☀️
16°C
Қонаев
Сенбі, Наурыз 28, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Журналист жолы

    28.03.2026
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    Журналист жолы
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Журналист – үлкен өмір жолындағы жолаушы. Себебі, ол өмірінің тең жартысын жол үстінде, ой үстінде өткереді. Ол жүрмейтін жол, бармайтын жер жоқ десек те болады. Сөйте жүре қоғамның үнін, халықтың талап-тілегін билікке жеткізеді. Осылайша билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналады.

    Журналист – ойдың ғана емес, сезімнің адамы. Әрбір жазған дүниесін жан-жүрегінен өткізеді. Кейіпкерімен бірге жылап, бірге күледі. Тылсымы көп табиғатқа тамсанады, соның жұмбағын шешуге тырысады. Табиғат-Анадан бойына күш-қуат алады. Оның жүрегінен шыққан әрбір сөз, сезім шуағы ақ параққа қасиетті қалам арқылы өріледі. Табиғаты тамылжыған Кеген ауданының Жалағаш ауылында дүниеге келген, арман қуып журналистика деген телегей теңіздің ортасынан табылған Нұрбол Әлдібаев та дәл осындай жан дүниесі тылсымға толы, арманшыл жан еді.
    Адам өмірі – оның жүріп өткен жолымен, қалдырған ізімен өлшенбек. Журналистика саласында ұзақ жыл қызмет еткен Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Нұрбол Әлдібаевтың да жүріп өткен қысқа ғұмыры өнегеге, тағылымға толы. Ол еліміздің белді басылымдары – «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан», «Заң», Алматы облыстық «Жетісу» газеттерінде еңбек етіп, журналистикада өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
    Нұрбол Омарбекұлының өмір жолына қысқаша тоқталып өтер болсақ, ол 1982 жылы Кеген қазақ орта мектебін бітірген соң, 1983-1985 жылдары Германияда әскери борышын өтейді. 1990-1996 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алады. 2007-2009 жылдары Ө. Жолдасбеков атындағы Экономика және құқық академиясында заңгер мамандығы бойынша білімін толықтырады. Еңбек жолын 1988 жылы Райымбек аудандық «Қарқара» газетінде тілшіліктен бастайды. 1995 жылы республикалық «Жас Алаш» газетіне жұмысқа қабылданып, журналистиканың қазанында қайнайды. 2000 жылдан бастап Алматы облыстық «Жетісу» газетінде еңбек етіп, ауылшаруашылығы, экономика, заң, құқық тақырыптарында қалам тербейді. Жалынды жас журналистің қаламының ұшқырланып, өңірдегі судья, прокурорлармен көлемді сұхбат жасап, полицияның жұмысын жарқырата көрсететін сәті – дәл осы кезең. Қылмыстық талай оқиғаны зерттеп, жазықсыз жапа шеккен жандардың өміріне араша түскен сәттері де, тіпті бір адамды темір тордан босатып, отбасымен ертерек қауышуға мүмкіндік жасағаны да журналистік жолындағы жанкештілігі десек болады.
    Нұрболдың бір үлкен қасиеті – тәуекелшілдігі. Ол қандай істен де қорықпай, нартәуекелге басып, қолға алған ісін табандылықпен соңына дейін жеткізіп, одан нәтиже шығармай қоймайтын. Сондықтан ұсақ емес, ірі тақырыптарды қозғады. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Үнемі іссапарда жүріп, ел аралап, шалғай ауылдардағы халықтың тілегін, арманын газет бетіне жариялады. Әрдайым өзінің журналистік үнін, пікірін жеткізді.
    Бір кездері Кеген мен Нарынқол ауданы қосылып, шет қалғанда осы өңір халқының талап-тілегін бір кісідей көтеріп, жанайқайын жеткізе жазған да Нұрбол Омарбекұлы еді. Ол аудан орталығы мәртебесінен қағылған Нарынқолдың жай-күйіне жұртшылықтың назарын аударып, бірнеше мәрте мақала жазды. Сонымен қатар туризмге сұранып тұрған Кеген, Нарынқол өңірін өркендету, жолын жөндеу, газдандыру, өндіріс орындарын ашу қажеттігі туралы да жиі қалам тербеді.
    Қоғамдағы құбылыстарды зерттеп-зерделеу жолында өзінің күші мен уақы­тын да аямады. Әсіресе, 2012-2017 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі болып қызмет еткен жылдары аймақ тынысын респуб­ликалық басылым бетінде айшықтап көрсетті. Осы жылдары экономика, білім-ғылым, мәдениет тақырыбындағы мақалалары газет бетіне жарқырай шықты. Соңғы жылдары республикалық «Заң» газетінің Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі ретінде түрлі сот процесіне қатысып, адамдардың құқығын қорғау, заңдық мәселелерді шешуде бел жазбай еңбек етті. Сан мәрте тәлейлі тағдарлар жайында қалам тербеп, қорғансызға пана болды. Осы арқылы журналистика деген мамандықтың киелілігін, құдіретін сезінді.
    Әрине, газет жасау, оны шығару да оңай іс емес. Бұл жанкештілігі көп машақатты еңбек. Қызығынан шыжығы мол толасыз тіршілік. Сондықтан да журналистер «Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» деп жатады. Тілшілер күніне кем дегенде екі-үш жиынға қатысады. Оны жазады. Күнделікті шығатын газеттегі мақалаларды көзмайын тауыса оқып, қатесін түзетіп, баспаға жіберіп, оның басылып шыққанын түннің бір уағына дейін күтіп, ел-жұрт ұйқыға жатқанда үйіне қайтады. Иә, мұның бәрі Нұрбол Омарбекұлының күнделікті кешкен тынымсыз тірлігі. Ауа райының қолайсыздығына қарамай, редакция тапсырмасымен талай сапар шегіп, егін еккен диханшыны да, мал баққан шопанды да, көмекке зәру отбасын да, құқығы тапталып, қоғамнан әділеттілік іздеген жандарды да нысанадан тыс қалдырмай жазу журналиске жүктелген үлкен міндет. Міне, осы сынақтың бәрінен мүдірмей өткен жан ғана журналистиканың шыңына шығып, қасиетті қаламның нағыз иесіне айналады.
    Мұнымен қоса шығармашылығыңды үнемі дамытып отыру да – қаламгерге тән қасиет. Осы тұрғыдан алғанда да Нұрбол Омарбекұлы көп ізденді. Жылма-жыл өтетін Алматы облысы әкімінің журналистер арасындағы байқауының бірнеше мәрте жеңімпазы атанды. «ЗАҢ» медиа-корпорациясы» ұйымдастыратын Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив байқауында «Құдықтағы мәйіт» әңгімесімен 1-орынды иеленді.
    Журналистік еңбегімен қатар «Іле де ұлы өзен», «Біз екеуміз» кітаптарын жазып, қалдырды. «Киелі мекен – Күреңбел» кітабы оқырмандар сұранысымен үш рет қайта басылды. Мұның өзі қаламгер туындыларының құндылығын, ұрпаққа берер үлгі-өнегесі мен тағылымының молдығын көрсетеді.
    Міне, осылайша күн-түн демей еңбек етіп, журналистикада өзіндік соқпағын салған Нұрбол Әлдібаевтың да өмірден озғанына қырық күн өте шықты. Соңында ошағының отын өшірмейтін өмірлік қосағы Майгүл Молдасанова, Алтынай, Айша, Ұлдана есімді алтындай үш қызы қалды. Алматы облысы «Жетісу» газетінде ұзақ жыл бірге еңбек еткен әріптесіміз – заңгер-журналист, «Қазақстан халықтар достығы» төсбелгісінің иегері Нұрбол Омарбекұлының жарқын бейнесі мәңгі есімізде сақталады.

