Қонаевтағы қазақ орта мектеп-лицейінде оқушылар арасында өткен республикалық «Тасбақа бұрышы» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Аталған шараны ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен «Tasbaqa» халықаралық табиғатты қорғау қоры ұйымдастырды.
Салтанатты рәсімде алғашқы сөз Қонаев қалалық білім бөлімінің бас маманы Бану Әбдірайымоваға берілді.
Осындай экологиялық бастамалар өскелең ұрпақтың табиғатқа деген жанашырлығын оятады. Сондықтан тағылымы мол шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. «Табиғат – адамзаттың алтын бесігі» десек, сол бесікті қорғау және келешек ұрпаққа таза күйінде аманат етіп табыстау – бәріміздің ортақ парызымыз, – деді Бану Әділболатқызы.
Байқау қорытындысы бойынша 1-орынды иеленген Қонаев қаласындағы қазақ орта мектеп-лицейінің оқушылары – Нұрайым Серікқан мен Мерей Құдайбергенова сахнада орнатылған кең экран арқылы аталған жоба аясында тасбақаны және табиғатқа қамқорлық жасауды дәріптеу мақсатында жүргізілген жұмыстарымен таныстырды.
Келесі кезекте Tasbaqa» халықаралық табиғатты қорғау қорының негізін қалаушы Юлия Цаугг Қазақстанның жабайы табиғатын қорғаумен айналысатынын тілге тиек етті.
– Бүгін еліміздің 9 облысынан келген жеңімпаздарды марапаттауға жиналып отырмыз. Бұл рәсімнің жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысқан қазақ орта мектеп-лицей ұжымына алғыс білдіремін. Қор туралы қысқаша айта кетсем, биыл алғаш рет ауыл шаруашылығы алқаптарында жұмыс істей бастадық. Тасбақа мен басқа да жануарларды қауіпсіз аймақтарға көшіріп, қалаларда табылған немесе заңсыз ұсталған жерлерден алынған жануарларды табиғи ортаға қайта жібереміз. Жабайы жануарлардың заңсыз айналымы мен оларды жалған емдік мақсатта пайдалану деректері бойынша мониторинг жүргізуде мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істейміз. Мектеп оқушылары мен жастар арасында байқау, саяхат және білім беру іс-шараларын ұйымдастырамыз. Қор айналасында жануарларды құтқаруға қатысатын және далалық жұмыстарды қолдайтын адамдар қауымдастығы қалыптасуда. Репортаж, фильм, жарияланымдар арқылы тақырыптың тар шеңберде қалып қоймай, қоғам үшін маңызды болуына ықпал етеміз, – деген аталған қордың басшысы жеңімпаздарды марапаттап, сертификат, Алғыс хат пен сый-сияпат табыстады.
Табиғат қорғау мәселесін халықаралық деңгейде қозғап, іс-тәжірибесімен бөлісіп жүрген Ұлыбританиядан келген эколог-маман Соксон Босворд тасбақа жайлы өзі түсірген фильмді көпшілік назарына ұсынды. Бұл фильмнің 80 пайызы Қазақстанда, соның ішінде Маңғыстау өңірінде түсірілгенін айтып, сайыс қорытындысында маңғыстаулық мектеп оқушыларының да жүлделі орындарды иеленіп, бүгінгі марапаттау рәсіміне қатысып отырғанына қуанышты екенін жеткізді. Еліміздің әр өңірінен келген оқушылар мен олардың жетекшілері қойған сан алуан сауалға шетелдік мейман тұшымды жауап қайтарды.
Салтанатты шараны қорытындылаған білім ордасының басшысы Руслан Кожамсейітов жануарлар әлемін сақтау бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі болғандықтан, осы бағыттағы ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік жұмыстардың маңызы ерекше екенін атап өтті. Осы орайда Қонаев қаласындағы қазақ орта мектеп-лицейінде де түрлі жобалар жүзеге асырылып жатқанын, бүгінгі іс-шараның тек ақпарат алмасу ғана емес, қоршаған орта алдындағы жауапкершіліктің бір көрінісі екеніне баршаның назарын аударды. Сонымен бірге сайыстың нәтижесінде өзі басқарып отырған лицей оқушыларының 1-орынды иеленгені мектептің экологиялық білім беру жолындағы жүйелі жұмысының айқын жемісі екенін атап өтті.
Іс-шара мәресіне жетіп, жұрт тарай бастағанда Ақтау қалалық Төлеген Айбергенұлы атындағы №19 гимназиясының мұғалімі Әйгерім Әбдиеваға жолығып, бірауыз тілдескен едік.
– Халықаралық «Tasbaqa» қоры ұйымдастырған байқау туралы білім беру ұйымдары мен әлеуметтік желілер арқылы хабардар болып, өз жобамызды ұсынып көруге шешім қабылдадық. Бұл біз үшін тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік болды. Еңбегіміз еш кетпей, республика бойынша жүлделі 3-орынға қол жеткіздік. Сайыста қорғаған жобамыз ортаазиялық тасбақа туралы толық ақпарат беруге, оның табиғаттағы маңызын түсіндіруге бағытталды. 6-сынып оқитын Нұрислам Ердалыұлы мен Жазира Абибулла есімді шәкірттерім «Tasbaqa бұрышын» жасап, Қазақстан картасында тасбақаның таралу аймағын белгіледі. Бұл процесс олардың тек білімін ғана емес, командалық жұмыс, жауапкершілік және көшбасшылық дағдыларын дамытуға ықпал етті. Шәкірттерімнің экологияға деген көзқарасының өзгеруі ең үлкен жетістік деп білемін. Олардың табиғатты қорғауды тек сөз жүзінде емес, күнделікті өмірде жүзеге асыра бастауы қуантады, – деді маңғыстаулық Әйгерім Жақияқызы.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы




