Қонаев қаласында «AMANAT» партиясының бастамасымен аудандық және облыстық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері мен бастауыш партия ұйымдарының төрағаларына арналған функционалдық құзыреттерді дамыту бойынша үшкүндік семинар өз жұмысын бастады. Оқу бағдарламасы өңірлік басқару тиімділігін арттыруға және халықпен кері байланысты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Семинардың ашылу салтанатында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Серік Нұрқадыров бағдарламаның мақсаты – депутаттардың кәсіби біліктілігін арттыру, өңірлік дамуды басқару, халықпен тиімді коммуникация орнату, бюджеттік және салық саясатының жергілікті деңгейдегі ерекшеліктерін түсіндіру, сондай-ақ саяси науқандарды кәсіби ұйымдастыру дағдыларын жетілдіру екенін атап өтті.
«AMANAT» партиясы орталық аппаратының ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаменті басшысының орынбасары Жандос Қалтаевтың айтуынша, бұл бастама партия төрағасы Ерлан Қошанов таныстырған ауқымды оқыту бағдарламасының бір бөлігі. «Барлық өңірді қамтитын оқу бағдарламасы – бес бағыттан тұрады. Осы үшкүндік семинарда облыстық, аудандық мәслихат депутаттарын, ауыл әкімдерін, өзіміздің қызметкерлерді және басқа да партиялардың төрағаларын оқытатын боламыз. Бағдарлама алты модульден тұрады, онда көшбасшылық қасиет, шешендік шеберлікке мән беріліп, саяси науқандарды ұйымдастыру, коммуникациялық, қаржылық мәселелер талқыланатын болады. Оқыту жүйесі тек теориямен шектелмейді, әр модульден кейін қатысушылар тест тапсырып, білімін дәлелдеуі тиіс. Бағалау талаптары да нақты, яғни, тест 20 сұрақтан тұрады, кемінде 50 пайыз дұрыс жауап берілуі қажет», – дейді Жандос Қалтаев.
Жалпы алғанда, бұл бастама партияның ішкі кадрлық жүйесін жаңғыртып қана қоймай, жергілікті басқару сапасын арттыруға, халықпен ашық әрі тиімді диалог орнатуға жаңа серпін бермек. Оқуды сәтті аяқтаған қатысушыларға сертификат табысталып, болашақта кадрлық резервке енгізу мүмкіндігі қарастырылған. Семинар – партияның кадрлық әлеуетін күшейтуге арналған кешенді бастамасының алғашқы кезеңі. Бағдарлама үш кезеңнен тұрады. Қазіргі үшкүндік оқу – бастапқы кезең болса, екінші кезең маусым айында жалғасады, ал үшінші кезеңде қатысушылар өз жобаларын қорғап, үздіктер іріктеледі.
Ерзат АСЫЛ



