Ана тілі – әр халықтың жүрек соғысы, жандүниесінің айнасы, ұлт ретінде сақталып қалуының басты кепілі. Қазақ үшін тіл – тек сөз құралы емес, ол – бабадан қалған аманат, ғасырлар сүзгісінен өткен асыл мұра, ұлттың жаны мен ары. Сондықтан да тіл тағдыры – ұлт тағдыры.
Тарихтың талай тар жол, тайғақ кешуінен өткен қазақ халқы өзінің бай тілін, шұрайлы сөзін, терең мағыналы ойларын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе білді. Жыраулардың жырында, шешендердің сөзінде, ақындар айтысында қазақ тілінің құдіреті айқын көрініс тапты. Дана халқымыз «Өнер алды – қызыл тіл» деп бекер айтпаған.
Бүгінгі күні жаһандану дәуірінің ықпалы күшейіп, ақпарат ағыны шексіз кеңіген шақта ана тіліміздің тағдырына деген жауапкершілік бұрынғыдан да арта түсті. Тіл – тек өткеннің еншісі емес, ол – болашақтың да кілті. Егер біз тілімізді құрметтеп, күнделікті өмірде кеңінен қолдансақ, оның ғұмыры ұзақ болмақ. Ал, керісінше, тілге деген салғырттық ұлттық сананың әлсіреуіне әкелуі мүмкін.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы – тәуелсіздігіміздің ең үлкен жетістіктерінің бірі. Алайда мәртебе қағаз жүзінде ғана қалып қоймай, өмірдің барлық саласында нақты көрініс табуы тиіс. Мемлекеттік мекемелерде, білім беру орындарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, қызмет көрсету саласында қазақ тілінің үстемдігі анық байқалуы – заман талабы.
«Қазақ тілі» қоғамының басты мақсаты – тілдің қолдану аясын кеңейту, оның қоғамдағы беделін арттыру және әрбір азаматтың тілге деген сүйіспеншілігін ояту. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Түрлі мәдени шара, байқаулар, дөңгелек үстелдер, тіл мерекелері ұйымдастырылып, жастардың ана тіліне деген қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Тілді дамыту – тек тіл мамандарының немесе белгілі бір ұйымдардың ғана міндеті емес. Бұл – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы. Әсіресе, жас ұрпақтың бойына ана тіліне деген құрмет пен сүйіспеншілікті сіңіру басты назарда болуы тиіс. Себебі ертеңгі ел тізгінін ұстайтын – бүгінгі жастар.
Тіл тәрбиесі отбасынан басталады. Бала ең алдымен ана тілін ана сүтімен бірге бойына сіңіреді. Сондықтан әрбір ата-ана өз перзентіне қазақ тілінде сөйлеуді, ұлттық құндылықтарды құрметтеуді үйретуі қажет. Ұлттық тәрбие мен тіл – бір-бірінен ажырамас ұғымдар.
Біз қазақ тілін тек ресми жағдайда ғана емес, күнделікті өмірде де кеңінен қолдануға тиіспіз. Дүкенде, көшеде, қызмет көрсету орындарында, достар арасында, қай жерде болсақ та, ана тілімізде сөйлесу – ұлттық намыстың көрінісі.
Қазақ тілінің болашағы жарқын. Себебі оны сақтап қалатын да, дамытатын да – өзіміз. Тек ниетіміз берік, ісіміз нақты болса болғаны. Әрбір азамат «Менің тілім – менің мақтанышым» деген ұстанымды санасына түйсе, қазақ тілі ешқашан өз тұғырынан түспейді.
Қорытындылай келе, тіл – ұлттың тірегі, елдіктің белгісі екенін тағы бір мәрте атап өткім келеді. Ана тілімізді ардақтау – өзімізді құрметтеу. Ендеше, қазақ тілінің абыройын асқақтату жолында бірлесе еңбек етейік!
Лаура Қарасартова,
Кеген аудандық
«Қазақ тілі» қоғамының төрағасы
