен ашық сабақ өткізген. Сол сабақта қазіргі белгілі ақындар Шеризат Мекебаев пен Мұхтархан Қалиұлына химия туралы өлең жазуды тапсырыпты. Сия қаламмен жазған екі шәкіртінің өлеңдерін 55 жыл сақтап, сол кеште өздеріне оқытты. Тіпті, ағамыздың жеке мұрағатында өзінің оқушы кезде шығарған есептері де сақталған. 1965 жылы ұстазымыз Қарасазда жаңа үй салды. Сол үйдің сыртқы екі керегесіне маралды қуып бара жатқан арыстанның барельефін саз балшықтан сылап жасады. Арада 60 жыл өтсе де сол сурет Қарасазға кіретін Абай көшесіндегі үйде сол қалпында тұр. Суретші-ұстаздың «Алатаудың ақ барысы», «Нұрлы дүние», «Көшпенділер жайлауда», «Қазақ-Күнби» сияқты жүздеген картинасы мен қарындашпен салған графикалық-кескіндеме суреттері сөйлеп тұрғандай көрінеді…
«Қалаған жақсы ісін істеуге мүмкіндік туғанда, адам өзін бақытты сезінеді», – деп философиялық ой толғаған ұстазымыз қазір «Әруей» атты бесінші философиялық туындысын жазу үстінде.
Ол кісінің достары да – зиялы азаматтар. «Бүркіт», «Тау хикаялары», «Азулылар айқасы» сияқты кесек этнографиялық туындылар жазған жазушы Тұрдақын Жексенбай ағамыз бен Жетісу әншілік мектебінің көрнекті өкілі Садықожа Мошанұлының «Сары бидай» әнін рухани қазынамызға қосқан әнші Молдасан Шәпиұлы үшеуі сыныптас.
… Көргеннен- ақ көркіне көзім тойды,
Бір сиқыр кернеп кетті тұла бойды.
Ойымнан үш ұйықтасам
шықпай жүрді,
Арбады оның көркі ақыл ойды, – деп жырлаған Мұқаметқали ағамыз жігіт кезінде бір көргеннен ғашық болып, сүйіп қосылған ардагер-ұстаз Биғайша Қонайқызы жеңгемізбен отбасын құрып, бес қыз, екі ұл, жиырма шақты немере, он шақты шөбере сүйген ақ баталы ата, ақылшы әже болып бақытты ғұмыр кешуде.
Ұжымағым – сая бағым,
Пір тұтар даналарым.
Ғұмырың жүзге жетсін,
Ақсұңқар ағаларым, – дегендей, мерейлі 90 жасыңыз ғасырлық 100 жасқа ұлассын бекзат болмысты құрметті ұстаз!
Елеусіз Ахметкерімұлы,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі,
Райымбек ауданының Құрметті азаматы