Орал қаласында еркін күрес және грек-рим күресінен жастар мен жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Аталған жарыста жерлесіміз Дамир Сейіткерім өз салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырынан көрінді.
Жас балуандардың бозкілемдегі белдесуі төрт күнге созылып, тартысты өтті. Әрқайсысы намысты қолдан бермеуге тырысып, бар күш-жігерін салып, кіл мықтыдан кім мықты екенін көрсетті.
Дамир 20 жасқа дейінгі еркін күрес финалында түркістандық балуанның жауырынын жер иіскетсе, келесі күні грек-рим күресінен Алматы қаласының үкілеп, үміт артқан үздік балуанын ұтты. Ал 23 жасқа дейінгі еркін күрестің шешуші сәтінде Жетісу облысының балуанынан басым түссе, грек-рим күресінен Батыс Қазақстан облысының намысын қорғап келген спортшыны сан соқтырды.
Өзінің табандылығымен қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанған Дамир Мархабатұлының осындай жетістікке жетуіне сүбелі үлес қосқан жаттықтырушысы, грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері Назтай Мейрамбектің еңбегі ерен.
Алматы облысының абыройын асқақтатқан балуанды Ақдала орта мектебінің ұжымы және Ақдала ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен ауыл тұрғындары саябақ алдында қарсы алып, спортшыға құрмет көрсетті. Салтанатты шарада Балқаш ауданының Құрметті азаматы, ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Бекен Шыбықбаев ақ батасын берсе, ауыл қариялары мен аға буын өкілдері ізгі тілектерін айтты. Жиналған қауым чемпионмен естелік суретке түсіп, мәре-сәре болып тарқасты.
Қазақ халқының бағына жаралып, алып күштің иесі атанған, еліміздің атағы мен абыройын көкке көтеріп, даңқын аспандатып, әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасұлының жолын қуып, данқты спортшы болуды армандап жүрген жас балуандардың бірі Дамир Сейіткерім десек, артық айтқандық емес. Өйткені ол – дүбірлі жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, аудан абыройын асқақтатып, мерейімізді тасытып, мәртебемізді биіктетіп, ел намысын арқалап жүрген спортшы. Сондықтан осындай спортшылардың жеңісіне бірге қуанып, биік белестерді бағындыра беруіне тілектес болайық.
Бақтығали ДӘУІТБАЙ
Балқаш ауданы




