Күйші Қожеке Назарұлының 200 жылдығына арналған республикалық күйшілер байқауының жеңімпаздары анықталды.
Қонаев қаласындағы мәдениет үйінде өткен өнер жарысына Алматы, Астана қалаларынан, Батыс Қазақстан, Абай, Қызылорда, Жетісу, Қарағанды және Алматы облыстарынан келген 17 өнерпаз қатысты.
Күйшілер байқауын Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырды.
Қазылар алқасының төрағасы, белгілі композитор Ермұрат Үсенов аталған байқау Қожеке Назарұлының күйлерін қайта жаңғыртып, артында қалған асыл мұрасын насихаттауда өзіндік үлес қосатынын айтты.
Үміткерлер байқау шарты бойынша Қожеке күйшінің «Көк төбет», «Мұңлық-Зарлық», «Түрмедегі қинау», «Кеңес», «Қамбархан» атты күйлерін нәшіне келтіре орындады. Сонымен қатар, қатысушылардың сахна мәдениеті мен ұлттық киіміне де баса назар аударылды.
Өнер жарысы өз мәресіне жетті. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Абай облысынан келген өнерпаз Талапхан Ерболат жеңіп алды. Бірінші орынды Бекболат Әбдіберікұлы (Алматы облысы) иеленді. Екінші жүлдені Мүкен Мұхит (Жетісу облысы) пен Әмзебек Елесбүбі (Алматы облысы) бөлісті. Ал үшінші орын Алматы қаласынан келген Сырым Шонбаев және Алматы облысының өнерпазы Ержанат Жарқыннұрға бұйырды. «Шебер» орындаушы номинациясы бойынша Мейірбек Әзімбаев үздік деп танылды. Ал «Көрермен козайымы» Мақпал Нұрқамытова болды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды. Бас жүлде алған өнерпазды облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым марапаттады.
Айта кетейік, күйші Қожеке Назарұлы 1827 жылы Кеген ауданы Қарқара жайлауында дүниеге келген. 1885 жылы Қытайдың Сүйдін түрмесінде қайтыс болып, сол маңдағы Жанбұлақ деген жерге жерленген. Қожеке Ресейдің отарлық езгісіне қарсы ұлт-азаттық көтерілісте қол бастаған батыр болған. Жетісуда күй мектебін қалыптастырған көрнекті тұлғалардың бірі. Алайда күйлері толық зерттелмеген. Ел аузында жүзден аса күйі бар деп айтылғанымен, 30-дан астамы ғана нотаға түскен.