«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында аймақта бірқатар маңызды бастама қолға алынған. Солардың бірі – екі жыл бұрын басталған «Болашақты бірге отырғызайық» акциясы. Жоба негізінде алғашқы жылы – 340 мың, былтыр 350 мың тұқым себілген. Бүгінде оның 60%-дан астамы өніп шығып, мектеп аулаларына отырғызылған.
Аталған акция аясындағы игі шара Іле ауданындағы №24 лицейінде жалғасты. Оған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, оқушылармен бірге Шренк шыршасы, қайың, арша, жиде, бозаша, қарағаш, Сиверс алмасының дәнектерін екті. Сондай-ақ аймақтағы 439 мектептен 360 мыңнан астам оқушы акцияға онлайн форматта қосылды. Марат Елеусізұлы бұл тек көгалдандыру жұмысы емес, жас ұрпақ бойына жанашырлық пен жауапкершілік сезімін дарытатын маңызды жоба екенін айтып, оқушыларға ізгі тілегін арнады.
«Бұл бастама Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасымен тығыз байланысты және өңірімізде жыл сайын дәстүрлі түрде жүзеге асып келеді. Ағаш дәнегін егу, көшетін отырғызу – қоршаған ортаға қамқорлықтың айқын көрінісі. Бұл жұмыстар еңбекқорлық пен ұқыптылыққа тәрбиелейді. Осындай пайдалы шараларға белсенді қатысып, үлгі көрсетіп жүргендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Табиғатты аялау өмірлік дағдыларыңызға айналады деп сенемін», – деді аймақ басшысы. Сонымен қатар білім ордасының аумағына оқушылардың өсірген көшеттерін бірге отырғызды.
№24 лицейдің биология пәні мұғалімі Нүрия Қыстаубаеваның айтуынша, бұл акцияға балалар ерекше қызығушылық танытып, өсімдік әлемінің қыр-сырымен терең танысқан. Оларды бақылап, ерекше күтім жасап, бірнеше жыл ішінде қуантарлық нәтижеге жеткен.
Шара барысында оқушылар экологиялық бағыттағы ғылыми жобаларын таныстырды. Жас зерттеушілердің бірі күн батареясымен қуатталатын көлік жобасын көрсетті. Енді бірі қалдықты тыңайтқышқа айналдырудың тың әдісін зерттеуге кіріскен. Сонымен қатар су үнемдеу, экологиялық әрі қауіпсіз саябақтар мен бекеттер құру бойынша жұмыстарын таныстырған оқушылар да болды.
Осылайша, жеткіншектер бірнеше жыл бойы күтіп-баптаған көшеттерін мектеп айналасына отырғызып, білім ордасының көркін аша түсті. Сондай-ақ тың жобалары арқылы экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтынын көрсетті.
Гүлзат БАЙҚОНЫС
Іле ауданы
