⛅
15°C
Қонаев
Жұма, Сәуір 10, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Мұнай және жаһандық экономика

    10.04.2026
    in Барлық жаңалықтар, Экономика
    Мұнай және жаһандық экономика
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған әскери шабуылынан кейін әлемдік мұнай нарығында баға күрт өсті. Геосаяси шиеленістің күшеюі инвесторлар мен нарық қатысушыларының алаңдаушылығын арттырып, мұнай құнына тікелей әсер етті.  Ал  Иранның Ормуз бұғазын бұғаттауы мұнай мен газ бағасын шарықтатып, жаһандық экономиканы есеңгіретіп тастады. Мұнай мен газ бағасының қымбаттауы – бұл тұтынушыларға ғана емес, жаһандық экономика мен саяси қатынастарға да тікелей әсер ететін өте маңызды мәселе. Энергетикалық ресурстар бағасының өзгеруі әлемдік нарықта үлкен дүмпу тудырып, инфляцияға, өндіріс шығындарының өсуіне және халықтың әл-ауқатының төмендеуіне алып келуі мүмкін.  Күні кеше қақтығысқан тараптар қысқа мерзімді келісімге келгенімен, бағаның  бірден  тұрақтанатын түрі жоқ. Сарапшылар мұнай мен газ өндіретін ел ретінде әлемдік энергия нарығындағы өзгерістер Қазақстанға да  өзіндік әсер ететінін  айтуда.
    Мұнай бағасының қымбаттауы Қазақстанның  қаржылық жүйесіне оң әсер етуі мүмкін. Шикізаттың жоғары бағасы экспорттық кірістерді арттырып, сауда балансын жақсартады және теңге бағамын  күшейтеді. Сонымен қатар Ұлттық қорға да қосымша қаражат түсуі мүмкін. Сонымен бірге мұнай нарығындағы жоғары құбылмалылық экономика үшін тәуекелдер де туғызады. Бағаның жиі өзгеруі инфляцияға, инвестициялық белсенділікке және қаржы нарығына әсер етуі ықтимал.
    Қаржы сарапшысы Айбар Олжайдың пікірінше, қазіргі 77-80 долларлық баға соғыс қаупі мен геосаяси шиеленістен туындаған уақытша өсім. «Нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың нақты тепе-теңдігін есептегенде, мұнайдың тұрақты бағасы шамамен 70 доллар деңгейінде болуы мүмкін. Бұғаздың екі аптадан артық жабық тұруы екіталай. Өйткені бұл тек Иранға емес, бүкіл Парсы шығанағындағы араб монархияларына да тиімсіз», – дейді ол өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында. Сонымен қатар сарапшы мұнай бағасының өсуі Қазақстанға қандай пайда әкелетінін де алға тартады.
    «Қазақстан үшін мұнай бағасының 60 доллардан  70 долларға   көтерілуі қысқа мерзімде оң әсер беруі мүмкін. Біріншіден, экспорттық төлемдер мен корпоративтік табыс салығы көлемі артады. Бұл бюджет кірісін және Ұлттық қорға түсетін валюталық түсімді көбейтеді. Екіншіден, мұнайдан түсетін доллар көлемінің артуы теңгенің тұрақтылығын қорғайды. Алтын бағасы өсіп, әлемде тұрақсыздық күшейген кезде, елге шетел валютасының көбірек түсуі экономикамыздың тұрақтылығын сақтауға көмектеседі», – дейді Айбар Олжай. Сарапшының айтуынша, қазір Қазақстан мұнай өндірісін бірден күрт арттыра алмайды. «Ел жылына шамамен 100 миллион тонна мұнай өндіреді. Оның 20 миллион тоннасы ішкі нарыққа жұмсалады. Демек, экспортқа шығатын көлемі шамамен 80 миллион тоннамен шектеледі. Бұл мұнайдың басым бөлігі ірі шетелдік компаниялар жүзеге асырып жатқан жобалар аясында өндіріледі. Сондықтан мемлекет негізгі табысты өндірістен емес, салықтар мен роялти төлемдері арқылы алады», – дейді қаржыгер. Айбар Олжайдың сөзінше, мұнай бағасының 70 доллардан жоғары болуы Қазақстан үшін тиімді. Бірақ бұл қысқа мерзімді пайда ғана. Оны ұзақмерзімді, тұрақты табыс көзі ретінде қарастыру дұрыс емес екенін алға тартады сарапшы.
    Мұнай бағасының мейлінше жоғары болуы сауда балансын жақсартады, теңге бағамын күшейтеді және уақытша бюджетке қысымды төмендетеді. Өйткені экспорт пен Ұлттық қорға түсетін ақшада мұнай-газ секторы негізгі рөлге ие. Дегенмен, әлемдік мұнай бағасының шарықтауы ішкі нарыққа да айтарлықтай әсер етері анық. Сәуір айынан бастап  елімізде бензин бағасы біртіндеп өседі. Сарапшылардың айтуынша, баға күрт көтерілмейді, өйткені жанар-жағармай нарыққа шыққанымен, мемлекет оны бақылауда ұстайды. Жақында ғана   Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов елімізде бағаның күрт өсуіне жол бермейтінін атап айтты. «Елімізде  1 сәуірде АИ-92 бензині мен жазғы дизель отынының бөлшек бағасын көтеруге қойылған мораторий аяқталды. Десе де олардың бағасының  күрт өсуіне жол берілмейді. Бұған дейін мемлекет реттеп келген мотор отындарының бағасы күрт өскен жоқ. Энергетика министрлігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, әкімдіктер және басқа да мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының арқасында осындай нәтижеге жеттік. Демек, жағдайды объективті бақылап, бәсекелестікке қарсы әрекеттерге жол бермеу маңызды», – деді  Елордада өткен брифингте  Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.
    Жанармай бағасы – кез келген елдің экономикасында тек жүргізушілер үшін емес, жалпы инфляция, логистика, азық-түлік бағасы мен өндіріс шығындарына тікелей әсер ететін стратегиялық көрсеткіш. Әсіресе мұнай өндіруші ел саналатын Қазақстан үшін бензин мен дизельдің ішкі бағасы үнемі қоғам назарындағы мәселе. Оның үстіне көрші елдердегі  сұраныстың да белгілі деңгейде әсер ететіні тағы бар. Айталық, Ресей 1 сәуірден 31 шілдеге дейін бензин экспортын уақытша тоқтатуды жоспарлап отыр. Бұл шара жанармай құю стансаларындағы бағалардың өсуін тежеу мақсатында енгізілмек. Мұндай шешім Қазақстанға қалай әсер етеді? Айта кетейік, мұндай шектеу Қазақстан үшін бірінші рет емес. Былтыр Ресей экспортқа шектеу енгізген сәтте Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елімізге еш әсер етпейді деп мәлімдеген. Ресейдің бензин экспортына уақытша шектеу енгізуі жыл сайын қайталанатын құбылыс. «Бұл жағдай үшінші жыл қатарынан қайталанып отыр. Ресей Федерациясы тек АИ-92 және АИ-95 маркалы бензинге шектеу қояды. Бірақ тиісті үкіметаралық келісімдерге қол қойған елдерге, соның ішінде Қазақстанға  бұл шектеу қолданылмайды», –  деген еді министр. Сондай-ақ министр Қазақстан ішкі нарықты өзі толық қамтамасыз ете алатын жағдайда екенін, тіпті жанармай экспорты да тоқтамағанын жеткізген. Сонымен қатар тұрақсыздық жағдайында еліміз энергия қауіпсіздігін күшейтуге басымдық беруде. Бүгінде  Энергетика министрлігі стратегиялық нысандарды қорғау және инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағытында ұлттық компаниялармен бірлескен жұмысты күшейтуде. «ҚазМұнайГаз», «QazaqGaz», «KEGOC» және басқа да ірі ұйымдар қауіпсіздік шараларын күшейтіп, жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге кіріскен.
    Ұзақ мерзімді перспективада Қазақстан мұнайға тәуелділікті азайтуға да назар аударып отыр. Бүгінде елде 162 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді, олардың жалпы қуаты 3,5 ГВт-қа жеткен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша «жасыл» энергияның үлесі 7%-ды құрады. Ал 2026 жылға қарай бұл көрсеткішті арттырып, жаңа жел, күн және су электр стансаларын іске қосу жоспарланған.

