Елімізде көп шоғырланған кейбір этнос өкілдерінің басылымдары жарық көретіні белгілі. Бұл – Қазақстанды мекендеген этностардың тіліне, дініне, дәстүріне көрсетілген ерекше құрметтің белгісі. Осы орайда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен этнос өкілдерінің тілінде шығатын басылымдар туралы баяндасақ.
Қазақстандағы түрік этномәдени орталығының газеті «Аhiska» деп аталады. Басылым аптасына бір рет шығады. Онда экономика, саясат, мәдениет, Ассамблея сынды тұрақты айдарлар бар. Ол 2000 жылдан бері қазақ, түрік, орыс тілдерінде шығып келеді. «Ahіska – Ахыска» Қазақстанның барлық қалаларына таралады. Оған қоса, Түркия, Әзербайжан, Ресей, Украина, АҚШ, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузияға да тарайды. Сол секілді кәріс ұлтының «Коре ильбо» республикалық газетінің де өз оқырмандары қалыптасқан. Ол да аптасына бір рет шығады. Кәріс, орыс тілдерінде басылып, Алматыда беттеледі. Қазіргі атауын 1991 жылы алған. Мың таралыммен шығатын газеттің өз сайты бар. Ол да дәстүрлі басылыммен қоса белсенді жұмыс істеп, ақпарат таратады. Ал «Адабиётвасанъат» республикалық өзбек газеті өзбек, қазақ, орыс тілдерінде басылады. Сол сияқты «Жанубий Қозоғистон», «Сайрам садоси» атты өзбек газеттері бар. «Жйина курд» республикалық күрд газеті жылына бір рет шығып тұрады.
Немістердің «D eutsche allgemeine zeitung» республикалық газеті де сайтымен қоса жұмыс істейді. Апта сайын басылады, соңғы жаңалықтар мен танымдық материалдар, сараптамалар жарияланып тұрады. Олардың бәрі орыс және неміс тілдерінде сайтқа да жүктеледі. «Қазақстандағы немістер», «Білім», «Мәдениет», «Жастар», «Қазақстан», «Германия», «Орталық Азия» атты айдарлары бар.
Аталған басылымдардың арасындағы ең танымалы – «Уйғур авази» республикалық қоғамдық-саяси ұйғыр газеті. Аптасына бір рет шығатын газеттің таралымы басқа ұлттардың басылымдарымен салыстырғанда әлдеқайда көп. Алғашқы саны 1957 жылы «Коммунизм туги» деген атпен шыққан. 1991 жылдан бері қазіргі атауымен жарық көруде. «Уйғур авази» газеті бірнеше республикалық байқаудың жеңімпазы атанған, кадрлық құрамы да жоғары кәсібилік танытып келеді. Жалпы «Уйғур авази» газеті – республика тынысымен өмір сүріп, бұқара назарын өзіне қаратқан басылымдардың бірі. Ұйғыр оқырмандары елімізде болып жатқан өзгеріс, ресми хабарлармен, сондай-ақ шетел жаңалықтарымен осы газет арқылы танысады. Басылымдардың бәрі дерлік еліміздегі маңызды өзгерістер мен жаңалықтарды жазады, түсіндіреді, талдайды. Әсіресе мәдени шаралар мен рухани дүниелерді көптеп береді. Оған қоса, Ассамблея мен оның жұмысы жайлы, халықтар арасындағы достық пен татулық турасында көптеген материал басады. Мұның әрбірін оқып отырған Қазақстан халқы жағымды мағлұмат алып, елдің, әр ұлттың тыныс-тіршілігінен хабардар болып отырады.
Ерзат АСЫЛ



