Қонаев қаласында мектеп оқушылары арасында алғаш рет «Болашақ чемпиондар лигасы» атты спорт додасы бастау алды. Жас спортшыларды біріктірген бұл жарыс футбол, волейбол және баскетбол спорт түрлерін қамтып, алдағы екі ай бойы жалғасады.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі ерекше форматта өтті. Спортшылар шеруі, акробатикалық қойылымдар мен әсерлі шоу қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов жас спортшыларға сәттілік тіледі.
«Бұл жарыс – жай ғана бәсеке емес. Бұл – достықтың, табандылықтың және жеңіске деген жігердің алаңы. Бүгінгі алаңда жүрген әрбір жас спортшы – ертеңгі ел мақтанышы, болашақ чемпион. Қалада бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді және мұндай жобалар жас буынға үлкен серпін береді», – деді қала әкімі.
Шара барысында қала әкімдігі тарапынан жас спортшыларға қолдау ретінде 600 дана доп тарту етілді.
Кештің шарықтау сәтінде көрермендер ерекше шоуға куә болды. Әскери қызметтегі қала тұрғыны Айдар Тезеков күш өнерін көрсетіп, шегені ағашқа қолмен қағып, гір тасының үстінде жаттығу жасап, көпшілікті таңғалдырды. Тұрғынға спортқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыру жолындағы еңбегі үшін қала әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Салтанатты рәсім барысында «Болашақ чемпиондар лигасының» кубогі ретрокөлікпен сахнаға шығарылып, жарыс ресми түрде ашық деп жарияланды.
Аталған дода жас спортшыларға өз мүмкіндігін көрсетуге, тәжірибе жинауға және үлкен спортқа қадам жасауға жол ашпақ.




