Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, табиғат пен адамзаттың үндестік табатын ұлы мерекесі. Осындай керемет күннің сән-салтанатын арттырып, алаңдарда ақ шаңқан киіз үйлер тігілгенде қазақылықтың иісі аңқып, ұлттық рухтың асқақтай түсетіні анық.
Киіз үйдің әрбір бөлшегінде терең мән жатыр. Көк күмбезіндей шаңырақ – аспанмен тілдескен қасиетті белгі, ұрпақ сабақтастығының символы болса, уық пен кереге – елдің бірлігі мен ынтымағын, отбасы берекесін білдіреді. Осыған байланысты тілімізде тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдер көп. Қазақ ұл-қызына бата бергенде «Шаңырағың биік, керегең кең болсын, екі босағаң тең болсын», «Шаңырағың шайқалмасын» дейді. Отбасылы болған жанды «шаңырақ көтерді» деген. Мұның бәрі қазақ өмірінде киіз үйдің орны ерекше мәнге ие екенін білдіреді.
Жаздың аптабында салқын, қыстың ызғарында жылы бола алатын киіз үй – ата-бабаларымыздың даналығы мен шеберлігінің нәтижесі. Бұл – тек инженерлік тапқырлық емес, табиғатты терең түсінудің, онымен үндес өмір сүрудің айғағы. Киіз үйдегі төр – ең құрметті орын, ол қонаққа, үлкендерге арналған. Ортадағы ошақ жылудың, ал оған асылған қазан құттың белгісі болған. Босағаның өзін оң мен солға бөліп, әрқайсысына өзіндік мағына берген. Киіз үйдің төрінен қарағанда оң жақта ат әбзелдері тұрса, сол босағаға ас-ауқат, ыдыс-аяқ салынған кебеже мен адалбақан орналасқан. Яғни ер мен әйелдің өз шекарасы бар. Ағаштан жасалған жарма есік – сықырлауықтан үйге енген адам сәл иіліп, үй иесіне құрмет көрсете кірген. Бұл – қазақ халқының әдептілік пен ізеттілікті жоғары бағалағанының айқын көрінісі. Есіктен иіліп кірудің өзі адамға кішіпейілділік пен сыйластықтың мәнін ұқтырады. Бала ес білгеннен осы киіз үйдің ішінде өсіп, оның әр бұйымының мән-мағынасын ұғына отырып, халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бойына сіңірген.
Осынау құнды қазынамызды қайта жаңғыртып, заманға сай лайықтап киіз үй жасаумен айналысатын ерлі-зайыпты Думан Сәрсенұлы мен Күлпаш Әнуарбекқызының «Ерхан» шеберханасына арнайы барып, жұмыс барысымен таныстық. Еңбекшіқазақ ауданындағы Балтабай ауылында киіз үй жасайтын бірнеше шебер бар. Барлығы – Қытайдан келген қандастар.
«Бұл кәсіпті жолдасымның бастамасымен 2024 жылы қолға алдық. «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, киіз үй жасау бойынша жобамызды қорғадық. Сәті түсіп, 2,5 пайызбен 5 жылға 9 млн 400 мың теңге алдық. Шеберханамызды кеңейтіп, керек құрал-жабдықты түгендедік. Әрине, басында жүрексінгеніміз рас. Дегенмен қолдау білдіретін жақындарымыз бар. Бұл кәсіпке осында қайынағам мен абысыным бас-көз болып отыр. Қайынағам – темір ұстасы. Ол кісі киіз үйдің сүйегін жасайтын ер адамдармен, ал абысыным туырлық, үзік, түндігін тігетін тігіншілермен бірге әр тапсырыстың талапқа сай болуын қадағалайды. Мен тапсырыс алу, жеткізу, жарнама, қаржы мен дизайнға жауаптымын», – деп сөзін бастаған Күлпаш Әнуарбекқызы наурыз айында киіз үйге деген сұраныстың артатынын айтады.
«Киіз үй жазда салқын, ал қыста суық өткізбейтін жылы болуы керек. Ол үшін біз бес қабат материал қолданамыз. Ең ішкі қабатына әдемілік үшін бір қабат мата, одан кейін жылулық үшін екі қабат мақта, су өтпеуі үшін сыртында брезент болатынына қарамастан, мақтадан кейін бір қабат қалың целлофан қосып тігеміз», – дейді Күлпаш.
Аты «киіз үй» болғанымен, өкінішке қарай, қазір түндік те, үзік пен туырлық та, басқасы да киізден жасалмайды. Оның орнына мақта мен мата, брезент сынды материалдар қолданылады. Өйткені киіз басып, оны нарыққа шығарып жатқан жан жоқ. Болса да, қымбат.
«Халық біздің киіз үйлерді «Қазақтың баспанасы, ұлттық нақыш» деп құрметтеп алғанда үйлердің кейпі кетіп, бірер жылда тозып немесе матасының нілі шығып, бояуы ағып тұрса, әрине, ұят. Қазақтың құндылығы, ұлттық өнердің үлгісі болғандықтан сапалы, әрі сән-салтанатымен жасаған жөн деп білемін. Мұның бәрі баспананың бағасына әсер етеді. Қазір темір де, мата да арзан емес. Сондықтан киіз үйдің құны да қымбатқа шығады. Дегенмен бағасына қарамай, сапасы мен сәніне мән беретін алушыларымыз да бар», – дейді кәсіпкер.
Кезінде шеберлер киіз үйдің сүйегіне қажет ағашты айлап дайындаса, бүгінде бұл іспен дәнекерлеушілер айналысып, күніне бір үйді тәмамдап қояды. Әрине, ағаштың орнына темірді пайдаланады. Құрылысына бір шеге қолданылмайтын ағаш кереге керіліп-жиналса, темір керегені бір-біріне кигізе салуға ыңғайлап жасайды.
Қазақтың таным-түйсігі, әдет-ғұрпы, әдеп-ибасының мәйегі, мәдениеті мен қолөнерінің жарқын көрінісі болған киіз үйлер – ақ шаңқан, ақ орда, ақ үйлер әрқайсымыздың ауламызда сән-салтанатымен тігіліп тұрса, қандай ғажап!
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы





