☀️
22°C
Қонаев
Сенбі, Сәуір 25, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    «Таза Қазақстан» – жаңғырған сана, жаңарған мәдениет

    25.04.2026
    in Барлық жаңалықтар, Экология
    «Таза Қазақстан» – жаңғырған сана, жаңарған мәдениет
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы еліміз үшін айрықша маңызы бар стратегиялық міндеттердің біріне айналды. Оның талаптары мен қағидалары қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруға, табиғатқа жанашырлықпен қарауға бағытталған. Бұл бастаманы терең түсіну әрбір азаматтың жауапкершілігін арттырады. Өйткені тән тазалығы – жан тазалығының айнасы. Ел Президентінің «Таза Қазақстан» идеясы ұлттық идеологияның аса маңызды бөлігіне айналуы тиіс» дегені сондықтан. Осынау ауқымды шараға қатысты ой сабақтастырып, пікір алмасу үшін «Алатау арайының» ашық алаңына Алматы облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Досан Олжабаев, облыстық аналар кеңесінің төрағасы, ардагер-ұстаз, Білім беру ісінің үздігі Гүлнар Жошыбаева, қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Алматы облысының Құрметті азаматы Тынышбай Досымбеков және «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Досым Зікірияны шақырған едік. Спикерлер тақырып мазмұнын жан-жақты ашуға тырысты.

    – «Таза Қазақстан» бағдар­ламасының қоғам үшін де, адам үшін де маңызы зор. Көпшіліктен қолдау тапқаны да сондықтан. Облыстық экология департаменті бұл шараның бел ортасында жүргені анық. Досан Жеңісұлы, алғашқы сұрақ сізге бағытталады. Акция аясында орындалған қандай нәтижемен бөліскіңіз келеді? Алдағы жоспарларыңыз туралы не айтасыз? Тазалыққа мемлекеттік тұрғыда мән беру ұғымын қалай түсіндіресіз?

    Досан ОЛЖАБАЕВ:
    – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Бұл бастама жалпыхалықтық сипат алды. Акция талаптары тыңғылықты атқарылуы үшін бес тармаққа бөлінген. Атап айтар болсақ, «Таза өкпе», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ». Осыған қарап-ақ «Таза Қазақстан» акциясын сенбілікпен шатастырмайсыз. Сіздерге түсінікті болу үшін тармақтың әрқайсысына жеке-жеке тоқтала кетейін. «Таза өкпе» – айналаны күл-қоқыстан арылтумен ерекшеленеді. «Киелі мекен» – аймақтағы тарихи, мәдени ескерткіштерге күтім жасауға арналған шара. «Жасыл аймақ» – ағаш көшеттерін отырғызу, оны әрі қарай баптап өсіру жауапкершілігіне арналады. «Өнегелі ұрпақ» апталығында ардагерлерге көмек көрсету қолға алынады. Әлеуметтік нысандарды назардан тыс қалдырмауға негізделген «Мөлдір бұлақ» – аты айтып тұрғандай, су ағатын арықтарды реттеумен айналысады. Осының бәрі өзара сабақтасқан кезде кешенді бағдарламаны қамтиды.
    Экология департаменті облыстағы атқарушы органдармен, аудандық әкімдіктермен бірлесе отырып бірқатар жұмысты ойдағыдай орындады. Өткен жылы акцияға 8,8 мың кәсіпорынның, яғни 842,1 мың адамның қатысуы қамтамасыз етілді. Биылғы шара бұрынғыдан да ауқымды. Мәселен, осы мақсатқа арналып бюджеттен 1,5 млрд теңге қаражат бөлінді. Қаңтардан бері 118,4 мың адам акцияға тұрақты қатысты. Нәтижесінде 273 гектар аумақ қоқыстан тазартылды. Түрлі маркадағы 96 техника өз міндетін атқарып жатыр. Саннан сапаға ауысу үдерісі орныға бастады. Мөлшерленген көрсеткіш деңгейі былтырғыдан артық болады деген сенімдеміз.
    Экологиялық мәдениеттің берік қалыптасқаны өркениетке ұмтылған өскелең қоғамға қажет. Сондықтан тың бастамалардың бой көрсетуіне мүдделіміз. Осы орайда бір жаңалық айтайын, Қаскелең қаласындағы жеке инвестор – Freedom Bank өз қаржысы есебінен пластик бөтелкелер мен алюминий қалбырларды қабылдай­тын екі фондомат орнатты. Оған қатысқандарға бонустар есептеледі. Бонус жинағандар арасында қаржысын Аралды құтқару қорына аударғандар да бар. Мұны жаңашыл көзқарастың ықпалы деп ұғамыз.
    Алдағы бес жылға арнап жоспар жасадық. Онда ағаш өсіру санын 1,1 миллионға жеткізу көрсетілді. Үгіт-насихаттың мазмұнын арттырмақпыз. Биылғы төрт ай ішінде 4535 ақпараттық материал жариялауды қамтамасыз еттік. Мектептер мен колледждерде экологиялық сабақтардың өтуіне мүдделіміз. Негізгі айтпағым, әр азамат туған жерінің табиғатына, тазалығына үлесін қосса, мұны – Отанға сіңірген еңбектің бастысы деп бағалауды әдетке айналдырсақ, ұтылмаймыз.

    – Келесі кезекте Гүлнар Сағат­қызы­ның сөзіне құлақ түрейік. Өзі­ңіз жақсы білесіз, ата-бабалары­мыз тазалықты берік сақтауымен ерекшеленген. Сол ата дәстүрді жас ұрпақтың бойына дарыту үшін не істеуіміз керек? Көргені мен білгені мол ұстаз ретінде бұл пікірге қандай ой қосар едіңіз?

    Гүлнар ЖОШЫБАЕВА:
    – «Таза Қазақстан» акциясының мемлекеттік деңгейде және дер кезінде қабылданғаны мені қуантады. Бұл ұғымның мағынасы өте терең. Тазалық – зиялы болудың бір кепілі. Сондықтан ол санаға сіңетін ұлттық тәрбиенің өзегіне айналса деймін.
    Адамның бойына тазалық дарыса, үнемі сергек жүреді. Пейілі кеңейіп, көңілі кірлемейді. Айналасына жанашырлықпен қарайды. Өмірде оған үйрететін екі орта бар. Біріншісі – ата-ана, екіншісі – мектеп. Жағасынан бастап, аяқ-киіміне дейін жарқырап тұрған жанның талғамы аласармайды.
    Ақ жаулық, ақ кимешек, ақ жейде мен ақ көйлек, ақ сәлде және ақ қалпақ – қазақ киімдерінің символы. Ақ түсті материал бекер таңдалмаған. Бұл да тазалықтың өлшемі секілді. Оған кір жұқса, бірден көзге шалынады. Мәселен, медицина саласында жұмыс істейтін дәрігерлерге қараңызшы. Бәрі ақ халатпен жүреді. Бұл да тазалықтың шарты. Осындай тәртіп пен қазақтың тұрмыс салтындағы ұқсастықтар сезімтал ұрпаққа тазалықты үнсіз баяндап тұр.
    Көшесі тазаның – ауласы таза. Үйі тазаның – күйі таза. Дастарқанында дақ жоқ. Шыны-аяғы зауыттан жаңа шыққандай жарқырайды. Бұл сон­шалық қиын шаруа емес. Шындап ескерсе, бәрінің қолынан келеді. Оның кілті – күнделікті шаруаның ертеңге қалмауында. Еріну салақтыққа ұрындырады. Салақ адам өз-өзінен шаршап, абыржып өмір сүреді. Тіпті, шашылып, бықсып отыруға көзі үйреніп, елең етпейтін болады. Ұялуды екінші орынға ысырады. Ауылдың ажарын кетіруге себеп болатын осындай еріншектер.
    «Олақтан – салақ жаман» екенін мектеп қабырғасынан бастап балалардың құлағына құйғанның әбестігі жоқ. Біздің кезімізде оқушылардың қол еңбегіне араласуы назардан тыс қалмады. Оқу-тәрбие бағдарламасына енді. Қазақ «Үйренгенің өзіңе жақсы, жұмысты бітіргенің бізге жақсы» деген мақалды әншейін айта салған жоқ. Осы заңдылықты тірілтейік. Мектеп оқушылары сабақтан тыс уақытта екі білегін сыбанып, ауланы, көшені сыпырса және оны айына бір рет қайталаса, бұдан беделі төмендеп қалмайды. Жапония, Қытай сынды дамыған елдерде әлі күнге дейін бұл үрдіс тоқтаған жоқ. Техника мен технологиясы өркендеген сол елдер неге осы дәстүрді берік сақтап отыр? Өйткені олар бала тәрбиесін бірін­ші орынға қойған. Елінің жарқын болашағы еңбекті бағалайтын, қоршаған ортаға бейжай қарамайтын жас ұрпақтың қолында екенін жақсы біледі. Сондықтан біз де осы мәселеге ерекше ден қойсақ деймін. Осындайда «Тамаша, тамаша емес бірақ-тағы, Бір мезгіл кетпен-күрек ұстамасаң» деген Қадыр Мырза Әлінің өлең жолдары еске түседі.
    Мектепте экология пәні енгізілсе қандай жақсы?! Сонда бала­лар табиғатпен тілдесуді үйренеді. Айналасына жанашырлықпен қарайтын болады.

    – Қоршаған ортамен үйлесім, оның тазалығы үшін күрес ұлттық аядан асып, әлемдік мәселеге айналды. «Таза Қазақстан» акциясы осындай ықпалдастықты арттыратын мүм­кіндіктерге жатады. Тынышбай аға, ғалым ретінде қазір сізді не толғандырады?

    Тынышбай ДОСЫМБЕКОВ:
    – Қазір адамзатты азық-түлік қауіпсіздігі мен қоршаған ортаның ластануы алаңдатады. Оның кері әсері бүкіл ғаламшарға зардабын тигізеді. Шекараларға бағынбайтын шетін мәселені реттеуге күллі адамзаттың араласуы міндетті екенін уақыттың өзі анық көрсетті. Мен «Таза Қазақстан» акциясын ортақ күреске үндеудің құралы ретінде бағалаймын.
    Бүгінгідей әлемдік байланыс болмаса да, біздің бабаларымыз табиғаттың тіршілікке ортақ екенін білді. Білді де, бір Алладан қорқа отырып, өздеріне қатысты міндеттерді мінсіз орындауға тырысты. Олар тіпті шөптің тамырын өкшемен басып бүлдіріп алмауға мән берді. Топырақты тоздырмай, эрозиядан сақтады. Тазалықтың құнын ұққан, қадірін білген. Бес уақыт намаз оқығаны, жуынып-шайынғаны – гигиена тәртібін берік сақтағаны. Әжелеріміздің құлағына күміс сырға тағып, қолына күміс сақина кигенінде үлкен мән бар. Қолдарын салған су сол арқылы залалсызданған. Бактериялар жойылған. Ал жайлауға көшкенде, қыстауда қоқыс қалдырмай тазалаған. Бұл олар үшін ережеге айналған.
    Бүгін технология мен техника ғана дамып қойған жоқ, олар­мен қабаттасып тұрмыстық және биологиялық қалдықтар да көбейді. Қоршаған ортада табиғи тепе-теңдік сақталмауға айналып барады. «Таза Қазақстан» бағдарламасы – осыған қарсы бағытталған заманауи шара. Бұл – жаңғырған сана, жаңарған мәдениет. Басқаша теңеумен бейнелеу мүмкін емес.
    Аталған бастамалар негізінде елдімекендер көріктеніп, табиғат түлеп, қоршаған ортаға деген қамқорлық пен жауапкершілік бұрынғыдан да еселеп артатын болады. Акцияның әр сәті мазмұнды халықтық қозғалысқа ұласуымен ерекшеленеді. Тазалықты сақтау күнделікті өмірдің бұлжымас заңдылығы ретінде қалыптасады деген сенімдемін. Бұл – болашақ үшін жасалып жатқан игі іс. Бұл – таза орта мен дені сау қоғамның кепілі. Менің «Таза Қазақстанға» беретін бағам осындай!

    – Рахмет, аға! Көкейге қонатын тұшымды сөздер айттыңыз. Енді Досым мырзаның пікірін тыңдайық. Жұмыс бабымен талай рет шетелде болған шығарсыз? Сол елдердің тазалық мәселесіне қатысты қолға алған игі істерін көргенде, қандай ой түйдіңіз?

    Досым ЗІКІРИЯ:
    – Қазақта «Таза адам» дегенде, ары да, қолы да, киген киімі мен үйі де тап-таза адамды айтады. Демек, «Таза Қазақстан» деген бастамада айналаны ғана емес, арыңды да, қолыңды да таза ұстау жататын шығар деп топшылаймыз.
    Ал бүгінде текті халықтың ұрпағы сол аяулы салтымызды ардақтай алып жүрміз бе? Бұл – ойландыратын жағ­дай. Өнеркәсіптік төңкеріс басталғалы бері табиғатты аялауды емес, табиғатты аямауды, экомен емес, эгомен өмір сүруді адамзат еркін меңгерді. Соның салдарынан қазір ғаламшар ыңыранып тұр. Алысқа бармай-ақ, кешегі Кеңес кезеңін еске алайықшы. Егер біз тұмса табиғат тазалығын сақтайтын болсақ, айдыны шалқып-тасып жатқан Арал қайда, Жетісудың тау-тасында жайқалған ормандары қайда? Біздің бала кезімізде Алатау мен Кетпентаудың әр сайынан бұрқ-сарқ қайнайтын тентек өзендеріміз бүгін бұғалық түскен асаудай неге жуасып қалған?
    Алматының айналасындағы құ­нарлы жердің бәріне бүгінде жаппай тұрғын үйлер салынып, жанталаса қонысқа айналып жатыр. Д. Қонаев атамыздың кезінде Үлкен Алматы арнасы дәл осы Алматы маңындағы құнарлы жерлерді қаланың «азық-түлік белдеуіне» айналдыру үшін жасалып, аз ғана жылдар ішінде өзін-өзі ақтап шыққан жоба болатын. Ал сол құнарлы жерді неге қонысқа айналдырдық? Яғни, біз экология, табиғи тазалық дегенді ұмыттық. Демек, «Таза Қазақстан» идеясының түп-тамыры – тұратын жер, көшең мен үйдің ғана емес, табиғаттың тазалығын, айналып келгенде, табиғи тепе-теңдікті сақтау. Ол жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізді абаттандыру және көгалдандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бір реттік науқан емес, жалпыұлттық міндет. Мұндай жұмыс үнемі жүргізілуі керек», – деп қадап тұрып айтты.
    Былтыр Қытайдың Сиань, Бейжің, Үрімжі қалаларына барып, айнадай тазалықты көріп, қатты сүйсіндік. Себебі ол елде ондаған жыл бойы таза­лық басты идеология, керек десе­ңіз, мемлекеттің ар-намысы ретінде қар­қынды насихатталып келеді. Түркия еліне жол түскенде ондағы бір жайт назарымызды өзіне аударды. Анкара мен Ыстамбұл арасын көлікпен жүріп өттік. Жолай қып-қызыл тастақ жердің өзінде жайқалған орманды көріп, мән-жайын сұрадық. Жолбасшымыздың бізге түсін­діруінше, әуелі ел үкіметі арнайы бағдарлама жасап, ауыл шаруашылы­ғы ғалымдарын жобаға тартып, қандай жерге не өсетінін асықпай зерттеп шық­қан. Оған қоса, белгілі бір фирмаға жер бөлгенде құнарсыз жерді қосымша беріп, оған орман өсіруге міндеттейді екен. Орманға сол фирма атауын, мәселен, «Хатыра орманы», яғни «Естелік орман» деп жазып қояды екен. Ол орманның жан-жағында фирма жайлы мәлімет түгелдей тұрады. Бұл – екі жаққа да пайдалы іс.
    Әрине, тазалық жағынан еліміздің жағдайы әлем елдерінің ішінде нашар деуге келмес. Дей тұрғанмен, әлі де болса қолға алатын іс көп. Тазалық күнделікті айналаны тазалап тұратын жерде емес, қоқыс тастамайтын елде болады. Ал қоқыс тастамау әрбір азаматтың ішкі мәдениеті арқылы қалыптасады.

    Пікірлесу барысында ауқымды тақырыпты біршама қамти алдық. «Ашық алаңда» айтылған ойларды саралай келе, тағы да ел Президентінің: «Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз», – деген сөзіне жүгінгенді жөн көрдік. Демек, игі жұмыстар жалғаса береді. Уақыт әрқайсымыздан жасампаздықты, тың бастамалар мен нақты іс-әрекеттерді талап етеді.

    «Ашық алаңды» жүргізген – Болат Мәжит

    Соңғы жаңалықтар

    Мектеп парламенті
    25.04.2026
    Нағима апай
    25.04.2026
    Қас-қағым сәттен сыр шерткен
    25.04.2026
    Өнермен өрілген өмір
    25.04.2026
    Тіліміздің тамыры үзілмесін!
    25.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>