Алатау қаласы “Арна” ықшам ауданында қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған ауқымды көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Игі шараға қала әкімдігі, қоғамдық кеңес мүшелері, дін өкілдері және жергілікті тұрғындар белсенді түрде қатысты.
Атап айтқанда, іс-шараға облыстың бас имамы Мадияр Қажы, Алатау қаласының бас имамы Қуаныш Жұмахан, сондай-ақ Талғар және Іле аудандарының бас имамдары арнайы қатысып, көпшілікпен бірге игі іске үлес қосты.
Жалпы саны 200-ге жуық адам жұмылған, бірлескен еңбектің нәтижесінде “Арна” ықшам ауданында 200 түп ағаш отырғызылды. Бұл бастама қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, жасыл аймақтарды көбейтуге және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Көгалдандыру жұмыстары барысында қатысушылар жоғары белсенділік танытып, табиғатты қорғау мен туған жерге деген жанашырлықтың үлгісін көрсетті. Мұндай шаралар қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға да оң әсер етеді.
Алатау қаласының әкімдігі аталған іс-шараға қатысқан барлық азаматтарға алғыс білдіріп, алдағы уақытта да осындай игі бастамалар жалғасын табатынын атап өтті.