    Алма ЕСЕНБАЙ

    Туған інімдей еді

    Жұмаш Арғымбайұлы,
    Қазақстанның Құрметті журналисі:

    – 2000 жылдың басында сол кездегі Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Жақыпжан Нұрғожаев «Осы жігітті қарамағыңа алып, тәрбиелесең» деп Нұрболды менің бөліміме жіберді. Ол кезде экономика және ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі едім. Өзі елгезек, айтқан сөзіңді қағып алып, елпелектеп жүгіре кететін жігіт екен. Бірден-ақ інімдей көріп, қолымнан келгенше білгенімді үйретіп, бағыттап, жол көрсеттім. Өзі Кеген өңірінің тумасы болғандықтан ауыл шаруашылығы тақырыбына бірден кірігіп, оқылымды мақалалар жаза бастады. Кейіннен «Егемен Қазақстан», «Заң» газеттерінің Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі болды. Бұл – үлкен жауапкершілік әрі міндет. Өйткені, екінің бірі республикалық басылымдардың тілшісі бола бермейді. Оған да сайдың тасындай іріктелген журналистерді алары анық. Осы өсу жолдарында біз әрдайым Нұрбол ініміздің тілекшісі болдық. Тек өмірден ерте озғаны өкіндіреді. Қазақта «Орнында бар оңалар» деген жақсы сөз бар. Артында ұрпағы, жазып қалдырған мұрасы барда Нұрбол ініміздің аты өшпек емес.

    Соңғы жаңалықтар

    Таза Қазақстан: Қонаевта 3000 ағаш егілді
    28.03.2026
    «Көктем-2026» шақырылымы – шекарада!
    28.03.2026
    Шекарашы ардагерлер Наурызды тойлады
    28.03.2026
    Махаббат мәні
    28.03.2026
    Домбыраның үнін ұққан
    28.03.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>