Перейти к содержимому

«Балқаш бөрісі» анықталды

Жылдағы дәстүрге сай қазақ күресінен «Балқаш бөрісі» аудандық іріктеу турниры өтті. Турнирдің мақсаты – елімізде қазақ күресін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануына ықпал ете отырып, отансүйгіштікке және патриотизмге тәрбиелеу, қазақ күресін ұлттық идея деңгейіне жеткізіп, халықаралық аренадағы беделін көтеру. Сонымен бірге өңірдің кіл мықтылары «Алатау арланы» облыстық турниріне жолдама алады.

Байрақты бәсекеге Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов, қазақ күресінен әлем чемпионы, «Қазақстан барысы» турнирінің күміс, қола жүлдегері Руслан Әбдіразақов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Балқаш аудандық бөлімшесінің бастығы Талғат Бекежанов, Алматы облысының және Балқаш ауданының Құрметті азаматы Сайран Смағұлов, аудандық мәслихат төрағасы Кәдірбек Омаров, ауданның Құрметті азаматы, меценат Мұратбек Бейсебеков, спорт саласының ардагерлері Берік Ақбергенов пен Сайран Нұрайдаров, ауданның Құрметті азаматы Марат Қашқынбаев қатысты.
Тартысты додада 15 ауылдық округтен келген 31 балуан бақ сынады. Төрт кезеңнен құрылған турнирге Самғат Серікбай төрешілік етсе, бас төреші Абылай Дәткер болды.
Турнирдің шымылдығын түрген аудан басшысы өңірдегі спорт саласының даму қарқынына кеңірек тоқталып, балуандарға сәттілік тіледі. Дәл осы сәтте «Балқаш бөрісіне» үміткер балуандар белдесуді бастап кетті.
Боз кілемге алғашқы болып белдесуге Жиделі ауылының балуаны Айдын Айдосұлы мен желтораңғылық Абай Серік шықты. Бұл белдесуде 2006 жылы туылып, «Жас барыс» лақап атымен танылған жиделілік балуан таза жеңіс есебімен қарсыласын сан соқтырса, бұдан соң ақдалалық Назтай Мейрамбек пен Бірлік барысы Абай Әлімханның ойын өрнегін тамашаладық. Екі достың боз кілемдегі белдесу кезінде бір-бірін ұзаққа дейін жеңе алмауы қос балуанның да мықтылығын дәлелдегендей. Соңғы минуттар қалғанда Абай Әлімхан басымдық көрсетті. Айта кетейік, Бірлік ауылының атынан шыққан балуан осыған дейін «Балқаш бөрісі» турнирінің бірнеше дүркін жеңімпазы атанған. Өкінішке орай, ол жартылай финалға өтпеді.
Жарыстың жартылай финалында көкталдық балуан Әлімжан Жұмахметов бақанастық балуан Сағият Серікқалиды ұтса, ал Айбол Айтбай жиделілік балуан Айдын Айдосұлын жеңіп, финалға өтті.
Қола жүлде үшін талас та тартысты өрбіді. Қос балуан жиделілік Айдын Айдосұлы мен бақанастық Серікқали Сағият та Балқаш аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі, ең жас балуандар. Белдесу кезінде екі балуан да өздерінің мықтылығын көрсетіп, ұзаққа дейін бір-біріне дес бермеді. Дегенмен, Айдын Айдосұлы басым түсіп, «Балқаш бөрісі» аудандық турнирінің қола жүлдегері атанды. Ол 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Ақтық мәреде қазақ күресінің қыр-сырын жетік меңгерген, апайтөс балуандар Әлімжан Жұмахметов пен Айбол Айтбай белдесіп, көкталдық балуан соңғы сәтте жартылай жеңіс ұпайымен ұтты. «Балқаш бөрісі» атанып, 200 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Осылайша, турнирде 31 балуанның ішінен оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінген үш балуан облыстық «Алатау арланы» турниріне жолдама алды.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Балқаш ауданы