Талғар қаласындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Райымбек ауданының Құрметті азаматы, қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия, әлем чемпионатының жүлдегері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Еркін Сайдақовтың жүлдесіне арналған 2011-2012 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында қазақ күресінен республикалық турнир өтті. Оған еліміздің әр аймағынан 11 команда, 250-ге жуық жас балуан қатысты.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне спортшының әріптестері, тәлімгерлері, ұстаздары, қазақша күрестің жанкүйерлері жиналды. 1980 жылы Райымбек ауданында дүниеге келген Еркін орта мектептен кейін Қазақ спорт және туризм академиясына оқуға түсіп, оны 2002 жылы дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша бітірген. Қазақ күресіне деген шексіз сүйіспеншілігі, орасан зор еңбегі мен спорттық талантының арқасында ол үлкен жетістіктерге жетті. Абай атындағы ҚазҰПУ-да сабақ бере жүріп, оның басшылығымен осы университеттің құрама командасы қазақ күресінен ұдайы жүлделі орындарға ие болды.
Еркін Сайдақовтың мектептегі сынып жетекшісі Әуес Тұрлеева оқушысының жақсы мінез-құлқын, білімге құштарлығын, алға қойған мақсатқа жетудегі табандылығын, спорттық сайыстардағы жеңіске деген ерік-жігерін ерекше атап өтті. Сондай-ақ Еркіннің алғашқы бапкері, спорт ардагері Дүйсен Бозбашаев шәкіртінің спортқа деген адалдығына тоқталды. Ал өзінің құрметіне осындай үлкен республикалық турнир өтіп жатқаны үшін ризашылығын білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыс айтқан Еркін Сайдақов қазақ күресі біздің ұлттық брендіміз екенін тілге тиек етті.
Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша 42 келіден +80 келіге дейінгі он салмақ дәрежесінде командалық және жеке жарыста жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. 42 келіде Алматы қаласының балуаны Нұрсұлтан Бақтияр, 46 келіде Жамбыл облысынан қатысқан Нұриман Мұрат, 50 келіде Еңбекшіқазақ ауданының балуаны Нұрасыл Амангелді, 55 келіде Павлодар облысынан келген Нұрәлі Нұрбаев, 60 келіде Іле ауданының спортшысы Бақытжан Ермекбаев, 65 келіде Павлодар облысынан Абылай Жұмаш, 70 келіде Ақтөбе облысының балуаны Мансұр Мұқан, 75 келіде Кеген ауданының балуаны Ақжол Айтпанбет, 80 келіде Алматы қаласының балуаны Мансұр Әбіл, +80 келіде тағы да бір алматылық Айбар Мейрамбай жеңіс тұғырына көтерілді.
Жалпыкомандалық есепте Алматы қаласы І орын, Павлодар облысы ІІ орын, Алматы облысы ІІІ орынды иеленді.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер тиісті дәрежеде медаль, грамотамен марапатталды. Барлығына демеушілердің атынан бағалы сыйлық тапсырылды.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы
