Талғар қалалық Мәдениет үйінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Белсенді ұзақ өмір орталығының Талғар аудандық филиалының құрылғанына бір жыл толуына орай «Бірлік пен белсенділіктің бір жылы» атты мерекелік шара өтті.
Шараға орай Мәдениет үйінің кіреберісінде кофе-брейк, қолөнер көрмесі, шахмат, скандинавиялық серуен бұрышы, фотоаймақ ұйымдастырылды. Қызмет алушылардан құралған «Талғар толқыны» вокал тобы халық әндерін орындап, қатысушыларды жылы қарсы алды. Ондағы мақсат – шараға келген қонақтарға орталықтың бір күні қалай өтетінін сезіндіру. Бірінші аймақта бір шыны шай ішіп, көңіліңізді жайландырып, ұлттық сусынымыз – қымыздың сан алуан түрі туралы мәлімет алуға болады. Екінші аймақта еңбек терапиясы белсенділігін алушылардың дайындаған көрмесі ұсынылды. Оның негізгі арқауы – қазақ әйелдерінің бас киімі – кимешектің түрлерін насихаттау, жасалу жолдарын түсіндіру. Үлкен экранда орталықтың танымдық саяхаттары, жетістіктері көрсетілсе, ал бір бұрышта ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақ ойналды.
Иә, шынында да бір жыл бұрын ғана құрылған Белсенді ұзақ өмір орталығының Талғар аудандық филиалы бүгінгі таңда қаншама жан үшін белсенділіктің, шығармашылықтың, өмірге деген құлшыныстың нағыз ордасына айналды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде орталықтың қызмет алушылары өздеріне ұнайтын іспен айналысып, жаңа құрбы, орта тапты, түрлі мерекелік шараларға қатысты. Олар үшін бұл жаңа мекеме арман-мұраты, ниеті мен тілегі бір жандардың ортақ отбасына айналды. Дана бабаларымыздың «жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп тілейтініндей, еліміздің түкпір-түкпірінде ашылып жатқан осындай орталықтар – мемлекетіміздің қарттар үшін жасап жатқан қамқорлығы екені даусыз. Осы бір жылдың өзі ниеттес, тілектес жандарды бір арнаға тоғыстырып, жүздеген жүректе үміт пен сенімнің оты лаулап, өмірге деген құштарлығы қайта оянды.
Сол себепті де қазыналы қарттарымыздың басын қосып, олардың бірлігі жарасып, белсенділігінің артуына ұйытқы болған мекеменің бір жылдығын атап өтуге әрі ізгі ниеттерін жеткізуге келген қонақтардың қарасы қалың болды. Олардың арасында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысы Айдынжан Нарматов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асыл Ваисов, осы басқарманың арнаулы әлеуметтік қызметтерді үйлестіру бөлімінің басшысы Айжан Есжанова, еңбек мобильдігі орталығының басшысы Абылай Зуайда, «АMANAT» партиясы Талғар аудандық филиалының төрағасы Серік Дүмшібаев, облыстық Белсенді ұзақ өмір орталығының директоры Жәния Сақташева, қоғамдық ұйымдар мен мекемелердің басшылары, филиалдардың кеңесшілері болды.
Шара барысында Белсенді ұзақ өмір орталығының Талғар аудандық филиалының кеңесшісі Зорагүл Әбдіқадірқызы баяндама жасап, өткен бір жыл ішінде атқарылған жұмыстармен таныстырды.
– Бұл орталықтағы ата-әжелеріміз өмір бойы жинаған мол тәжірибесін жас ұрпаққа үйретіп, үлгі-өнеге ретінде қалдыруды көздейді. Бүгінгі көрмені де сондай мақсатта ұйымдастырдық. Мысалы, қымыздың 40 түрін арнайы зерттеген Шәрбану Мұқақызы оның емдік қасиетін кеңінен түсіндірді. Осының бәрін кейінгі ұрпаққа жеткізу – парызымыз. Мұны зерттеп жатқан жастар қазір аз. Сонымен қатар бізде еңбек терапиясы деген сабақ бар, онда ұлттық бұйымдар жасалады. Осы сабақта қазақ әйелдерінің бас киімі топтамасын жасап, оны көрмеде ұсындық. Айталық, «хасаба» деген киім туралы көпшілік біле бермейді. Оны ханның әйелі киген. Осындай киім үлгілерін көрсете отырып, оның ерекшелігіне де мән беруді жөн көрдік. Сондай-ақ ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақтан наурыз айында Алатау қаласында өткен сайыста екінші, үшінші жүлдені жеңіп алған әжелеріміз бар. Олар осы орталыққа келгенше бұл ойынды білмеген, екі-үш айдың ішінде үйреніп, осындай деңгейге жетіп отыр. Бұл – біздің қарттарымыздың үйренуден жалықпағанын көрсетеді және олар біз үшін мақтаныш, – деді ол.
Шара барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асыл Ваисов, облыстық Белсенді ұзақ өмір орталығының директоры Жәния Сақташева және облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнара Жошыбаева, Талғар қаласы әкімінің міндетін атқарушы Думан Нұрғазы құттықтау сөз сөйлеп, тиісті мекемелердің атынан белсенді ата-әжелерге Алғыс хаттар табыстады.
Жиын соңы «Әжелер шуағы» ансамблі, «Күміс керуен» би тобы және орталықтың өнерпаздары ұсынған мерекелік концертке ұласты.
Қорыта айтқанда, қысқа уақыт ішінде орталық үлкен жетістікке жетіп, талай адамның өміріне шуақ шашып, жылулық пен үміт сыйлай білді. Бұл жерде олар тек денсаулықты нығайтып, шығармашылықпен айналысып, уақытты тиімді өткізіп қана қоймай, бір-біріне қолдау білдіріп, өзара жанашыр жандарға айналды, талай игі істердің ұйытқысы болып, аға буын өкілдеріне жаңа серпін, дем берді. Содан да болар, орталық – жай ғана мекеме емес, ол – қазыналы қарттарымыздың мейірімге, достыққа, белсенділікке толы екінші үйіне айналды. Сол себепті де бұл мерейтой жай ғана қорытынды кеш емес, алдағы биік белестерге қарай жасалған нық қадам іспетті.
Құтмағамбет Талапбай




