6654 әскери бөлімінің жеке құрамының қатысуымен Қонаев қаласының кітапханасында “Бірге кітап оқиық” атты рухани-танымдық шара өтті. Аталған іс-шара аясында жазушы Смағұл Досжанның Бала шақтан болашаққа атты кітабының таныстырылымы ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, жас ұрпақты рухани құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу және әскери қызметшілер арасында әдебиетті насихаттау болды. Шара барысында кітапхана қызметкерлері жиналған қауымға кітаптың мазмұны мен маңызы туралы кеңінен таныстырып, шығармада көтерілген тақырыптар жайында әңгіме өрбітті.
Кездесу барысында әскери бөлімнің жеке құрамы кітаптың мазмұнына ерекше қызығушылық танытып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Шығармада балалық шақтан бастап адам өміріндегі маңызды кезеңдер, тәрбиенің рөлі, болашаққа деген сенім мен мақсат туралы тағылымды ойлар қозғалғаны атап өтілді.
Мұндай мәдени-рухани шаралар әскери қызметшілердің дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, олардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыруға да ықпал етеді. Сонымен қатар, кітап оқу арқылы адам рухани байып, өмірлік құндылықтарды тереңірек түсінуге мүмкіндік алады.
Кездесу барысында қатысушылар кітап туралы пікір алмасып, кітап оқудың қоғам үшін маңыздылығын атап өтті. Шара соңында ұйымдастырушылар осындай танымдық кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Қонаев қаласының кітапханасында өткен “Бірге кітап оқиық” атты бұл рухани кездесу қатысушыларға ерекше әсер қалдырып, кітаптың адам өміріндегі маңызын тағы бір мәрте айқындап берді.
Қырғызбай Альбина Қайратқызы
бөлініс бастығы (кітапхана бастығы), кіші сержант





