Перейти к содержимому
Главная страница » Қарағаштың қадірлі ұстазы

Қарағаштың қадірлі ұстазы

Ауылымыздағы мектептің тарихы сол білім ордасында табан аудармай еңбек еткен ұстаздардың тағдырымен өлшенеді. Ал шәкірт жүрегінде өшпес із қалдырған, саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған азаматтардың орны әрдайым бөлек. Сондай тұлғалардың бірі – ұлағатты ұстаз, спорт жанашыры, ауыл жастарының рухани тәрбиешісі, менің асқар тауым Асан Таңқайұлы.

Асан Таңқайұлы 1953 жылы Балқаш ауданы Миялы ауылында дүниеге келген. Ол 1960-1970 жылдары Қарағаш орта мектебінде білім алып, мектеп қабырғасынан-ақ спортқа деген бейімімен, алғырлығымен ерекшеленді. Арман қуған жас спортшы 1972 жылы Алматы қаласындағы Дене шынықтыру институтына оқуға түсіп, 1976 жылы аталған оқу орнын тәмамдады. Сол сәттен бастап оның бар ғұмыры туған ауылымен, қасиетті қара шаңырақ – Қарағаш орта мектебімен тығыз байланысқан еді.
1976 жылдан 2016 жылға дейін, яғни қырық жыл бойы Асан Таңқайұлы Қарағаш мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарды. Еңбек кітапшасында бір ғана жазба сақталған жанның өмірлік ұстанымы да, адалдығы да осыдан аңғарылады. Ол үшін ұстаздық жай мамандық емес, өмірлік мұрат болды.
Менің әкем мыңдаған шәкіртке спорттың қыр-сырын үйретіп қана қойған жоқ, ол әр баланың бойына тәртіпті, табандылықты, әділдікті, намыс пен отансүйгіштікті сіңіре білді. Оның сабағында жалқаулыққа орын жоқ еді. Сондықтан да ауыл тұрғындары мен шәкірттері оны ерекше құрметпен «нағыз маман» деп атайтын. Қатал талап қойса да, ұстаздың жүрегі мектепте де, отбасында да әрдайым мейірімге толы болды.
Ұлағатты ұстаздың еңбек жолы Балқаш ауданының спорт тарихымен біте-қайнасып жатыр. Оның жетекшілігімен мектеп оқушылары аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда талай мәрте жүлделі орындарға ие болды. Волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика, қазақша күрес, асық ату сынды спорт түрлерінің ауыл жастары арасында кеңінен дамуына үлкен үлес қосты. Кейіннен оның тәрбиесін көрген шәкірттердің арасынан кәсіби спортшылар, жаттықтырушылар, елге сыйлы азаматтар шықты. Бүгінде олардың бірқатары түрлі салада жауапты қызметтер атқарып жүр.
Әкем үшін спорт тек жарыс немесе жеңіс емес, нағыз өмір мектебіне айналғанын аңғару қиын емес. Ол әр шәкіртіне жеңілуді де, жеңуді де абыроймен қабылдауды үйретті. Өмірдің қандай сынағы болса да, мойымай өтуге баулыды. Сондықтан да оның тәрбиесі – уақытпен өлшенбейтін нағыз құндылық.
Қырық жылдық адал еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ұлағатты ұстаз «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, Бауыржан Момышұлы медалімен, аудандық және облыстық деңгейдегі көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Асан Таңқайұлы тек білікті ұстаз ғана емес, өнегелі әке де бола білді. Ол үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде балалары да әке жолын жалғастырып, ұстаздық қызмет атқарып келеді. Бұл – ұстаздықтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тағылымды жолы.
Әкемнің өмір жолына қарап отырып, оның әр ісінен туған жерге деген адалдықты, елге деген жанашырлықты сеземін. Ауыл балаларының үлкен өмірге сеніммен қадам басуына себепкер болған үлкен еңбегін бір мақала шеңберіне сыйғызуым мүмкін емес. Оның ғұмыры – тұтас бір ұрпақтың естелігі.
Биыл әкем тәрбиелеген шәкірттер бірігіп, ардақты ұстаздарының құрметіне арнайы спорт жарысын ұйымдастырмақ. Бұл – шәкірт жүрегіндегі сағыныш пен құрметтің белгісі деп білемін. Ұстаз еңбегіне деген шынайы тағзым. Осындай игі шаралар арқылы жас ұрпақ спортқа етене жақындап, ауыл рухы асқақтай түспек.
Ұстаздың ең үлкен марапаты – шәкірт алғысы десек, менің асқар тауым сол құрметке әбден лайық жан. Оның есімі ауыл тарихымен бірге жасай бермек. Өйткені ұлағатты ұстаздың өнегелі жолы – кейінгі ұрпаққа мәңгілік үлгі.

Гүлжан МЕЙІРМАНОВА,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
Балқаш ауданы