Мектеп білім берумен ғана шектелмейді, оқушылардың жан-жақты дамуына, көшбасшылық қабілеттерін шыңдауға үлкен мүмкіндік ашады. Білім ошағындағы осындай маңызды алаңдардың бірі – мектеп парламенті.
Мектеп парламенті – оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымы ғана емес, сонымен қатар олардың пікірін білдіретін, бастамаларын жүзеге асыратын және мектеп өміріне белсенді араласатын орта.
Мектеп парламентінің басты мақсаты – оқушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың шығармашылық және әлеуметтік белсенділігін арттыру. Парламент құрамына әр сыныптан сайланған белсенді оқушылар кіреді. Олар түрлі бағыттар, яғни білім, мәдениет, спорт, экология, ақпарат салалары бойынша жұмыс атқарады.
Біз Шалкөде орта мектеп-лицейінің «Bes asyl» өзін-өзі басқару ұйымының мүшелері жыл бойы бірқатар маңызды істерді жүзеге асырдық. Атап айтқанда, «Қайырымдылық – қайырлы іс» акциясы аясында көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетілді. «Екі жұлдыз» жобасы арқылы оқушылар мен ұстаздар өнерлерін ортаға салып, шығармашылық байланыс нығая түсті. «Дублер күні» барысында оқушылар мұғалімдердің рөлін атқарып, үлкен жауапкершілікті сезінді. Сонымен қатар «КиноTIME» кештері ұйымдастырылып, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалды. Ал «Күзгі асар» жәрмеңкесі оқушылардың ұйымшылдығын арттырып, қайырымдылық пен еңбектің маңызын түсінуге ықпал етті.
Бұл шаралар оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасын нығайтып қана қоймай, олардың жауапкершілік, ұйымшылдық және көшбасшылық қасиеттерін дамытады.
Мектеп парламенті мен білім шаңырағы әкімшілігі арасында тығыз байланыс орнатылған. Оқушылардың ұсыныстары мен пікірлері ескеріліп, мектеп өмірін жақсартуға бағытталған шешімдер қабылданады. Оқу ошағының президенті ретінде менің басты мақсатым – әр оқушының пікірін тыңдау, олардың идеяларын қолдау және мектеп өмірін қызықты әрі мазмұнды ету. Біз бірге жұмыс істей отырып, мектепті тек білім ордасы ғана емес, әр оқушы өзін еркін сезінетін, дамитын ортаға айналдыра аламыз.
Қорытындылай келе айтарым, мектеп парламенті – бұл болашақ көшбасшылардың алғашқы қадамы. Жастарды болашаққа бағыттауда оның атқаратын қызметі зор.
Назерке Сембай,
Шалкөде орта мектеп-лицейінің оқушысы,
мектеп президенті
Райымбек ауданы