    Біз жоғарыда  Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі жаһандық мұнай жеткізіліміне қатысты тәуекелдерді арттырып отырғанын айттық. Кейде  дағдарыстың   көптеген басымдықты қайта қарау мен жаңа мүмкіндікке  жол ашатыны тағы бар. Күні кеше Қазақстан мен Оңтүстік Корея мұнай жеткізуді тұрақтандыруға келісті. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінде стратегиялық энергетикалық серіктестіктің келешегін талқылау үшін келген Корея Республикасының өкілетті делегациясымен бірқатар жұмыс кездесулері өтті. Екі елдің  ведомство басшылары отын-энергетика кешеніндегі бірлескен жобаларды дамытудың жаңа кезеңінің бағыттарын егжей-тегжейлі қарастырды.

    Күн тәртібінде мұнай-газ саласындағы ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінді. Қазақстан тарапы Корея ұлттық мұнай корпорациясының (KNOC) ел нарығындағы табысты әрі көпжылдық тәжірибесін атап өтті. Сондай-ақ қазақстандық шикі мұнайды Оңтүстік Кореяға тұрақты әрі өзара тиімді жеткізу мәселесі бойынша ортақ ұстанымға келді. Демек, алда әлемнің өзге елдерінен де Қазақстан мұнайына сұраныс арта түседеді деп болжауға болады.
            ТҮЙІН:
    Қорыта айтқанда, мұнай бағасы алдағы уақытта да геосаяси жағдайға тәуелді болмақ.
    Қазіргі сценарий бойынша баға 80 доллар шамасында сақталуы мүмкін, алайда жағдайдың күрделенуі  оны қайтадан жоғары деңгейге көтеруі ықтимал. Ал Қазақстан үшін басты міндет – қысқа мерзімді табысты тиімді пайдаланып, ұзақ мерзімді энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету.

    Ерзат АСЫЛ

    Соңғы жаңалықтар

    Депутаттарға арналған дәріс
    10.04.2026
    Президент: «Адамзаттың барлық жетістігі – ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі»
    10.04.2026
    Солтүстік шақырады: қоныс аударушыларға қолдау көп
    10.04.2026
    Мұнай және жаһандық экономика
    10.04.2026
    Келелі мәселе көтерілді
    10.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>