Вейптің жастар арасында кең таралуы кездейсоқ құбылыс емес. Әлеуметтік желі арқылы жасырын насихат бұл өнімді «заманауи», «қауіпсіз» және «сәнді» әдет ретінде қалыптастырып отыр. Әсіресе TikTok, Instagram секілді платформаларда электронды темекіні қолдану қалыпты өмір салты ретінде көрсетіліп жүр. Мұндай контенттің негізгі аудиториясы – жасөспірімдер.
Вейп шегудің жастар арасында әлеуметтік мәртебенің бір көрінісіне айналып бара жатқанына медицина мамандары да дабыл қағуда. Оның зияны мен салдары туралы Қонаев қалалық емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Толғанай Құлмахан айтып берді.
– Электронды темекінің құрамындағы никотин – қауіпті әрі тәуелділік тудыратын зат. Ол ми қызметінің қалыптасуын бұзып, есте сақтау қабілетіне кері әсер етіп, жүйке жүйесін әлсіретеді. Сонымен қатар вейп сұйықтығындағы химиялық қоспалар өкпе тінін зақымдап, тыныс алу жүйесінің созылмалы ауруына әкеліп соқтырады. Әсіресе жасөспірімдер үшін мұндай әуестік денсаулыққа орны толмас зиян келтіру қаупін арттырады. Олар вейпті көп жағдайда «тыныштандыратын құрал» деп ойлайды. Алайда бұл уақытша өзін-өзі алдау мен иллюзия ғана. Тағы бір мәселе – жастардың психологиялық ахуалы. Қоғамдағы әлеуметтік қысым, оқу мен болашаққа қатысты алаңдаушылық, тұрақсыздық сезімі жасөспірімдерді зиянды әдетке итермелейді. Мұның соңы психологиялық және физиологиялық дағдарысқа алып келеді, – дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, жастар мен жасөспірімдер арасында вейп тартуды тоқтату үшін білім беру мекемелерінде оның зияны туралы формалды дәрістер емес, нақты деректерге негізделген, ашық әрі әсерлі түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет. Сондай-ақ ата-аналардың жауапкершілігі де ерекше рөл атқарады. Жастар арасындағы вейпке тәуелділік – жай ғана жеке таңдау немесе өткінші әуестік емес. Бұл – қоғамдық қауіпсіздік пен ұлт денсаулығына тікелей әсер ететін күрделі мәселе. Егер бүгін нақты әрі жүйелі шаралар қабылданбаса, ертең оның салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін. Қоғам бұл мәселеге бейтарап қарауды доғарып, нақты әрекетке көшетін уақыт жетті.
Электронды темекінің сырт көзге зиянсыз болып көрінуі оның қауіпсіз екенін білдірмейді. Сәнге немесе қызығушылыққа еріп жасалған таңдау кейде ауыр салдарға соқтыруы мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Сондықтан жастар арасында вейптің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, салауатты өмір салтын насихаттау маңызды. Әр жасөспірім өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттерден саналы түрде бас тартуы тиіс. Өйткені денсаулық – уақытша қызығушылықтан әлдеқайда қымбат құндылық.
Тоғжан Асхатқызы
Қонаев қаласы





